​Қоғамдық кеңес ҚР СІМ қызметі жөніндегі есепті мақұлдады

29 мамырда ҚР Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімованың төрағалығымен Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің қызметі жөніндегі қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, оның қорытындылары бойынша СІМ есебі мақұлданды.

Отырыс барысында Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Кеңес мүшелері алдында ведомствоның ағымды жұмысы туралы сөз сөйледі. Министрдің кезекті есебі сауда және экономикалық дипломатияны дамыту, қазақстандық бизнесті шетелде қолдау мәселелеріне қатысты болды.

Министрлік өз қызметінде «Қазақстан-2050» стратегиясында, бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» ұлт жоспарында, Президенттің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» және «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауларында Мемлекет басшысының сыртқы саясатты «экономикаландыру» нұсқамаларын басшылыққа алатыны атап өтілді. «Сонымен қатар, сауда-экономикалық саладағы екіжақты және көпжақты қатынастар Қазақстанның басым ұлттық мүдделерін қорғау және өзара тиімділік қағидаларының негізінде құрылады», - деп атап өтті министр. Қазақстанға 2005-2016 жж. 250 млрд. доллар шамасында тікелей инвестициялар, оның ішінде 20,6 млрд. доллар өткен жылы тартылды, деп хабарлады Қ. Әбдірахманов.

Ведомство басшысы СІМ-нің шетелдік дипломатиялық миссиялардың өкілдерімен ықпалдастығын ерекеше атап өтті. Мақсаты – Қазақстан бизнес қауымдастығының шетел дипломатиялық корпусымен тікелей байланыстарын дамыту.

Қазақстандық бизнестің шетелдегі құқықтарын қорғау мен қолдау сыртқы саяси ведомство жұмысының маңызды басымдылықтарының қатарында атап өтілді. «СІМ бірқатар қазақстандық компаниялардың экспортты ілгерілету немесе инвестицияларды тарту жөніндегі өтініштерін пысықтады. Соның ішінде «Қайнар-АКБ» ЖШС, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ, «Казспецэкспорт» РМК, «Ақтөбе мұнай жабдықтау зауыты» ЖШС, «ҚазГер-Құс» ЖШС, «Семей инжиниринг» АҚ, «ЗКМК» АҚ, «Молочные истории» ЖШС және т.б. атап өтуге болады», – деп айтты Қ. Әбдірахманов.

Қоғамдық кеңес өкілдерінің сауалына жауап беріп, Қ. Әбдірахманов Сирия жөніндегі Астана процесі төрт рауындының нәтижелері және дағдарысты реттеу мүмкіндіктері туралы хабардар етті. Министрдің айтуынша, халықаралық қауымдастық Астананы ерекше үміт күтетін келіссөздер алаңы ретінде қарастырады. Келіссөздердің келесі рауынды шілденің ортасына жоспарланған деп хабарлады СІМ басшысы.

Сонымен бірге, отырыс барысында Кеңестің басты бағыттарының жұмысының нәтижелері туралы есеп берілді. Атап айтқанда, «Қазақстан Интернет Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігі президенті Шавкат Сабиров және Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василено сөз сөйлеп, Қоғамдық кеңестің ақпараттық-имидждік бағыттағы жұмысының нәтижелерімен таныстырды. Сараптамалық жұмысының қорытындылары бойынша СІМ Сыртқы саяси талдау және болжамдау департаментінің директоры Әлім Қирабаев сөз сөйледі.

Қазақстан азаматтарына қолдау көрсету тетіктеріне толық тоқтаған Консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мадиевтің есебіне ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет көрсетулерді электронды форматқа ауыстыру, процесстерді оңтайландыру бойынша шаралар қолдану, қызмет көрсету мерзімін қысқартып, қажетті құжаттар санын азайту жөніндегі ағымды жұмыс атап өтілді. Жалпы департамент 14 мемлекеттік қызмет, соның ішінде үшеуін Астанадағы орталықта, екеуін – орталық және шетел мекемелерінде, тоғызын – шетел мекемелерінде көрсетеді. 2016 жылы дипломатиялық қызмет органдары 347 400 мемлекеттік қызмет көрсетті. Кеңес төрайымы Б. Әйтімова ұсынысы бойынша ҚР СІМ-нің ел азаматтарымен жұмыс істеу мәселесі Қоғамдық кеңестің әр отырысының күн тәртібіне енгізілетін болды.

А. Мадиев шетелдегі асыранды қазақстандық балалардың мәселесіне толық тоқталды. Айта кететін жайт, шетелдіктермен асыранған балалардың тағдыры ҚР шетел мекемелерінің және Балалардың құқықтарын қорғау құзіретті органының бақылауында. Консулдық қызмет басшысы бақылауды жүргізуге қиыншылық туғызатын бірқатар кедергілерге тоқталды. Осыған орай, мәселені шешуде бірқатар тетіктер қолданылатының айтты, соның ішінде Қазақстан азаматтары болып табылатын жетім балаларды асырап алуға ниетті шетел азаматтарын есепке алу ережелерін қабылдау және «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңға шетелдіктермен асыранған баланың кәмелеттік жасқа дейін қазақстандық азаматтығын сақтап қалу құқығын бекітетін өзгерістер енгізу.

Қоғам мүшесі, «КАЗГЮУ университеті» АҚ оқытушысы Лилия Испенбетова және ҚР СІМ Халықаралық құқық департаментінің директоры Әсет Исетов Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық базасын бірлесе зерттеп, ағымды жағдайы туралы ауқымды есеп берді. Жұмыс ү.ж. қаңтардағы соңғы отырыс барысында қол қойылған ҚР СІМ және «КАЗГЮУ университеті» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумын жүзеге асыру жұмысының шеңберінде жүргізіледі.

Сонымен қатар, Қоғамдық кеңес құрамының жаңартылғаны атап өтілді. Ағымды айда оған ҚР Сенат депутаты Дариға Назарбаева, «Қазақстандық дипломаттар бірлестігі» АҚБ мүшесі Болат Нұрғалиев, «Время» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Лев Тараков, «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» Мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Тимур Шаймергенов, ҚР Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шаукенова кірді.

ҚР СІМ қызметі мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы 2017 жылдың күзіне жоспарланды.

Қосылған : 30.05.2017, 10:35, Өзгертілген : 30.05.2017, 10:35