This resolution is not supported.
ТАРИХ

Астана – әлемнің ең жас елордаларының бірі. Алайда, қаланың қызықты да терең тарихы бар. Астана қаласы орналасқан елді-мекен Ақмола деп аталады. Бұл жерді көшпелі халықтар ежелден мекен етіп, осы топырақта көшпелі елдің мәдениеті қалыптасқан.

Бозақ
Қазақстандық археологтар анықтағандай, Қазақстанның қазiргi астанасы адамдар көне дәуірде мекендеген аумақта орналасқан. Бұл орта ғасырлық ескі Бозақ қаласының ашылуымен дәлелденедi. Бұл қала Еуразияның орталығында мыңдаған шақырымға созылған ұлы дала - Сарыарқаның саяси және рухани орталығы болған.
Қазба жұмыстарының нәтижелері бойынша Бозақ қаласы VIII - X ғасыр аралығында Ұлы Жібек жолы бойындағы бекiнiсі және әскери орда болғаны анықталған. Кейін қыпшақ билеушілерінің ордасына айналып, керуендер мен жолаушылар үшін географиялық бағдар мен діни орталыққа айналған. Үйлері қалалық ұстаханаларда жасалған, күйдірілген кірпіштерден салынған. Бұл жерде сумен қамту мен канализацияның күрделi жүйесi болған екен. Кейінірек XIII-XV ғасырларда қаланың қираған орыны жерлеу орындарына айналған.

Ақмола
1832 жылы Есiл өзенінің жағасындағы Ақмола елді-мекенінде Ақмола қазақ форпосты салынған. Қала мәртебесін алғаннан бастап Ақмола Далалық өлкенiң экономикалық және маңызды коммерциялық орталығы болып қалыптасты. Сол кезде оның халқы шамамен 2000 адамға артты. Арада 30 жыл өткенде қала тұрғындарының саны үш есеге өстi.

Целиноград
Қала өмiрiнің жаңа кезеңі өткен ғасырдың 60-жылдарында басталды: 1960 жылдың желтоқсанында 100 мың халқы бар қала Солтүстiк Қазақстанының тың жерлерiн игеру науқанының орталығына айнала бастады. 1961 жылы Ақмола қаласының аты Целиноград болып өзгертілді. Келесi он жылдықта қалада жаңа өнеркәсiптiк нысандар, білім беру және денсаулық сақтау мекемелері ашыла бастады. Қала одақтас республиканың дәстүрлi облыстық орталығы ретінде дамуын жалғастырды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы бұл қалаға тарихи Ақмола аты қайта берілген еді.

Астана
Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру бірнеше кезеңнен тұрады.
1994 жылдың 6-шілдесінде Жоғарғы Кеңес астананы Ақмолаға көшіру туралы шешім шығарды. Алайда, астананың ресми түрде көшірілуі 1997-жылдың 10-желтоқсанында ғана жүзеге асты.
Астананың Қазақстанның жаңа елордасы ретінде халықаралық таныстырылымы 1998 жылдың 10-шілдесінде болды.
Соған қарамастан Астананың туған күні 6-шілде болып есептеледі. Бұл күні саябақтардан бастап үлкен концерттік залдарға дейін қаланың барлық жерлерінде әртүрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылса, кешкі уақытта отшашумен аяқталады.

Неліктен Ақмола?
Астана – Қазақстанның жаңа астанасы болуының көптеген себептері бар еді. Бұрынғы астана – Алматы – мемлекеттің оңтүстік-шығысында орналасқандықтан, солтүстік және батыс аймақтардан алыста еді. Таулардың жақындығы, көлiк кептелісі, Алматының экологиялық жағдайы жас мемлекеттің астанасы ретінде қаланың дамуына ешқандай мүмкіндік бермеді.
Астана ретiнде Ақмоланың таңдалуына қаланың үлкен аумағы, Қазақстанның орталық өңірінде орналасуы, демографиялық әлеуеті, дамыған көлiк инфрақұрылымы, экологиялық мәселелердiң жоқтығы сияқты факторлар әсер етті.
2015 жылы Астананың халқы 853 мың адамды құрайды. Осылайша, халқы бойынша Астана Алматыдан кейінгі екінші орынды алады. Жыл сайын халық саны 30-40 мыңға өсіп отырады.

Қаланың әлпетi
Биік ғимараттар, жаңа сәулет туындылары Астананы көріктендіре түсуде. Қаланың ғимараттарын жобалауға шетелдік сәулетшілер мен ірі құрылыс компаниялары атсалысқан.
Астана ең жақсы бастапқы жоспарына жасалған байқауда әлемнiң ең белгiлi архитекторларының бiрi, жапондық Кейшо Курокава жеңдi. Басынан бастап құрылысшылардың алдына айқын мiндет қойылды, ол - болашаққа қадам басқан, жайлы, ашық, динамикалық қаланы тұрғызу.
Бiрiншi кезеңде бұрынғы ғимараттар, орталық көшелер реконструкциядан өткізілді. Екiншi кезеңде, астананың сол жағалауындағы жаңа әкiмшiлiк орталығының құрылысы басталды.
2000 жылдың басынан бастап Астана картасында қаланың бірегей бет-бейнесін қалыптастыратын заманауи ғимараттар көрiне бой көтере бастады. Астананың ерекше жерлері туралы «Астананың көрікті жерлері» бөлімінен білуге болады.

ТӘУЕЛСІЗДІК АЛАҢЫ

Өзінің пiшiніне байланысты халық арасында «Пирамида» деп аталатын Бейбітшілік және Келісім сарайы Қазақстан жерiндегі достық пен ынтымақтастықтың, бейбітшіліктің символы болып табылады.
Бейбітшілік және Келісім сарайының ашылуы 2006 жылдың 1 қыркүйегінде өттi. Бұл ғимараттың басты ерекшелігінің бірі – Қазақстан елордасында үш жылда бiр рет өткізіліп тұратын Әлемдік және дәстүрлi дiн басшылары съездінің осында өткізілуі.

Елордада пирамида тәріздес сарай бой көтерсе деген идеяны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2003 жылы Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының І съезінде ұсынған болатын. Нәтижесінде, екінші Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съезі жаңа Бейбітшілік және Келісім Сарайында өткізілді.
Жобаның авторы - белгiлi британдық сәулетші Норман Фостер. Пирамиданың негізі 62x62 м, биіктігі 62 м. Ал пирамиданың төбесі, яғни күмбезі – елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерін суреттейтін 130 ақ көгершін бейнеленген нағыз өнер туындысы танымал суретші Брайан Кларктың витражымен безендірілген.

«Қазақ елі» монументі

“Қазақ елі” архитектуралық-мүсiндiк кешені 2009 жылы ашылды. Кешеннің жалпы аумағы 5,2 гектар, ақ мәрмәрдан құйылған монументтің биіктігі – 91 метр, бұл сан кездейсоқ таңдалмаған, бұл – Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жылдың белгісі. Ал оның басындағы алтын түстес бояумен әрленген алып құс – Самұрық Қазақстанның келешектегі дамуы мен гүлденуін бейнелейді.
Iргетас төрт жақтан елеулі символдық мағына беретін барельефтермен безендірілген. Бірінші барельеф – «Президент және Халық» деп аталады. Оның орталығында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бейнесі мен оның сыртында халықтың бейнесі көрінеді. Монументтің оңтүстік бөлігінде «Қаһармандық» деп аталатын барельеф қазақ халқына тән жауынгерлік рухты, батырлық пен қайсарлықты бейнелейді. Монументтің батыс бөлігінде «Жасампаздық» барельефі орналасқан, ол әр дәуірдегі кезеңдерді, халықтың өркендеуін көрсетеді. Шығыс бөлігіндегі «Болашақ» барельефі ғылымда, мәдениетте және спортта алға ұмтылған Қазақстанның жастарына арналған.

«Әзірет Сұлтан» мешіті

Тәуелсiздiк алаңында орналасқан “Әзірет Сұлтан” мешіті - бұл Астананың заманауи назар аударарлық орындарының бiрi. Бұл - көлемі бойынша Орталық Азияда түркмендік “Түркменбашы” мешітінен кейін екінші орын алады. Мешiт үш жыл салынып, 2012 жылдың 6 шiлдесінде ашылды.
Әзірет Сұлтан - бұл Қазақстандағы сопы, шейх Қожа Ахмет Яссауиға берілген есім, мешіт соның атына осылайша аталған.
Ғимарат 51 метрлік күмбезден тұрады, диаметрі 28 м. Мешiттiң бұрыштарына 77-метрлік төрт мұнара орналастырылған, ал бас күмбездің айналасында сегіз кіші күмбез бар.
Ғимараттың интерьеріне ақ түс таңдалған. Мешiттiң орталық залын ақ бағандар безендіредi. Олар бұл ғажайып туындының әсерін күшейтедi. Дәстүрлi қазақ оюлары ғимараттың ішкі бетін безендіруде қолданылған.
“Әзірет Сұлтан” мешітіне 10 000 адамға дейiн сияды. Ғимаратта дәстүрлі залдардан басқа, дәрет алу, неке қию, құран оқуға арналған залдар мен оқу-ағартушылық топтарға арналған бөлмелер бар.

ОКЕАНАРИУМ

Әйгілі астаналық океанариум «Думан» ойын-сауық орталығында орналасқан. Бұл - мұхиттан 3000 км-ден аса қашықтықта орналасқан әлемдегі жалғыз океанариум. Оның көлемi 3 млн литрді құрайды. Океанариумды жасау үшiн 120 тонна теңiзi тұзы арнайы әкелінген.
Океанариум басты қоймадан және әр түрлi өлшемдегі 11 қоймадан тұратын екi көрме бөлiмдерiнен тұрады. Бұл жерде келушілер әлемнiң түкпір-түкпірінен әкелінген 2000-нан астам су жануарларын көріп, тамашалай алады.
Ең қызықты бөлiгі - бұл 70 метрлiк туннель (жер асты жолы) орналасқан басты қойма. Ол жуандығы 7 сантиметрден тұратын акрилден жасалған. Көрме қоймалары әртүрлі ихтиофауналардың жеке түрлерімен толтырылған. Гидтер келушiлерге теңіз жануарлары мен ерекше балықтар туралы әңгімелейді. Күніне екi рет арнайы мамандандырылған сүңгуiрлер акулаларды қоректендіреді.

САЛТАНАТ ҚАҚПАСЫ

“Мәңгілік ел” салтанат қақпасы 2011 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Тәуелсіздігінің 20-жылдығына орай ашылды. Авторы - сәулетші Сағындық Жамболатов және сәулетші Қанат Қорғанов.
Арканың биіктігі – 21,5 м, ені – 13 м. Әр негіздің төменгі жағында көлемдi мүсiндер орналасқан, олардың әрқайсының биіктігі - 4,4 м. Қария ақсақалдың мүсiнi – бұл даналықтың, халықтың рухани ойларын жеткізушінің символы. Әйел-ананың мүсiнi – ошақтың сақтаушысы, ол Отан-ана, ана тіл, Жер-ана деген құндылықтарды ашады.
Алдыңғы беттің жоғары жағында “Мәңгілік ел” деген жазу жазылған, бұл “мәңгі жасайтын ел” деген мағына береді. Арканың жоғары жағында шолу алаңы орналасқан.

АҚОРДА

Қазақстан Президентiнің резиденциясы «Ақ Орда» 2004 жылдың 24 желтоқсанында ашылды. Бүгінгі таңда ол қала құрылыс ансамблінің композициялық орталығы болып табылады.
Ақ Орда сөзі терең мәнге ие, себебі «ақ» сөзі түрiк мәдениетінің семантикасында ең алдымен «қасиетті» деген мағынаны бiлдiредi. Бұл ұғым аманшылық пен қуанышты, бекзаттылық пен адалдықты, жақсылық пен абыройды бейнелейдi. Мемлекет басшысының резиденциясы үшiн ақ түс негiзгi түс болып табылады: интерьерлерiнде ақ және ақшыл түстер басым келеді.
Ғимараттың жалпы ауданы - 36 мың. м2, биiктiгi – 86 м. Ғимарат монолит бетоннан жасалған, оған құрылыстың заманауи әдiстерi мен алдыңғы қатарлы инженерлiк жабдықтар қолданылған.

ХАН ШАТЫР

Астананың назар аударарлық тағы бiр орыны – «Хат Шатыр» сауда орталығы. Оны белгiлi британдық архитектор Норман Фостер жобалаған.
Орталықтың ашылуы 2010 жылдың 6 шiлдесінде қала күнiн тойлау шеңберiнде өттi. Басты ерекшелігі - ерекше идеясы мен жобаның ауқымы. «Хан Шатыр» – бұл әлемдегі ең үлкен шатыр. Ауданы 127 мың м2, биіктігі – 150 м.
Ғимарат жоғары технологиялық полимерлік жабындымен қапталған болат ванттардың желiлерінен құрастырылған. Бұл жабынның ерекше құрамының арқасында кешеннiң iшкi кеңiстiгi қатты температуралық әсерден қорғалады, ал одан өтетін күн жарығы ғимараттың iшкi жайлылығына жағдай жасайды.
“Хан Шатырдың” ерекше мақтанышы - құрылымның жоғарғы бөлiгінде орналасқан тропиктік климатты, құмды жағажай, оның жыл бойғы температурасы +35 градус болып тұрады. Тiптi, қыстыгүнгi сыртта -35 градус болып тұрған кезде қала тұрғындары мен қонақтарының Мальдив аралдарынан әкелінген құмды жағажайда демалуға мүмкіндіктері бар.

БӘЙТЕРЕК

«Бәйтерек» монументі Астананың ең танымал белгісі болып табылады. «Бәйтерек» – бұл түркілер мифологиясындағы үш әлемді - жер асты, жер үсті мен аспанды байланыстыратын символ.
“Бәйтерек” өз тарихин сақтап қалған, бүгінде тірегі мықты, болашақта өркендеуге ұмтылған Қазақстанды бейнелейді. Одан басқа, бейнелi түрде «Бәйтерек» – әлемнiң ортасы, ал географиялық мағынада ол – Еуразияның орталығы.
«Бәйтерек» 2002 жылы салынды. Бұл ғимаратты салудың идеясы Президент Н. Назарбаевқа тиесілі. Құрылыстың биiктiгi 105 метрді құрайды, 97 м биіктіктегі шыны шардың ішінде әйгiлi қарау алаңы бар, ол Қазақстанның астанасы Астана болған жыл - 1997 жылмен байланыстырылған.
“Бәйтерек” архитектуралық құрылысы бойынша үш бөлiктен тұрады: бiрiншi бөлiк – төменгi қабат, ол 4-5 м тереңдікте орналасқан, ол жерде 7-миметрлік аквариум бар; екiншi бөлiк – Бәйтеректің қаңқасы, яғни екi шапшаң панорамалық лифттер жүретін металл құрылымы; үшiншi бөлiк – диаметрі 22 м, салмағы 300 тонна болатын, «құбылмалы» шыныдан жасалған шар, оның түсі күн жарығына байланысты өзгеріп тұрады және ол ғажайып Самұрық құсының алтын жұмыртқасын бейнелейді.
Ең жоғары қабатында шыны шардың ішінде “Аялы алақан” атты алақанның оттискі бар, оған қол қою - монументке келудің бірден-бір міндетті белгісі болып табылады.