This resolution is not supported.
НЕГІЗГІ АҚПАРАТТАР

Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы демократиялық, құқықтық, біртұтас, зайырлы мемлекет. 1991 жылға дейін Қазақстан аумағы Кеңес Одағының құрамына кірді.

Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін алды. Бұл күн жыл сайын ұлттық мереке ретінде тойланады.
Қазақстанның астанасы — Астана қаласы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекеттің астанасы Алматы қаласы болды. 1997 жылы астананы Ақмола қаласына көшіру туралы шешім қабылданды. Ақмола қаласының атауы 1998 жылы Астана деп өзгертілді. «Астана» сөзі қазақ тілінде «елорда» деген мағына береді.
Қазақстан халқының саны 2015 жылдың басында 17,4 млн. адам болды.
Қазақстанның ең ірі қаласы – Алматы. Басқа ірі қалалары: Астана, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе, Тараз, Павлодар, Өскемен.
Мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Конституцияға сәйкес, мемлекеттiк органдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады.
Ағылшын тілі халықаралық қарым-қатынас тілі болып саналады. Оның қолданыс ауқымы жедел қарқынмен ұлғайып келеді.
Қазақстан әкімшілік-аумақтық тұрғыдан 14 облысқа бөлінген. Оған қоса елдегі екі қала – Астана және Алматы республикалық маңызға ие. Қазақстанда барлық қаланың саны – 86.
Мемлекет аумағында әртүрлі ұлт өкілдері тұрады. Саны ең көп ұлт — қазақ. Басқа ірі этникалық топтар – орыстар, өзбектер, ұйғырлар, украиндар, татарлар, немістер, кәрістер, түріктер, әзербайжандар. Қазақстанда барлығы 130-ға жуық ұлт өкілдері тұрады.

Қазақстанның ұлттық валютасы – Қазақстан теңгесі (KZT) . Ресей рублін, АҚШ долларын, евроны және тағы басқа негізгі валюталарды банктерде және ақша айырбастау бөлімшелерінен алмастырып алуға болады.
Қазақстан екі түрлі сағат белдеуінде орналасқан: UTC +5 и UTC +6.
Астана және Алматы UTC +6 белдеуінде жатыр. Мемлекет жазғы уақытқа көшпейді.

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР

Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің бірегейлігі мен егемендігін білдіретін айшықты белгісі.
Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба, Мемлекеттік әнұран 1992 жылы 4 маусымда бекітілген. Ал 15 жылдан кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы заң қабылданды.

Мемлекеттік ту

Мемлекеттік ту – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек бейнеленген. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
Мемлекеттік тудың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Мемлекеттік елтаңба

Мемлекеттік елтаңба – көгілдір түс аясындағы дөңгелек пішінді шаңырақ (киіз үйдің күмбез тәрізді жоғарғы бөлігі) түрінде бейнеленген. Шаңырақтан айналаға күн сәулесіндей уықтар таралып жатыр. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар кескінделген. Жоғарғы бөлігінде бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу алтын түстес.
Мемлекеттік елтаңбаның авторлары – белгілі архитекторлар Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов.

Мемлекеттік әнұран

Қазіргі Мемлекеттік әнұран 2006 жылы қабылданды. Әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне 1956 жылы жазылған «Менің Қазақстаным» әні әнұран негізіне алынды.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Мемлекеттік әнұран екі рет – 1992 жылы және 2006 жылы қабылданды.

Республика 1992 жылы мемлекеттік тәуелсіздігін алғаннан кейін, Қазақ ССР әнұранының музыкалық редакциясын сол күйінде қалдыру туралы шешім қабылданды. Бірақ бұл нұсқа кең танымалдыққа ие бола алмағандықтан, баршаның сүйікті әні – «Менің Қазақстанымды» әнұран ретінде қабылдау ұсынылды. Әннің мәтіні оның жаңа мәртебесіне сай болуы үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оған ішінара өзгеріс енгізді.
Қазақстанда әнұранды тік тұрып, оң қолды жүрек тұсына қойып тыңдайды.

ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ

Конституцияға сәйкес, Президент мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы және Жоғарғы Бас Қолбасшы болып саналады. Ол мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын айқындайды, ел iшiнде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкiлдiк етедi.
Қазақстан Республикасының Президентi жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзiмге сайланады.
Республика Президентi болып тумысынан республика азаматы болып саналатын, қырық жасқа толған, мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген әрi Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын азамат сайлана алады.
Қазақстан Республикасы Президентінің алғашқы жалпы халықтық сайлауы 1991 жылы 1 желтоқсанда өтті. Онда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 98,7% дауыс жинап, жеңіске жетті

Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаяны

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысы Қаскелең ауданы Шамалған ауылында дүниеге келді.

Нұрсұлтан Назарбаев өз еңбек жолын 1960 жылы Қарағанды металлургия комбинатынан бастады, онда 1969 жылға дейін металлург-жұмысшы болды.

Ол еңбек ете жүріп, 1967 жылы Қарағанды металлургия комбинаты жанынан құрылған Жоғары техникалық оқу орнын бітірді.
1969 – 1973 жылдарда Қарағанды облысының Теміртау қаласында партия, комсомол жұмыстарын атқарды.
1973 – 1984 жылдарда Қазақстан Компартиясының бірқатар лауазымды қызметінде болды.
1984 – 1989 жылдарда Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
1989 – 1991 жылдарда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болды. 1990 жылғы ақпаннан сәуірге дейін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
1990 жылғы сәуірден 1991 жылғы 1 желтоқсанға дейін – Қазақ ССР-нің Президенті.
Ал 1991 жылғы 1 желтоқсаннан бері – Қазақстан Республикасының Президенті.
2015 жылы еліміздің Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 97,6% дауыс жинады.
Президенттің өкілеттігі 2020 жылдың сәуіріне дейін жалғасады.

Нұрсұлтан Назарбаев – экономика ғылымдарының докторы. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының, Халықаралық инжинерлік академияның, Ресей Федерациясы Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің құрметті профессоры. Беларусь Ғылым академиясының құрметті мүшесі.
М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің құрметті профессоры

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев мынадай лауазымды қызметтерді атқарады:
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы Бас Қолбасшысы, Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы.

Отбасы: жұбайы – Сара Алпысқызы Назарбаева. Президенттің үш қызы бар: Дариға, Динара және Әлия.

БИЛІК ТАРМАҚТАРЫ

Қазақстан – демократиялық, құқықтық, біртұтас мемлекет, оның үш тәуелсіз билік тармағы бар: атқарушы билік, заң шығарушы билік және сот билігі.

Атқарушы билік Атқарушы билікке Қазақстан Президенті басшылық жасап, Үкімет оны жүзеге асырады.

Парламенттің келісімі бойынша тағайындалған Премьер-Министр Үкімет басшысы болып саналады. Республика Үкіметі Президенттің өкілеттік мерзімі шегінде жұмыс істейді және жаңа сайланған Президент алдында өз өкілеттігін тоқтатады.
Үкіметтің негізгі міндеттері:
- Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің ішкі және сыртқы негізгі бағыттарын белгілейді;
- Парламентке республикалық бюджет әзірлемесін береді, орындалуы туралы есеп ұсынады, бюджеттің орындалуын қамтамасыз етеді;
- Заң жобаларын әзірлеп, Мәжіліс қарауына ұсынады және заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді;
- Министрліктердің, мемлекеттік комитеттердің, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдар қызметіне басшылық жасайды;
- Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдар басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
- Конституция, заңдар және Президент актілері арқылы өзіне жүктелген өзге де қызметтерді атқарады.

Облыс, аудан, қала, ауыл әкімдері жергілікті атқарушы органдар өкілдері болып саналады. Облыстардың басшыларын, Астана және Алматы әкімдерін Премьер-министрдің ұсынуы бойынша Президент тағайындайды.

Заң шығарушы билік

Қазақстанда заң шығарушы билікті екі палатадан – Сенат пен Мәжілістен құралған Парламент жүзеге асырады

Сенат

Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіп бойынша әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады.
Парламент Сенаты депутаттарының жалпы саны – 47 адам.
ҚР Президенті Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де маңызды мүдделері болуы қажеттігін ескеріп, он бес депутатты тағайындайды.
Сенат депутаттарының жартысы әрбiр үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Сенат депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi – алты жыл.

Сенаттың ерекше қарауына мыналар жатады:
- Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұсынуымен Республиканың Жоғарғы Сотының Төрағасын және Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау және қызметтен босату, олардың анттарын қабылдау;
- Ұлттық Банк Төрағасын, Бас прокурорды және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын тағайындауға келісім беру;
- Мәжілістің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты, ол уақытша болмаған кезеңде Республика Парламентінің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі функцияларын орындау;
- Конституция арқылы Парламент Сенатына жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

Мәжіліс

ҚР Парламентінің Мәжілісі 107 депутаттан тұрады. Мәжілістің 98 депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайды.
ҚР Парламентінің Мәжілісі депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл

Мәжілістің ерекше қарауына мыналар жатады:
- Парламентке енгізілген конституциялық заңдар мен заңдардың жобаларын қарау;
- Премьер-Министрді тағайындауға келісім беру;
- Республика Президентінің кезекті сайлауын жариялау;
- Конституция арқылы Парламент Мәжілісіне жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
Жергілікті атқарушы органдар облыс, аудан және республикалық маңызы бар қалалар (Астана және Алматы) мәслихаттары арқылы өкілеттік етеді.

Сот билігі

Қазақстан Республикасында сот төрелiгi тек қана сотқа, тұрақты жұмыс істейтін судьяларға тиесілі, сонымен қатарҚР Конституциялық Кеңесінің 15.02.02 ж. N 1 берілген түсініктемені қараңыз заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот iсiн жүргiзу алқабилердің қатысуымен жүзеге асырылады.
Сот билігінің жоғарғы органдары Жоғарғы сот және Конституциялық Кеңес болып саналады.
Республиканың сот жүйесі үш тармақтан тұрады:
- Жоғарғы буын – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты;
- ортаңғы буын – облыстық және оған теңестірілген соттар (астананың қалалық соты, республикалық маңызы бар қаланың қалалық соты, ҚР әскерлерінің Әскери соты);
- негізгі буын – аудандық және оған теңестірілген соттар (қалалық, мамандандырылған соттар, гарнизонның әскери соты).
Судьяларды Президент (облыстық және жергілікті соттарда өкілетті органның ұсынуы бойынша Жоғарғы сотпен келісе отырып) тағайындайды.
Судья сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз болады және Конституция мен заңға ғана бағынады.

ЕЛБАСЫ БАСТАМАЛАРЫ

«Қазақстан – 2050» Стратегиясы

2012 жылдың 15 желтоқсанында Президент Н.Ә. Назарбаев 1997 жылы Қазақстан халқына Жолдауында жария етілген “Қазақстан-2030” даму Стратегиясының іске асырылу нәтижелерін баяндады. Онда айтылған тапсырмалардың көбісі мерзiмiнен бұрын орындалғандықтан, Президент Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі жаңа даму Стратегиясын таныстырды.
Н.Ә. Назарбаев: «Бүгінгі күні біздің әрқайсымыз «2030 Стратегиясы іске асты, заманауи Қазақстан орнықты» деп айта аламыз. Бұл - біздің бірлігіміздің, табанды да қажырлы еңбегіміздің нәтижесі, ұмтылыстарымыз бен үміттеріміздің жанды көрінісі. Біз өз жетістіктеріміз үшін мақтаныш сезіміне бөленеміз... Енді біздің алдымызда жаңа міндет тұр. Біз мемлекетіміздің ұзақ мерзімді кезеңге бағдарланған одан әрі даму векторын күшейтуге тиіспіз».

“Қазақстан-2050” Стратегиясының басты мақсаты – күшті мемлекет негізінде салауатты қоғам құру, экономика мен жалпыға бiрдей еңбек мүмкiндiктерiн дамыту, Қазақстанның әлемнiң ең дамыған отыз елінің қатарына кіруі.
Бұл мақсатқа жету үшін жетi ұзақ мерзiмдi басымдылықтарды iске асыру қарастырылады: экономикалық прагматизм, кәсiпкерлiктi қолдау, әлеуметтiк кепiлдiктер, білім беру жүйесін дамыту, демократияны күшейту, сыртқы саясат, патриотизмді күшейту.

"Нұрлы жол" инфрақұрылымдық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы

2014 жылдың 11 қарашасында Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында инфрақұрылымдық және әлеуметтiк-экономикалық дамудың “Нұрлы жол” кешенді бағдарламасының іске қосылғандығын хабарлады.

“Әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қойған жоқ. Қалпына келу өте баяу және сенімсіз қадамдармен жүруде. Геосаяси дағдарыс пен жетекші державалардың санкциялық саясаты әлемдік экономиканы қалпына келтіруде қосымша кедергілер туындатуда... Бүгінде, алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, мен Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты туралы жариялаймын» - деді Қазақстан Президенті.
Қойылған мақсатты шешу үшін мынадай міндеттерді шешу көзделеді:
- Шұғыла қағидаты бойынша тиімді көліктік-логистикалық инфрақұрылым құру;
- Индустриялық инфрақұрылымды және туристік инфрақұрылымды дамыту;
- Қазақстан Республикасының БЭЖ дамыту шеңберінде энергетикалық инфрақұрылымды нығайту;
- Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын және жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғырту;
- Азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру;
- Білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамыту;
- Кәсіпкерлік субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін олардың қаржыландыруға қолжетімділігін жақсарту арқылы жоғарылату;
- отандық машина жасауды қолдау;
- экспортты қолдау.
Бағдарламаны іске асыру мерзімінде мынадай нысаналы индикаторларға қол жеткізу жоспарланады:
- 2019 жылы 2014 жылға қарағанда ЖІӨ-нің 15,7 %-ға өсуін қамтамасыз ету;
- 2015 – 2019 жылдары 395,5 мың адамға арналған жұмыс орындарын құру, оның ішінде:
тұрақты – 86,9 мың адам;
уақытша – 308,6 мың адам;
- 2019 жылы базалық инфрақұрылым сапасы бойынша Дүниежүзі экономикалық форумы (ДЭФ) рейтингінде 57-орынға дейін көтерілу.

Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы

Индустриялық-инновациялық дамудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының индустриялы-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының жалғасы болып табылады.
Бағдарлама Қазақстанның өнеркәсiптiк саясатының бөлiгi болып табылады және өңдеу өнеркәсiбінің дамуына, шектеулі ресурстар секторы мен салалық реттеудің тиімділігін арттыруға негізделген.
Бағдарлама мақсаты - әртараптандыруды ынталандыру және өңдеу өнеркәсiбінің бәсекелестiк қабiлетiн жоғарылату.
Бағдарламаның маңызды мақсаттары:
- өңдеу өнеркәсiбінің қарқынды дамуы;
- басты секторларда тиiмдiлiктi жоғарылату және елде шығарылатын өнімнің қосымша құнын өсіру;
- шикізаттық емес тауарлар үшін нарықты кеңейту;
- жұмыспен қамтылуды күшейту;
- өңдеу өнеркәсібінің басты секторларына технологиялықтықтың жаңа деңгейiн беру және дамудың негізін жасау;
- инновациялық кластерлер қалыптастыру арқылы келешегі мол секторлардың негізін қалау;
- кәсiпкерлiктi ынталандыру және өңдеу өнеркәсібінде шағын және орта бизнестi дамыту;
Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын әске асыру нәтижесінде 2019 жылға дейін Қазақстан келесі экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізуі керек:
- өңдеу өнеркәсiбі өнімдерінің көлемі нақты көрсеткiште 43 %-ға өсуі;
- қосылған құнның жалпы өсімі өңдеу өнеркәсiбінде нақты көрсеткiште 1,4 еседен кем болмауы;
- өңдеу өнеркәсiбінде еңбек өнімінің нақты көрсеткіште 1,4 есеге артуы;
- шикізаттық емес (өңделген) экспорттың құн көлемінің 1,1 еседен кем емес өсуі;
- өңдеу өнеркәсібінің энергия сыйымдылығының кемінде 15 % төмендетуi;
- өңдеу өнеркәсiбінде жұмыспен қамтудың 29,2 мың адамға өсуі.

Бес институционалдық реформа және «100 нақты қадамы»

2015 жылдың наурызында “Нұр Отан” Халықтық-демократиялық партияның съезiнде сөз сөйлейген ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев атап өтті: «Біздің мемлекеттілігіміздің ауқымды сын-қатерлеріне қалыптан тыс және күшті жауап беру қажет. Бір орында тұруға болмайды. Өз табыстарымызды арқау етіп өзіміздің мемлекеттілігімізді дамыту үшін біздің алға қарай қозғалуымыз керек. Сондықтан да мен бес институттық реформаны алға тартамын».
Бес институционалдық реформа – бұл:
1. Экономикалық бағдарламаларды сапалы жүзеге асыруды және мемлекеттік қызметтерді ұсынуды қамтамасыз ететін заманауи, кәсіби және автономиялы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру.
2. Меншік құқығына кепілдік беретін, кәсіпкерлік қызмет үшін, келісімшарттық міндеттемелерді қорғау үшін жағдай жасайтын, түптеп келгенде экономикалық өсім үшін негіз болатын заңның үстемдігін қамтамасыз ету.
3. Индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген экономикалық өсім.
4. Болашағы біртұтас ұлт.
5. Транспарентті және есеп беруші мемлекет.
Аталған бес реформаны кезеңдері бойынша іске асыру үшін 2015 жылы Қазақстанның Президенті «100 нақты қадам» атты «Ұлт жоспарын» жүзеге асырудың бағдарламасын бекітті.