Қазақстан Республикасынан тыс тұрақты тұруға шығуды ресімдеу

Қазақстан Республикасынан тыс жерге уақытша жұмыстармен шыққан және онда тұрақты тұру үшін қалуға тілек білдірген Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұру үшін арналған құжаттарды ресімдеу үшін өздері немесе заңды өкiлдерi (ата-аналары, қамқоршылары, қорғаншылары) арқылы келесі құжаттарды екі данада ұсыну қажет:

1. Өтініш-анкета (жүктеу);

2. Қазақстан Республикасы азаматының паспортының көшірмесі;

3. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлiгiнің түпнұсқасы. Жеке куәлігі болмаған, жоғалған немесе қолданылу мерзімі өткен жағдайда өтініш беруші еркін үлгіде жазбаша түсініктеме береді;

4. он алты жасқа толмаған балалардың туу туралы куәлігінің көшірмесі. Куәлік Жапонияда берілген жағдайда, оның қазақ немесе орыс тіліндегі нотариалды куәландырылған аудармасын ұсыну қажет;

5. Неке қию туралы куәліктің көшірмесі. Неке қию куәлігі Жапонияда берілген жағдайда, оның қазақ немесе орыс тіліндегі нотариалды куәландырылған аудармасын ұсыну қажет. Егер неке бұзылған жағдайда, нотариалды куәландырылған сот шешімін немесе Некені бұзу туралы куәліктің көшірмесін ұсыну қажет (аудармасымен бірге);

6. отбасы мүшелерінің алдында міндеттемелері болған жағдайда – алимент алушылар – егер кететін адамның заң бойынша асырауындағы отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрса, "Неке (ерлі – зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 22-тарауында көзделген тәртіппен жасалған алименттерді төлеу туралы келісімді ұсынады. Келісімге қол жеткізілмеген кезде кететін адамдарға алименттің мөлшерін тұрақты ақша сомасында белгілеу немесе алиментті біржолғы төлеу не белгілі бір мүлікті алимент есебіне беру немесе алиментті өзге де тәсілмен төлеу не кететін адамның кету үшін заңда көзделген кедергілердің болмауы фактісін анықтау туралы соттың шешімі беріледі;

7. әскери есептен шығарылғаны туралы анықтама. Әскери есептен шығарылғаны туралы анықтама болмаған жағдайда өтініш беруші әскери билеттің (шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәлік) түпнұсқасын және Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұру үшін шығуына байланысты әскери есептен шығу және жеке әскери-есептік құжатты тапсыру туралы анықтама беруге өтініш ұсынылады;

8. ата-анасымен не өзге де заңды өкiлдерімен бірге кету туралы шешiм қабылданған кезде он жасқа толған баланың пiкiрiн есепке алу туралы қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қорытындысы (ҚР шет елдердегі мекемелерімен жасалады);

9. он сегіз жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары ата-анасының бiрiмен (қамқоршысымен, қорғаншысымен) бiрге тұрақты тұруға кететін кезде екінші ата-анасының нотариалды түрде расталған келiсiмi. Келiсiм болмаған кезде, кәмелетке толмаған баланың кетуі сот тәртiбiмен шешiлуі мүмкін;

10. жергілікті билік органдарымен берілген құжаттардың көшірмелері (Resident Card);

11. 140 АҚШ доллары көлемінде консулдық алым;

Қазақстан Республикасының Салық Кодексінің 629-бабына сәйкес төленген консулдық алым сомасы қайтарылмайды.
Қосылған : 1.02.2017, 10:00, Өзгертілген : 1.02.2017, 10:00