Астана процессінің шеңберінде Сирия жөнінде үшінші Халықаралық кездесудің қорытындылары туралы

2017 жылғы 14-15 наурызда Қазақстанның елордасында Астана процессінің шеңберінде Сирия жөнінде үшінші Халықаралық кездесу өтті. Келіссөздерге соғыс амалдарын доғару режиміне кепілдік беруші мемлекеттері – Ресей, Түркия және Иранның, сондай-ақ БҰҰ, Иордания, АҚШ, Сирия үкіметінің делегациялары қатысты.

Кездесуге қатысушылар Сирияда соғыс амалдарын доғару режимі сақталуының қазіргі жағдайын, аталған режимнің бұзылуына бақылау жүргізетін үшжақты тетіктің тиімділігін арттыруды, уақытша бітімге қосылған аудандар туралы ережені, қарулы оппозициялық топтарды террористік топтардан ажыратуды қамтамасыз етуді қарастырды, сондай-ақ Сирияда ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мәдени мұра объектілерін миналардан тазартуда халықаралық қоғамдастық көмегінің қажеттілігін талқылады.

Екі күндік келіссөздер қорытындылары бойынша кепілдік беруші мемлекеттер бірлескен мәлімдеме қабылдады. Құжатта тараптар соғыс амалдарын доғару режимін нығайтуға деген бейілділігін растады, Астана процессінің БҰҰ аясында Женевадағы келіссөздерді толықтырудағы және нығайтудағы маңыздылығын атап өтті, олардың 2017 жылғы 23 наурызда қайта жандануын құптады.

Тараптар Астанада жоғары деңгейдегі келесі кездесуді 2017 жылғы 3-4 мамырда өткізу туралы шешім қабылдады және 2017 жылғы 18-19 сәуірде Тегеранда сарапшылар деңгейінде алдын ала консультациялар өткізуге келісті.

Келіссөздерге қатысушылар Астанадағы кездесуді ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және ел үкіметіне алғыстарын білдірді.

Қазақстан Астанадағы Сирия бойынша үшінші Халықаралық кездесудің нәтижелерін сириялық дағдарысты саяси реттеу процессіне қосқан іс жүзіндегі үлесі деп бағалайды.

Қосылған : 10.04.2017, 09:45, Өзгертілген : 10.04.2017, 09:45