Құжаттарды консулдық заңдастыру

Құжаттарды заңдастыру құжаттарды басқа мемлекетте пайдалану мақсатында лауазымды адамның қойған қолы мен құжаттардағы мөрдің төлнұсқалығын белгілеу және куәландыру болып табылады.

Құжаттар түпнұсқалы түрде де, сондай-ақ нотариалды куәландырылған көшірме түрде де заңдастыру үшiн қабылданады. Сондай-ақ құжаттарда деректемелер болу міндетті (нөмірі, күні, қолы, мөрі), түзетулер немесе қоса жазылған жолдар, сызылған сөздер немесе басқа да түзетулер болмауы тиіс. Заңдастыру үшiн ұсынылатын құжаттар мен актiлер анық және дәлме-дәл жазылуы тиiс. Лауазымды адамдардың қолтаңбалары мен мөрлердiң көрiнiсi анық көрiнуi қажет. Көлемі бір беттен артық құжаттар тігілген, нөмірленген және мөрмен бекітілген болуы тиіс.

Шет елдерде заңдастыру бойынша функцияларды Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері атқарады.
Қазақстан Республикасының аумағында - ҚР Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті.

Құжаттарды заңдастыру тәртібі.

Құжаттарды заңдастыру үшін келесі құжаттарды ұсыну қажет:

жеке тұлға үшін:

1) еркін нысанда жазылған өтініш (өтініш білдірушінің аты-жөні, мекенжайы, телефон нөмірі, қолы және өтініш білдіру күні көрсетілу қажет);

2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

3) заңдастыруға жататын құжат және оның көшірмесі;

4) 35 АҚШ доллары көлемінде консулдық алым (әр құжат үшін);

5) құжаттарды тапсыруға өкілдік беретін құжаттың көшірмесі (құжаттарды өкілдер арқылы тапсырған жағдайда);

заңды тұлға үшін:

1) еркін нысанда жазылған өтініш (компанияның фирмалық бланкінде болуы, онда компанияның атауы, мекенжайы, телефон нөмірі күні және компанияның ресми өкілінің қолы қойылуы тиіс);

2) құрылтай құжаттардың көшірмелері (компанияның бар екендігін растайтын құжаттар);

3) заңдастыруға жататын құжат және оның көшірмесі;

4) 35 АҚШ доллары көлемінде консулдық алым (әр құжат үшін);

5) құжаттарды тапсыруға өкілдік беретін құжаттың көшірмесі (құжаттарды өкілдер арқылы тапсырған жағдайда);

Құжаттарды заңдастыру өтініш берілген күннен бастап 3 жұмыс күн ішінде жүзеге асырылады, ал қосымша зерделеу немесе тексеру жүргізу қажет болған жағдайда, мерзім күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімге дейін ұзартылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының Салық Кодексінің 629-бабына сәйкес төленген консулдық алым сомасы қайтарылмайды.
Қосылған : 10.10.2019, 10:00, Өзгертілген : 10.10.2019, 10:00