This resolution is not supported.
ТУРИЗМ ТҮРЛЕРІ

Қазақстан экологиялық туризмнен бастап iскерлік туризмге дейін туризмнің барлық түрлерiнің дамуы үшiн елеулi әлеуетке ие. Бұған халқымыздың бай тарихы мен еліміздің аумағында сақталып қалған тарихи ескерткiштер мен археологиялық орындардың жиыны үлкен мүмкiндiк туғызады. Ерекше географиялық жағдайдың арқасында Қазақстаннан адам аяғы баспаған табиғаттың ғажайып бұрыштарын табуға болады.

Бұл туристтiк инфрақұрылым дамуының, визалық режимнің үнемі жетілдіріліп отыруының және басқа да жағдайлардың негізінде жүзеге асады.

Қазақстанда бүгiнгi күні туризмнің келесi түрлерi жетiліп келеді:

- Мәдени-танымдық туризм
- Экологиялық туризм
- Спорттық туризм
- Сауықтыру туризмі
- Діни туризм
- Іскерлік туризм

Археологиялық ескерткiштердің саны, архитектурасы және тарихы бойынша Қазақстан “аспан астындағы ашық мұражай” ретінде таныстырылады. Туристтер Жібек Жолы бойындағы ежелгi қалаларды аралап, Тамғалы петроглифтерін тамашалап немесе сақ заманың обаларымен және Манғыстаудағы әйгiлi мазарлармен таныса алады. Қазақстанның қазiргi өмiрiмен танысу үшін Астана, Алматы, Шымкент, Өскемен және Ақтау қалаларынан жолға шыққан қолайлырақ болады. Қолданыстағы туристтiк инфрақұрылым кез келген бағаға, кез келген талғамға орай өз қызметтерін ұсынады.

Табиғат көріністері бастапқы қалпында сақталып қалған аумақтардың саны мен әртүрлiлiгі экологиялық туризмді ұнататын жандар үшін Қазақстанды ерекше тартымды етіп көрсетеді. Қазақстанның аумағында 12 ұлттық табиғи парк пен 10 қорық жұмыс жасайды.

Орталық Қазақстанның даласы мен көлдері ЮНЕСКО Бүкiләлемдiк мұрасының тізіміне енгiзілген. Оңтүстiк-шығыс пен шығыстағы ландшафттар, флора мен фаунасы әр түрлi таулар мен тау жоталары Еуропадағы атақты Альпі аймағымен салыстырыла алады. Каспий теңізі - әлемдегі ең ірі жабық су қоймасы. Қазақстанның оңтүстік-батысындағы шөлді жерлер фототуризммен айналысатын қонақтарды таңдандыра алады. Қазақстандағы экотуризм, ол сонымен қатар елдің солтүстігіндегі Бурабай көлінің айналасындағы ормандар және тағы басқалар.
Экотуризмді ұнататын жандар үшiн Қазақстанның туристтiк компаниялары мыңдаған маршруттарды әзірлеген, сол жерде табиғи объектiлердi тамашалаудан басқа, көшпенділердің ежелгi тұрмысымен жақын танысуға болады.

Қазақстан спорт туризмі үшiн керемет жағдай жасаған. Еліміздегі спорт туризмінің негізгі бағыттары: тау шаңғысы туризмі, альпинизм, өзендер мен көлдерді аралау туризмі, атты туризм, велотуризм және т.б.
Қазақстанның табиғаты спорттың әр түрімен, соның ішінде экстремалды спорт түрімен айналысуға жағдай жасаған, ал қазақстандықтар өз кезегiнде тиiстi инфрақұрылымның қамтамасыз етілуi үшiн күш салады. Мысалы, Шымбұлақ тау шаңғы курортының трассасы (4б8б гиперсiлтеме) әлемдегi үздік трассалардың бiрі болып саналады.

Қазақстан – бұл емдiк-сауықтыру туризмі үшiн ғажайып орын. Басты ерекшелігі - емдік табиғи ресурстарды - ыстық бұлақтар, емдiк балшықтар, шипалы климатты белсендi қолдану. Қазақстанда қымызбен емдеу, минералды сумен емдеу қолданылуда. Сонымен қатар заманауи жабдықтармен жабдықталған шипажайлар «табиғи базалардың» жанында орналасады.
Денсаулығын нығайтып, демалып, күш жинаймын деушілерге Қазақстанда көптеген демалыс үйлері тұрғызылған. Олар экологиялық таза және әдемі орындарда орналасқан: Алакөл көлінің маңайында, Бурабай және Баянауыл курорттық зонасында, Каспий теңізінің жағалауында, Іле және Жоңғар Алатауы бөктерінде, т.б.

Қазақстанда дiни туризм көбінесі мұсылман дiнінің объектiлерiне қатысты болып келеді. Бұл жерде ислам дінін ұстанушылар мешiттерге, кесенелерге, әйгiлi дiни қайраткерлерге арналған орындарға бара алады. Мысалы, Қожа Ахмет Яссауи және Арыстан Баб кесенесі, Шақпақ ата және Бекет ата жер асты мешіті және т.б.
Қазақстанның қазiргi дiни ғимараттары да назар аудартпай қоймайды. Олардың ішіндегі жауһары - Астананың “Қазақ елі” алаңында орналасқан “Әзірет Сұлтан” мешіті.
Қазақстанда мешіттерден басқа бірқатар тамаша православиелiк шіркеулер де кездеседі, олар: Алматыдағы Вознесенский кафедралы соборы, Астанадағы Успенский кафедралы соборы, Өскемендегі Свято-Троицкий храмы, Семейдегі Воскресенский соборы және т.б.
Елдің оңтүстiк-шығысы мен Алтай өңірінде Қазақстан аумағында буддизмнің болғандығын көрсететін объектiлер бар.

Iскерлік туризм жыл сайын Қазақстанның ең iрi қалаларына қонақтардың назарын аудартып келеді. Бұл қатарға ең алдымен Астана, Алматы және Атырау қалалары кіреді. Бұл жерлерде шетелдiк бизнес-туристтерді қызықтыратын түрлi-түрлi аймақтық және халықаралық конференциялар, басқосулар, симпозиумдар өткізіліп тұрады.
Туризмнің бұл түрiн дамыту үшiн қалаларда туристердің әр түрлi топтарына бағытталған қонақүйлер тұрақты тұрғызылады: ең белгiлi әлемдiк мейманханалық желiлердiң бес жұлдызды қонақүйлері, жайлы шағын қонақ үйлер, сонымен бiрге қарапайым хостелдер.

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН

Шығыс Қазақстанда таулы жерден шөлге дейін, қылқан жапырақты ормандардан шексiзге ми далаға дейін табуға болады. Сонда да, шығыстағы негiзгi табиғи ландшафттар – таулар. Тап осы жерде елдiң бірқатар негiзгi тау жоталары орналасқан, сол себепті бұл дүние жүзi туристерiн қызықтырады. Қыс мезгілінде бұл жерде елімізде және Ресейдiң таяудағы аудандарында танымал «Алтайлық Альпылар» деп аталатын тау шаңғысы базасы жұмыс жасайды.

Шығыс Қазақстанның көрікті жерлеріне Семей және Өскемен қалалары арқылы жеткен дұрыс. Бұлар - Шығыс Қазақстан облысының әуежайы бар ең iрi қалалары, сондықтан бұл аймаққа оңай жетуге болады.

Зайсан

Зайсан көлі – Шығыстағы ең үлкені. Зайсанға Өскемен арқылы да, Семей арқылы да жетуге болады.
Зайсан – ұзындығы 100 км, ені 30 км және орташа тереңдігі 8 м құрайтын тұщы сулы көл. Зайсанға мына өзендер құяды: Қара Ертiс, Көкпекті, Жарма және басқалары және бір ғана өзен ағып шығады, ол - Ертiс.
Зайсанда балықтың 23 түрі кездеседі, оларды 17-сі кәсіптік балықтарға жатады. Сондықтан бұл балық аулаушыларды көп қызықтырады. Зайсан қазақстандық көлдердiң арасында ең ежелгілердің бiрi болып саналады. Оның басты ерекшелiгi - кешкi жұлдыздар пайда болған кезде, көл бетінде сазды әуен пайда болады.

Алакөл

Алакөл – Қазақстанның ең әдемі көлдерiнің бiрi. Ол Жоңғар Алатауының солтүстiк-шығыс өлкесiнде, Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының шекарасында орналасқан. Сондықтан бұл жерге екі жолмен жетуге болады: біріншісі - Семейден көлдің солтүстік жағасына дейін, бұл жерге тікелей автобустар жүреді; екіншісі - Алматыдан автомобилдiк жолмен көлдің оңтүстік жағасына дейін.
Алакөл – нағыз «дала теңiзі», оның ұзындығы - 104 км, ені - 52 км, ал максималды тереңдiгі – 45 м. Көл суы - тұзды.
Көлдiң орталық бөлiгiнде үш арал орналасқан. Бұл жерде 1998 жылы түрлi флорасы және фаунасы бар Алакөл мемлекеттiк қорығы құрылған.
Көлдiң басты байлықтарының бiрi - емдiк балшық.
Алакөлдің оңтүстік жағалауында туристтiк инфрақұрылым жақсы дамыған, сондықтан бұл жер туристердің демалысы үшiн қолайлы болып табылады. Тиiстi инфрақұрылым солтүстiк жағалауда да дамып келеді.

Рахман қайнары
Рахман қайнары – Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай ауданындағы шипалы жылы су көзi бар сауықтыру орталығы.
Қатон-Қарағай - Қытаймен және Ресеймен шектесетін, сонымен қатар, Моңғол елінен 100 км-ден кем жерде орналасқан, Қазақстандағы ең iрi ерекше күзетiлетiн табиғи аймақ.
Рахман қайнары екi әдемі көлдiң аралығында, теңiз деңгейiнен 1750 м биiктiкте орналасқан. Бұл орындардың жер асты өзендерінде шипалы радон – граниттiң сирек кездесетін минералдарында болатын, радиоактивтi элементтердi ыдырататын өнiмдер бар. Шипалы жылы су буын ауруларын, омыртқа және жүйке жүйесi мен тері ауруларын емдеу үшiн пайдаланылады.
Жергiлiктi аңызға сәйкес, бұл ыстық бұлақты 1763 жылы маралды жаралап алған кезде Рахман немесе Рахманов деген азамат тауып алған. Әлсiзденген жануар бұл қайнарға барып, одан аман-сау шыққан.
Рахман қайнары Өскемен қаласынан 450 км жерде орналасқан. Бұл қаладан аталған орынға дейін хабарлауы бар тіке автобус жүреді.

АЛМАТЫ

Алматы – 70 жыл бойы Қазақстанның астанасы болған елдiң ең iрi қаласы. Қазіргі таңда Алматыны «Оңтүстік астана» деп те атайды. Шын мәнінде, қарқындылығы, экономикалық, қоғамдық және мәдени өмiрi жағынан – бұл - астаналық қала.
Алматы Іле Алатауының етегiнде орналасқан, сондықтан ауа райы ашық болған кезде, қаланың кез-келген нүктесiнен тау шыңдарын көруге болады. Географиялық жағдайы бойынша қала жоғарыдан төменге қарай орналасқан. Сондықтан алматылықтар қаланың бағдарын білдірген кезде, «жоғары» және «төмен» ұғымдарын жиі қолданады.

Тарих
Алматы қаласының орналасқан аумағы ежелгi замандардан бері әр түрлi халықтар мен тайпалардың белсендi өмiр сүрген орыны болған. Дәл осы өлкеде кезiнде сақтар өмір сүрген. Археологтар олардың обаларын қаланың маңайынан, тіпті қала аумағынан да тапқан.
Алматының қазiргi тарихы 1854 жылдан басталады, сол жылы Ресей империясының билiгi, бұл аумаққа әскери бекініс салу шешім қабылдап, оған Верный атауын берген.
1921 жылы кеңес өкiметi кезінде Верный қаласының атауы Алматы (орысша құжаттарда - Алма-Ата) деп өзгертілді.
1929 жылы осы уақытқа дейін Қызылорда қаласында болған Қазақ АССР-ы астанасы Алматыға көшілірді. Кейін 1936 жылдан бастап Алматы Қазақ Кеңес Социалистiк Республикасының астанасы болды. 1991 жылы Қазақстан тәуелсiздiгін алған жылы Алматы атанды.
Бұл атақты 1997 жылы Астанаға берсе де, Алматы елдің маңызды ғылыми, мәдени, өндiрiстiк, қаржылық орталығы болып қала береді. Қазақстанның барлық қонақтары үшiн Алматы саяхаттың маңызды орны болып есептеледі.

Көрікті жерлері
Көк-төбе – теңiз деңгейiнен 1100 м биiктiкте орналасқан, қаланың аумағындағы тау. Таудың етегiнде 350-метрлік телемұнара қойылған. Егер теңiз деңгейiмен есептер болсақ, онда бұл әлемдегі ең биiк мұнара.
Көк-төбеге әуе трамвайы арқылы арқан жолмен, жаяу немесе арнайы микроавтобуспен көтерілуге болады. Оның шыңынан қала мен оны қоршап тұрған таулар өте әдемі көрінеді.
Көк-төбе аумағында алма пiшiнiнде жасалған "Арман субұрқағы", балалар қалашығы, хайуанаттар бағы, көркем галерея, шайхана және басқа да көптеген нәрселер бар.
Батыр-панфиловшылар паркі. Ескi қаланы орталығында, қаланың төменгі жағында орналасқан ескі парктердің бірі. Парк 1941 жылы Мәскеу қаласын қорғауға белсене араласып, жауды жою жолында ерлікпен қаза тапқан, генерал-майор Иван Панфилов басқарған 316-шы атқыштар дивизиясы жауынгерлеріне арналған.
Парктiң аумағында мәскеулiк Кремльдiң қабырғасын кеудесiмен жауып тұрған панфиловшылардың бейнелері көрсетілген Даңқ Мемориалы қойылған. Мемориалдың бiр бөлiгi - мәңгiлiк алау. Бұдан басқа, паркте кеңес әскерінің үздігі, қайраткер, генерал Панфиловқа, дивизия жауынгерлеріне, соның ішінде жазушы Бауыржан Момышұлына, ауған соғысында қаза тапқан сарбаздарға арнап ескерткіштер қойылған. Сонымен бiрге, паркте қала қонақтары Қазақ халық музыкалық аспаптар музейі мен Вознесенский соборын тамашалай алады.

Панфиловшылар паркінің орталығында орналасқан Орыс православиелiк шiркеуiнің Вознесенский кафедралы соборы 1907 жылы салынған. Бұл бірегей ғимараттың (сәулетші-құрылысшы А.П. Зенков) биіктігі 56 м-ді құрайды. Собордың темiр крестері бар 6 басы бар (кеңес уақытында әшекейлері түгелдей жойылған, қазір собор шiркеуге қайтарылғаннан бері әшекейлерді қазіргі суретшілер жаңадан салған).
Бұл - әлемдегі ең биік ағаш ғимараттардың бiрi және әлемдегі ең биiк православиелiк ағаш ғибадатхана. Басты күмбездегі крестiң жоғарғы нүктесі 39,64 м-ді құрайды, сол тәрiздi қоңыраудың жоғарғысы – 46 м. Сыйымдылығы - 1,8 мың адам.
Ғимараттың басты ерекшелігі - бiртұтас шегесіз салынған ғимараттың өте қатты жер сілкіністеріне шыдамдылығы. 1911 жылы 10-балдық жер сiлкiнiсi болып, бүкіл қала қираған кезде, собордың тек қана күмбез кресi майысқан. Осылайша, ғимарат қалададағы жер сiлкiнiстерiнің барлығына шыдаған.

Қазақстан тәуелсiздiгiнің монументі – Алматыдағы Республика Алаңындағы (тұрғындар оны «Жаңа алаң» деп атайды) ескерткiш. Ол 1996 жылдың 16-желтоқсанында Президент Н.Назарбаевтың жарлығына сәйкес ашылған.
Кешен шыңында 6-метрлік «Алтын адам» (Алматы қаласының маңайындағы Есік обасынан табылған сақ жауынгерінің бейнесі) мүсіні бар, 28-метрлік стеладан тұрады . Жауынгердің мүсіні қанатты барыстың арқасында орналасқан.
Стеланың етегінде мүсiндiк топ жасалған, олар: “Дана-Аспан” және “Жер-Ана” аллегориялық фигуралары және құлындардың үстінде отырған екі бала. Стеланың екi жағына жартылай шеңбермен 10 барельеф қойылған, ол ежелгi замандардан бiздiң заманымызға дейінгі Қазақстанның тарихын бейнелейді.
Алматы қонақтары оңтүстік астананың музейлерін тамашалай алады. Олардың ең қызықтысы, жоғарыда аталып өтілген Қазақ халық музыкалық аспаптар музейінен басқа, Қазақстан Республиканың орталық мемлекеттiк музейі және Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттiк өнер музейі .
Театр өнерін жақсы көретіндер көптеген алматылық театрларға бара алады. Солардың ішіндегі ең танымалдары:
- Абай атындағы Мемлекеттiк академиялық опера және балет театры,
- М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттiк академиялық театры,
- М. Лермонтов атындағы Мемлекеттiк академиялық орыс драма театры.
Алматы маңайында көптеген табиғи және тарихи ескерткiштер орналасқан. Ол жерлерге қаланың туристтiк фирмалар қызметтерiн пайдаланып баруға болады. Олардың арасында: Медеу мұз айдыны, Шымбұлақ тау шаңғы курорты, Үлкен Алматы көлi, Түрген шатқалы, Есік обасы және тағы басқалар.

АЛМАТЫ ТӨҢІРЕГІ

Алматы қаласы орналасқан Қазақстанның оңтүстiк-шығыс аумағы – туристтiк маршруттардың барлық түрінің бастауы. Танымдық туризмді ұнататындар екі мың жылдық тарихы бар тарихи ескерткiштермен таныса алады, экологиялық туризммен айналысатындар өзгермеген табиғи ерекше ландшафттарды көре алады. Спорт туризмін қолдайтындар үшін, бұл жерде спорттың барлық түрімен айналысуға болады. Атап айтқанда: тау шаңғысы спорты, велотуризм, альпинизм, рафтинг.
Бұл аймақтың барлық көрікті жерлеріне Алматы қаласынан аттану ұсынылады. Қаланың туристтiк фирмалары талғамға байланысты әртүрлі маршруттар әзірлеп қойған. Саяхатқа өздігінен аттануға ниет білдірген туристер болса, жолды “Оңтүстік астанадан” бастаған өте дұрыс, себебі барлық көлік сол қаладан жүреді.

Биiк таулы Медеу мұз айдыны

Медеу мұз айдыны көптеген жылдардан бері Алматының басты назар аударарлық орындарының бiрi болып табылады. Ол қаладан 15 минуттық жерде орналасқан.
Медеу теңiз деңгейнен 1691,2 м биiктiкте орналасқан. Мұздың бетi 10,5 мың шаршы метрді алып жатыр. Сондықтан ол - әлемдегі қысқы спорт түрлеріне арналған биік таулық спорт кешендерінің ең үлкені.
Биік таулылық және мұз қатыру үшін пайдаланылатын ең таза тау суы конькимен жүгіру спортында жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік тудырады, барлық уақыт ішінде, барлық қашықтықта бұл жерде ерлер мен әйелдер 200-ден аса әлемдік рекордты жаңартты. Алматының сырғанағы «рекордтар фабрикасы» деген атауға ие болды.
Мұз айдынының жанында тасқынға қарсы қойылған бөгет бар. Ол Іле Алатауы шыңдарында пайда болатын сел ағындарынан қаланың қорғауы үшiн салынған.
Бөгет 3 деңгейден тұрады. Шыңға қала тұрғындарына және туристерге жақсы таныс баспалдақ арқылы шығады, ондағы саты саны - 842.

Таушаңғылы курорт Шымбұлақ

Медеудің жоғарғы жағында – теңіз деңгейінен 2260 м биіктікте – Іле Алатауының жанында атақты таушаңғылы курорт Шымбұлақ орналасқан. Алматыдан Шымбұлаққа 20-30 минутта жетуге болады.
Курорт 1954 жылы құрылған. 1950-шi жылдың ортасынан бастап Шымбұлақ кеңестік тау шаңғышыларының жаттығу базасы болды, бұл жерде КСРО және Қазақстан чемпионаттары өткізілді. Бiрнеше масштабты қайта құрудан өткен курорт туристерге жоғары дәрежеде қызмет көрсетеді. Шымбұлаққа шартараптан туристерді шақырып тұратын ерекшеліктер – оның жолдарының әралуан бағыттылығы, олардың арасында шаңғы тебуді жаңадан бастағандарға ыңғайлы жұмсақ және құлама емес еңістер, дайындығы бар шаңғышылар үшін қажет ұзақ жолдар, жылдам құлдырауға арналған ФИС-жолдар, сноубордшыларға арналған half-pipe, кәсіпқойларға арналған қауіпті оралымдар және могулға бейімделген арнайы жол. Шымбұлақтың тау шаңғы трассалары Тау шаңғы спортының халықаралық федерациясымен (FIS) аттестатталған. Шапшаң түсу трассасы мен алып жолдар әлемнiң ең күрделi трассаларының ондығына кiредi.

АЛТЫН ЕМЕЛ: Әнші шағыл, Ақтау таулары, Тамғалы-Тас

Алтын Емел мемлекеттiк ұлттық табиғи паркі Алматы облысының аумағында, Алматы қаласынан 150 км жерде орналасқан. Жолға шамамен 4-5 сағат кетеді.
Парк Іле өзенiнің оң жағында, Қапшағайдың солтүстiк бiр бөлiгiн, Ақтау, Қатытау тауларын қамтиды.
Бұл - ерекше фауна мен флораға бай Қазақстанның iрi қорығы (сілтеме – 5-б, 7-т – Фауна). Алтын Емел аумағында тек Алматы облысының ғана емес, барша Қазақстанның көрікті жерлері орналасқан.

Әнші шағыл

Әнші шағыл – Іле өзенінің оң жағында орналасқан, Алтын Емел паркінің басты көрікті жері. Ұзындығы 2-3 км, биiктiгі – 120 м болатын бұл құмды дөң құрғақ ауа райында әуенді дыбыс шығарады. Сол себепті де "Әнші шағыл" деп аталып кеткен («Әнші бархан» да деп атайды).
Бұл "әндер" бiрнеше шақырымдардан естіліп тұрады. Құм ұнтағы бір-біріне жанасқанда, дыбыс дүниеге келедi: ескен жел жай дауыс берсе, күштi екпiндер қатты дыбыс береді.
Құмның былқылдақтығына қарамастан, шағыл көшiп жүрмейдi, ол бірнеше мың жылдықтан бері «Алтын Емел» аумағында жатыр. Аңыз бойынша, ұлы Шыңғыс хан мен оның сенімді жауынгерлерi шағыл құмның астында жерленген, хан «өзінің ерлiктері туралы ұрпағына баяндаған кезде", құм ән салады.

Тамғалы-Тас

Тамғалы-Тас (оны ЮНЕСКО Бүкiләлемдiк мұралар тізіміне қосылған Тамғалы кешенімен шатастыруға болмайды (сілтеме 8-б, 8-т – ЮНЕСКО Объектілері) - Алматыдан 170 км жерде, Іле өзенінде, Қапшағай су қоймасына жақын жерде орналасқан.
Ол көптеген суреттер сақталған үлкен (60 м-ге дейін) жартастардан тұрады.
Петроглифтердің ішінде Будда мен бодхисаттарды бейнелейтін тастарды қосқанда, мыңдаған жартастық суреттер бар. Буддистік жазулар мен суреттерден басқа, шамамен қыпшақтардан қалған VIII - IX ғасырлардағы руна жазулары да кездеседі. (сілтеме – 3-б, 6-т – Ерте орта ғасыр).
Тамғалы-Тас мәдени ескерткіш ретінде Қазақстан үкіметінің қорғауына алынған.

Ақтау таулары

Ақтау таулары – Алтын Емел паркінің тағы бір жауһары. Бұл тауларды ерекше бояуына байланысты, «айлы» деп те атайды.
Ақтау – 400 миллион жылдан бері келе жатырған бор таулар, таулар негізінен ақ түсті, бірақ бұл жерде көгілдір, қызғылт, қызыл, жасыл шатқалдар да кездеседі. Олардың барлығы тауға ерекше басқа планеталық көрік беріп тұрады. Мұндай ерекшеліктің себебі – тау ландшафты бұрын теңіз түбінде болып, кейін құрғап қалған.

Түрген шатқалы

Түрген шатқалы Алматыдан 90 км жерде орналасқан. Бұл - ыстық бұлақтарға, сарқырамаға, көлдерге бай табиғаттың ғажайып бұрышы. Бұл жердің ерекше табиғаты қылқан жапырақты ормандар мен биiк тау шалғындарын сабақтастырады.
Шатқалда керемет сарқырамалар бар. Мысалы: Аю сарқырамасы өзінің 30-метрлік биiктiгімен ерекше болса, Бозгүл сарқырамасы туннельдi жартасты тесiп шыққан, суының қуатты ағынымен белгiлi. Шатқалдағы жартастарда мұз дәуіріне дейінгі өсiмдiктердiң таңбалары сақталған.
Шатқалдың ең әйгiлi орыны – Ботан станциясы. Бұл жерде үш өзеннің қосылуынан шатқал ең көп тереңдікке – 920 м-ге жетеді.
Сонымен бiрге, Түрген шатқалында балықты аулап, пісіретін бахтах (форель) шаруашылығы бар.

Есік обасы

Қазақстанның және Орта Азияның ең әйгілі Есік обасы археологиялық ескерткіші Алматыдан небары 50 шақырым жерде орналасқан. 1969 жылғы Есік өзенінің жағалауындағы қазба жұмыстары кезінде табылған бұл қорғанның биіктігі 6 метр ал диаметрі 60 метрге дейін жетеді.
Шамамен б.д.д. IV ғасырға жататын ескерткіште жерленген ер кісі тиграхауда-сақтары басшыларының бірі болып саналады.
«Алтын жауынгердің» үстінде алтын қапсырмалармен өрнектелген сауыт, белінде таза алтыннан жасалған қаруы, ал басында ұзындығы 70 см жететін шошақ басты бөркі болған (оның тиграхауда сақтарына жататыны сол бөріктің арқасында анықталған екен). Сауыт сақ қолөнершілеріне тән «аңдық стилде» жасалған 4 мың әшекей-символдардан құралған.
«Алтын жауынгердің» көшірмелері Алматы және Астана қалаларының мұражайларында орнатылған.

Шарын шатқалы

Көркемдігі жағынан АҚШ-тың Колорадо штатындағы әлемге әйгілі Гранд-каньон шатқалымен салыстырылатын Шарын шатқалы Алматының шығысына қарай 195 шақырым жерде, Қытай шекарасына жақын Шарын ұлттық саябағында орналасқан.
Шатқал 30 млн жыл бұрын жер қыртысының жарылуы нәтижесінде пайда болған. Шатқал рафтингпен айналысу үшін өте ыңғайлы Шарын өзенінің бойымен солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 154 км-ге созылған. Тік жартастар мен аркалардың ұзындығы 150-300 метрге дейін жетеді.
Су жырып кеткен формалар мен желге мүжілген жер бедері шынымен де ертегідегідей табиғат суретін тудырған.

Үлкен Алматы көлі

Бұл – Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 28,5 км қашықтықта, Үлкен Алматы өзенінің аңғарында, теңіз деңгейінен 2511 м орналасқан тау көлі.
Үлкен Алматы көлі жер сілкінісінің нәтижесінде пайда болған. Оның ұзындығы - 1600 м, ені – 1000 м. Жағалық ұзындығы - 3 км, ал тереңдігі – 38 м.
Көл жан-жағынан таулармен қоршалған, олардың қатарында Совет (теңіз деңгейінен 4317 м биіктікте), Озерный (теңіз деңгейінен 4110 м) шыңы және Турист (теңіз деңгейінен 3954 м) шыңдары бар.
Көлдің жағалауы тік және құлама, суы жаз айларында да суық. Жыл мезгілдеріне байланысты судың беті әр түрлі түстермен боялады: жаз айларында сарғыш-жасылдан қыс мезгілінде көгілдір аспан түсінен көк түске дейін.
Көлдің жоғары бетіндегі алқапта Тянь-Шан астрономиялық обсерваториясы орналасқан (өзеннен 2 км жердегі 2700 м биіктікте).

Көлсай көлдері

Көлсай көлдерінің жүйесі шамамен Алматы қаласынан шығысқа қарай 300 км қашықтықта орналасқан. Бұл көлдерді Солтүстік Тянь-Шанның маржаны деп те атайды. Қарағайлы тау бөктерімен қоршалған үш көлден тұратын жүйе Күңгей Алатауының баурайында орналасқан.
Бірінші көлдің ұзындығы – 1 км, ол 1818 м биіктікте орналасқан. Оған жол салынып, конақ үйлер мен мен кэмпингтер орналастырылған.
Орта Көлсай көлі (2252 м) – ең үлкен әрі көркем. Ол бірінші көлден 5 км жоғары орналасқан. Үшінші көл – жоғары Көлсай деп аталады. Ол 4 км әрі қарай және 600 м жоғарырақ орналасқан.
Төменгі екі көл көгілдір шыршалармен, биік тау алқабындағы көгалдармен, таулы жайылымдармен айнала қоршалған. Жоғарғы көл жартастардың ортасында орналасқан. Көлсай көлдері терең деп айтуға болады. Біріншісінің тереңдігі 80 м болса, екіншісінікі 50 м дейін жетеді.

Қайыңды көлі

Күңгей Алатауының аңғарындағы туризмнің ең танымал орны. Су температурасының төмендігіне қарамастан, Қайыңды көлі дайвингпен айналысатындар үшін таптырмас орын. Көлдің ең басты көрнекілігі – суда өсіп тұратын шыршалар. Бұл көл қылқанжапырақты өсімдіктер орманын су басқан 1910 жылғы жер сілікінісінің нәтижесінде пайда болған. 2014 жылғы өлшем бойынша су айдынының ең төмен жері - 21м.

Хан –Тәңірі

Хан – Тәңірі шыңы - Қазақстанның ең жоғарғы нүктесі, оның биіктігі теңіз деңгейінен 7015 м (мұзды жамылғысын есептегенде).
Хан – Тәңірі шыңы Орталық Тянь-Шаньның шығысындағы Тәңірі-Тақ жотасында орналасқан. Әлемдегі ең әдемі шыңдардың бірі, оның төрт қырлы пирамида іспеттес формасының бір жағы мәрмәр қабырғамен безендірілген.
Қытай шекарасына жақын орналасқандықтан, бұл аймаққа өту үшін арнайы рұқсат қағазы талап етіледі, сондықтан да туристік агенттіктердің қызметіне жүгінген абзал.

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН

Оңтүстік Қазақстан - Отанымыздың көптеген тарихи және мәдени мұра ескерткіштері шоғырланған аумақ. Бұл жерде ежелгі қалалар, кесенелер, ғибадат орындары орналасқан. Көптеген ғасырлар бойы осы жерлермен Қытайдан Еуропа мен Таяу Шығысқа, атақты Жібек жолы арқылы керуен жолдары өтті. Оңтүстік Қазақстанның көрікті жерлеріне Оңтүстік Қазақстан облысы орталығы Шымкент қаласы арқылы, немесе Жамбыл облысы орталығы Тараз қаласы арқылы өтеді.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Қазақстанның оңтүстігі, Түркістан қаласында орналасқан, 1385-1405 жылдары Әмір Темірдің бұйрығымен салынған, сәулет өнерінің жауһары. Кесене ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген. Сонымен бірге кесене кешенінде бірқатар атақты қазақ хандар жерленген болатын, себебі Түркістан ұзақ уақыт бойы Қазақ хандығының саяси және рухани астанасы болған.

Айша-Бибі кесенесі

Айша-Бибі кесенесі – X-XII ғасырлардың сәулет өнерінің ескерткіші, Тараз қаласынан 18 км қашықтықта Айша-Бибі ауылында орналасқан.
Аңыз бойынша, Айша-Бибінің құрметіне кесене салдырған Қарахан ханның сүйіктісі. Кесенесінің бастапқы құрылымы – текше. Оның төрт бұрышында жаппай бағандар орналастырылған. Кесененің сызбаларында Андронов және сақ тайпаларының өнер тамыры, геометриялық және күн бейнесі, соның ішінде Қазақстанның ежелгі тайпаларының дәстүрлі сәндік өнері біріктірілген.

Арыстан баб кесенесі

Арыстан баб кесенесі - XII ғасырда өмір сүрген діни көріпкел мазарының үстіне салынған ғимарат. Кесененің бірінші құрылысы XIV-XV ғасырға жатады. Одан Айван кесілген ағаш бағандары (ғимараттарда күмбез бөлме) сақталған. Жер сілкінісінен қираған көне мазарлар орнына XVIII ғасырда салынған. Ол екі кесілген ағаш бағандар арқылы сүйеніп Айван екі күмбезді құрылымынан салынған. XVIII ғасырда құрылыс ыдыраған және 1909 жылы қалпына келтірілген болатын. 1971 жылы апаттық жағдайға әкелген судың деңгейі салдарынан мешіт бұзылып, кейін қайта тұрғылызды. Ғимараттың беткі бөлігіне алебастрдан жасалған сұйықтыққа қайнатылған кірпіш салынды.
Қазіргі уақытта, кесене Орталық Азиядағы мұсылмандар үшін табыну орны ретінде саналады. Аңыз бойынша, Арыстан баб Мұхаммед пайғамбардың серігі және төрт ғасыр өмір сүрген Қожа Ахмет Яссауидің рухани жол салушысы болып саналады.

Ақсу-Жабағылы

Ақсу-Жабағылы - Қазақстанның ең көне қорығы. Теңіз деңгейінен 4280 метр 1000 биіктікте Батыс Тянь-Шань тауларының сілемдерінде орналасқан, ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваты мәртебесін алған.
Ақсу-Жабағылы аумағында эндемикалық түрге жататын көптеген құрып кету қаупi төнген жануарлар мен өсімдіктер орналасқан.
Қараңғы жылтыр тастарға салынған суреттерден тұратын «өнер галереясы» теңіз деңгейінен 3000 метр биіктікте, қауіпті жерде орналасқан. Сол себепті де ол – назар аударарлық жерлердің бірі. Ол жерде үй және жабайы жануарлар, ежелгі адамдардың аңшылық өмір көрінісі бейнеленген. Өсімдіктердің, балықтардың, жәндіктердің таңбалары Ақсу-Жабағылыдағы палеонтологиялық алаңдарда сақталған.

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН

Батыс Қазақстан – өзінің таң қалдырарлық ерекше көріністерімен қатар, тарихи, археологиялық және мәдени ескерткіштерінің арқасында туристтер тарапынан үлкен қызығушылық туғызуда.
Бұл өңірде әлемнің ең үлкен көлі - Каспий теңізі орналасқан, сонымен қатар Арал теңізі. Кезінде Батыс Қазақстан аумағы арқылы өзінен кейін біршама таңғажайып ескерткіштер қалдырған Ұлы Жібек жолының тармағы да өткен. Аймақтың маңызды қалалары – Орал, Атырау, Ақтау және Ақтөбе. Осы қалалардан аумақтың көрікті жерлеріне жетуге болады.

Үстірт қыраты
Үстірт қыратында Үстірт ұлттық биосфералық қорығы орналасқан және Маңғыстау түбегі мен Арал теңізі аралығын қамтиды. Мұнда темір жол немесе жеңіл көлік арқылы Ақтау қаласынан жету жеңілірек.
Бұл аймақ бірнеше миллион жыл бойы су астында болып, тек кейін келе қыратқа айналды. Сондықтан да, Үстірт ландшафты қайталанбас және таңғажайып. Ұңғымалар деп аталатын тік қабырғаларының биіктігі кей жерлерде 400 метрге дейін жетеді. Ал күрең барқыттан аппақ түске дейін өзгеретін ұңғыма түстерінің алуан түрлілігі таң қаларлық. Кеш батқан уақытта қырат адам сенгісіз ерекше бейне тудырады: ақ бор жыныстары күлгін түске енеді.
Үстірт қорығының аумағы 70 мың гектар құрайды және оған негізінен шөлді ландшафт тән болып келеді. Қорық муфлон, қабылан, ақбөкен, қарақұйрық, шиебөрі, түлкі, ұзын инелі кірпі сияқты және тағы басқа көптеген сирек жануарлардың мекендейтін орны.
Шопан – ата және Бекет – ата жер асты мешіттері
Бекет – ата сопылық жер асты мешіті жоғарыда аталған Оңтүстік Үстірттің Маңғыстау ойысына тірелген тұмсығының үзіліп қалған Оғыланды шоқысына қашалған тарихи-сәулет ескерткіші.
Бекет – ата Мырзағұлұлы Батыс Қазақстандағы ең құрметті адамдардың бірі болып саналады. Ол 1750 жылы дүниеге келген және 40 жасында сопы дәрежесін қабылдап, балаларды оқуға үйреткен. Аңыз бойынша, ол емшілік қасиетке ие болған. Бекет - ата шамамен 1813 жылы дүниеден озып, өзіне соғылған жер асты мешітінің жанында жерленген.
Ол биік жартастың орта қабатында салынған, бұтасы қалың өскен терең қойнауға түскен. Сатысы мешітке кіреберістің алдында салынған шағын алаңға апарады. Бірінші жай – күмбез тәрізді төбенің орталығында тесілген терең жарық саңылауымен жарықтандыратын вестибюль. Вестибюльдің батыс жағында оңтүстік қабырғасында михрабы бар намаз залы, ал оңтүстік-шығыс жағынан екі жай орналасқан, ал олардың бірінде Бекет ата жерленген.
Шопан ата жер асты мешіті Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласынан 60 км солтүстік-шығыс аймақта орналасқан. Бұл мешіт пен оған тиесілі қорым Маңғыстау түбегіндегі осы тәріздес ғимараттардың ең алыбы және көнесі болып табылады.
Кешеннің оңтүстік-батыс бөлігінде жер асты мешіті мен киелі Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті, сопы Шопан ата мазары орналасқан, сонымен қатар, зерттеушілердің пайымдауынша Х-ХІІІ ғасырлары өмір сүріп мекендеген қыпшақ және оғыз тайпалары орнатқан көне көктас ескерткіштер де бар.
Шопан ата мешітін үңгірлік деп атауға болады. Оның орталық орны жайлардың кіру ойықтары киелі тұт ағашы мен дәрет алуға арналған тас су қоймасы орналасқан өзгеше аулаға бағытталу үшін шеңбер бойымен ізбес жынысымен салынған бірнеше жайлардан құрылған жер асты мешіті болып табылады. Ал аңызға сенсек, Шопан – атаның өзі жерленген зират үңгірге терең орналастырылған.
Қызыл Қала қалашығы
Көне Қызыл Қала қалашығы, Х-ХІІ ғ., Ақтау қаласынан 170 км жерде, Шерқала тауының етегінде орналасқан.
Археологтардың пайымдауынша, қаланың іргетасы Х ғ-ң екінші жартысында қаланған. Қазіргі таңда кезінде ұлы саналған Қызыл-Қаладан тек бірнеше ғимараттардың іргетасы мен бекет қабырғалары қалған. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде, ғалымдар Қызыл-Қаланың Хорезм мен Еділ бойы өңірімен байланыстыратын маңызды сауда жолында орналасып, қала орталығы болғандығын анықтады. Еуропа мен Азия арасындағы аса ірі сауда орталығы болды деп айтуға болады.
Археологтар, сонымен қатар, Қызыл-Қала халқы негізінен сауда мен жер шаруашылығы арқылы күн көргенін анықтады. Қызыл-Қаланың дамыған әрі бай болғанын: балтық янтарі, қытай нефриты, үнді және мысыр әйнектері секілді тарихи олжалар дәлелдейді, ал бұл, сәйкесінше, Қызыл-Қала арқылы тасымалданған тауарлар көлемінің кең болғандығын көрсетеді.

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН

Солтүстік Қазақстан ең алдымен өзінің ерекше табиғатымен танымал (сілтеме – 5-б, 4-т – Ландшафттар). Өңірдің көрікті жерлеріне Астана, Қостанай, Павлодар және Қарағанды қалаларынан жету ыңғайлы.
Солтүстік Қазақстан – флора мен фаунаға бай ормандар, өзендер мен мөлдір көлдер өлкесі. Жыл сайын Солтүстік Қазақстан өңірінің инфраструктурасы жақсарып, мұндағы демалыс бірқатар көрсеткіштер негізінде көптеген туристтерді қанағаттандырады.
Осындай демалыстың жарқын мысалы ретінде Бурабай демалыс аймағын атауға болады.

Бурабай
Бурабай Ұлттық саябағы, немесе Боровое, Астана қаласынан ыңғайлы жоғары жылдамдықты трасса арқылы 3 сағаттық қашықтықта орналасқан (270 км). Астананың туристік фирмалары туристтерге Бурабайға сапардың алуан түрлі жолдарын ұсынады: шипажайларда не жалдамалы үйлерде бір күндіктен бір айлық жолдамарға дейін.
Бурабайдың ерекшелігі, табиғатының көз тартар сұлулығы, ауасының тазалығы таң қаларлық. Оған қоса, таулар, мөлдір таза көлдер мен ормандары – нағыз жазира көгал болып көрінеді.
Бурабай Ұлттық саябағында 14 ірі көлдер орналасқан, соның ішінде: Бурабай, Шортанды (Щучье), Қотыркөл және басқа да көптеген ұсақ көлдер. Теңіз деңгейінен 947 метр биіктікте орналасқан Көкшетау тауын аймақтың аса көрікті белгісі деп атайды. Оңтүстігінде биіктігі 690 м Бурабай тауы орналасқан. Аймақтың тағы бір көрікті тұстарының бірі - Бурабай көліндегі Көгілдір шығанағы (Голубой залив). Шығанақтан Жұмбақтас атты су астындағы жартасы көтеріледі. Оған әртүрлі тұстан не нүктеден қараса, қолаң шашты жас қыз келбетін көруге болады, ал кейін орын ауыстырып қараса, әлгі жас қыз келбеті алдымен әйел болып және соңында қартайған кемпір келбетіне ауысатынын көруге болады. Тағы бір әйгілі жартас - пілге ұқсайтын Оқжетпес жартасы.
Бурабай өлкесінде көптеген қонақ үйлер, шипажайлар, демалыс үйлері орналасқан. Қызмет көрсету деңгейінің көрсеткіші туристтердің демалыстың қандай түрін жоспарлағанына байланысты, бес жұлдыздылардан қарапайым қолайлықты қонақ үйлерге дейін бар.

Баянауыл
Баянауыл Ұлттық саябағы да Қазақстанның ең көрікті аймақтарының бірі болып саналады. Мұнда негізінен Қарағанды немесе Павлодардан, Баянауылдан 100 км қашықтықта орналасқан Екібастұз қаласы арқылы бару ыңғайлы.
Бурабай секілді 450 шаршы шақырым аумақты алып жатқан таулы – орманды Баянауыл көгалы өзінің керемет көлдерімен әйгілі. Олар, негізінен, жағаларында демалыс орындары, пансионаттар, ағаш үйлер және т.б. орналасқан Сабындыкөл, Торайғыр және Жасыбай көлдері.
Сонымен қоса, Баянауыл туристтерді өзінің таңғажайып жартастары мен құздары (Кемпіртас, Көгершін, Атбасы, Тас Жастық және т.б.), үңгірлер мен тау қуыстары, және де тік жіңішке шатқалдарымен қызықтырады.
Сондай-ақ, бұл өңірді, әсіресе Баянауыл көлін, келіп тамашалаудың тағы бір себебі - балық аулап сергуді жаны сүйетіндер үшін таптырмас мекені болуында.

Зеренді
Зеренді көліне Көкшетау қаласы арқылы бару ыңғайлы. Астанадан Зерендіге дейін жеңіл көлік немесе автобус арқылы 310 км құрап, 3-4 сағат уақыт алады.
Зеренді табиғаты Бурабайға өте ұқсас. Өңірге өздерінен жоғарыда арнайы төбелер мен тау жүйелерінен тұратын жазықтар тән болып келеді. Зеренді – теңіз деңгейінен 370 метр биіктікте орналасқан, құрылымы тектоникалық болып келетін көл. Бұл жасыл аймақ тынық ормандарымен, хош иісті шөптерімен және қайын-қарағай сұлулығымен көз тартады.
Көлде мекендейтін шортан, рипус, тұқы, мөңке балық, алабұға, торта балықтары өлкенің барлық балықшыларының көздерін қыздырады.

Қарқаралы
Қарқаралы Ұлттық саябағы Қарағанды облысының аумағында орналасқан, сондықтан Қарағанды қаласынан бару жеңілірек. Қарағандыдан Қарқаралыға дейінгі арақашықтық шамамен 220 км құрайды.
Қарқаралы – таулар, көлдер мен орман-тоғайлар мекені. Мұнда Шайтанкөл, Бассейн, Пашенное, Үлкенкөл көлдері, табиғи Тас қақпалары, ұланғайыр Палатка үңгірі, жартасты Шаңкөз шыңдары, Көктөбе, Қарқаралы, Тұрсын, Сынтас, алғашқы адам мекен еткен Малықсай шатқалындағы үңгір және басқа да табиғи және тарихи ескерткіштер бар.
Тау етегінде туристтерді күтіп, дайын тұрған ондаған демалыс үйлері мен орындары жұмыс істейтін Қарқаралы қаласы орналасқан.

ЮНЕСКО НЫСАНДАРЫ

Қазақстанның 4 нысаны ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енгізілді. Оларға Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы петроглифтер кешені, Сарыарқа – солтүстік Қазақстан көлдері мен жазықтары, сонымен қоса, Чанъань-Тянь-Шань дәлізі желісіндігі Ұлы Жібек Жолы жатады.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі (2003 ж бастап)

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Оңтүстік Қазақстандағы Түркістан қаласында орналасқан. Ол ХІV-ші ғасырдың аяғы мен ХV-ші ғасырдың басында Әмір Темірдің тұсында салынған. Әлі аяқтала қоймаған ғимараттың құрылысына Орта Азиялық сәулетшілер Тимурид империясының астанасы Самарқандты тұрғызғанда қолданған жаңашыл сәулет-құрылыс шешімдері секілді әдістерді пайдаланады. Бүгінде, кесене сол дәуірдің ең маңызды және жақсы сақталған ғимараттарының бірі болып келеді.
Бұл орасан зор ғимарат Шығыста атағы шыққан ХІІ ғасырда өмір сүрген көне түркі ақыны және сопылық уағыздаушы Қожа Ахмет Ясауидың құрметіне тұрғызылған. «Яасуи» сөзі «Яссыдан», яғни «Яссы қаласынан» дегенді білдіреді. Ертеде Түркістан қаласының атауы. Қала - кең-байтақ Дешті Қыпшақ өңіріндегі түркі тілдес халықтарының рухани-саяси орталығы болып, екі ғасыр бойы қазақ хандығының астанасы болып келді.
Қожа Ахмет Ясауи кесенінен бөлек, ғимараттың ішіне – ортағасырлық монша, әулие тұрған жерасты мешіті, Әмір Темірдің немересі Рабия Сұлтан Бегімнің кесенесі және басқа да ескерткіш мұралары кіреді.

Тамғалы петроглифтері (2004ж бастап)
Тамғалы петроглифтері - Алматыдан 170 км солтүстік-батыс қашықтықта, Шу-Іле тауларының оңтүстік-шығыс бөлігіндегі аңғар Аңырақай тау-сілемесінде орналасқан.
1957 жылы табылған бұл кешен б.з.д. ІІ-ші мыңжылдықтың екінші жартысынан ХХ-шы ғ. басына дейінгі аралықтағы шамамен 5 мың петроглифтерді (жартасқа салынған суреттер) қамтиды.
Мұнда тастан жасалған жәшік-сандықтар (орта және соңғы қола дәуірі) мен топырақ пен тастан салынған қорғандарды (ерте темір дәуірінен бастап қазіргі уақытқа дейін) қоса алғандағы көптеген ежелгі обалар саны табылған.
Орталық тармақ, петроглифтердің ең тығыз шоғырланғануымен ерекшеленеді және шамамен осы жердің құрбандық шалуға арналған орын - алтарь екендігін көрсетеді.

Сарыарқа – солтүстік Қазақстан көлдері мен жазықтары (2008 ж бастап)
Бұл бөлім 450,344 гектар жалпы аумақты алып жатқан екі мемлекеттің табиғи қорықтан - «Қорғалжын» және «Наурызымнан» тұрады.
Тармақтың қарқынды аумағын алып жатқан балшықты жерлер, араларында жоғалу қаупі бар жүзуші құстардың тіршілік әрекетіне өте маңызды болып келеді. Мысалға айтсақ, Ақ Сібір тырнасы, бұйра бірқазан және ұзын құйрықты субүркіт.
Тармақ құрамына кірген 200,000 гектар Орта Азия даласындағы дала флора аймағында мекендейтін жануарлардың жартысынан көбінің жойылу қаупі төнген құстардың түрлерінің және ерекше қоршауға алынған түр – кезінде қырғын болған, браконьерлік пен жаппай індеттің кесірінен саны жойылып бара жатқан ақбөкендердің мекендеу орны болып отыр.
Сонымен қоса, бұл тармақ тұщы және ащы судан тұратын 2 көлден тұрады. Олар солтүстікте Арктикаға ағатын, оңтүстікте Арал-Ертіс бассейніне ағатын өзенді бөлетін су айырығында орналасқан.

Үлкен Қорғалжын қорығы
Қорғалжын қорығы Астана қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 130 км қашықтықта орналасқан. Қорық кезінде бүкіл ойпатты алып жатқан ежелгі мұхиттың қалдығы болып келетін Теңіз және Қорғалжын атты екі үлкен көлден тұрады. Өзге де кішігірім су айдындарымен бірге, олар бірден-бір балық пен құстарға бай батпақты кешенді құрайды. Қорғалжын қорығында Қызыл Кітапқа енгізілген құстардың 32 түрі мекендейді. Солардың бірі, таңғажайып әдемі құс – қызғылт фламинго. Қорықтың жануарлар әлемі 40-қа жуық.

Чанъань-Тянь-Шань дәлізі бағдарламасының желісіндігі Ұлы Жібек Жолы (2014 ж бастап)

2014 жылы Қазақстан Республикасының сегіз нысаны Ұлы Жібек жолының құрамдас бөлігі ретінде ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енгізілді. Қытайдың Лоянынан (Чанъанның көне аты) Орта Азиядағы Жетісуға дейін Қытай мен Қырғызстандағы тармақтарды қосқандағы бүкіл жоба 33 тармақтан тұрды.
Қазақстан тармақтарының арасында – Қаялық, Алматы облысындағы Қарамерген мен Талғар және Ақтөбедегі Степинская ескі қала орны.

БАЙҚОҢЫР

Туристерді өткен дәуір әлемімен таныстыратын тарихи ескерткіштерден басқа, Қазақстан аумағында ХХ ғасырдың тарихын сипаттайтын тамаша бір нысан бар.

Ол әлемдегі ең алғашқы және ең ірі – Байқоңыр ғарыш айлағы. Бұл айлақтан 1961 жылы тұңғыш рет адам баласы ғарышқа аттанған. 2015 жылдың маусым айында іргетасы қаланғанына 60 жыл толған ғарыш айлағы 2050 жылға дейін Қазақстан тарапынан Ресей Федерациясына жалға берілген.

Байқоңырдың ең басты құндылығы – оның әлі де қолданыстағы нысан екендігі. Мұнда жыл сайын әлемнің әр бөлігінен белгілі уақытта туристер келіп, зымырандарды ұшырудың куәгері бола алады.

Ғарыш айлағының аумағы 6 717 км2. Нысан Қазақстанның оңтүстігіндегі Қызылорда облысының аумағында орналасқан. 2014 жылы Қызылорда қаласының әуежайына халықаралық рейстерді қамтамасыз етуге рұқсат етілген. Сол уақыттан бастап Байқоңырға баратын туристік маршруттар дәл осы Қызылорда қаласынан өтеді.

Бүгінде Алматы, Астана және Қызылорда қалаларының туристік фирмалары Байқоңырға ұзақтығы және мазмұны жағынан әралуан экскурсиялық турларды ұсынады. Ол жерге кіру тек арнайы рұқсат қағазымен ғана мүмкін екенін білген жөн. Ондай рұқсат қағаздарын алуды алдын ала ойластыру керек және оның ең жеңіл түрі – рұқсат қағазды дәл сол туристік фирмалардан алу.

Байқоңыр кешенінің аумағында туристердің өтуіне мүмкіндік берілген он шақты нысандар орналасқан. Қызығушылық тудыратындар қатарында:

- «Протон-К» ұшыру кешені
- «Союз» құрастыру және сынау кешені
- Гагариндік старт
- Бірқатар ескерткіштер: Юрий Гагаринге, генерал Неделинге, академик Королевке, академик Янгельға ескерткіштері, «Союз» зымыранына, Жердің ең алғашқы жасанды серігіне арналған ескерткіштер және қаза болған сынаушыларға арналған мемориал.
- Мұражайлар: ғарыш айлағының мұражайы, Юрий Гагарин және дублер-космонавт Герман Титовтың мемориалдық үйі, бас құрылымдаушы Сергей Королевтің мемориалдық үйі.