Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу

Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу

Құрметті азаматтар!

«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» ҚР Заңына сәйкес Қазақстан азаматтығынан шығу туралы шешімді ҚР Президенті шығарады. ҚР азаматтығынан шығуға адамның осы Заңда белгіленген тәртіппен жасаған өтініші негізінде рұқсат етіледі. Елден тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматы азаматтықтан шығу туралы шет елдердегі мекеме арқылы келесі құжаттарды тапсырады:

  • 1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сауалнама-өтініш;
  • 2) өмiрбаян;
  • 3) 3,5 х 4,5 сантиметр көлемінде фотосурет;
  • 4) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
  • 5) Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұруын растайтын құжат;
  • 6) апостильденген немесе заңдастырылған сотталғандығы немесе сотталмағандығы туралы анықтама;
  • 7) неке қию туралы және балаларының тууы туралы куәлiктерінің көшiрмелерi (бар болған жағдайда);
  • 8) шетелдік азаматтықты алу мүмкіндігін растайтын құжат;
  • 9) консулдық алымның төленгенi туралы құжат;
  • 10) өтiнiш берушiнiң Қазақстан Республикасында тұратын жұбайының немесе оның асырауындағы адамдардың өзіне нотариалды куәландырылған Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуға келісімі және материалдық және өзге де талаптардың жоқ екендiгi туралы өтiнiш-келісімі немесе олардың қайтыс болғаны туралы, азаматтың қайтыс болуы немесе хабарсыз кеткені туралы сот шешімінің көшірмелері.

Егер азаматтықтан шығу туралы өтініш жасаушы адамның ҚР алдындағы міндеттемелерінің немесе мүліктік міндеттемелерінің орындалмағандары болып, олармен азаматтардың немесе еліміздің территориясында орналасқан кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің елеулі мүдделері байланысты болса, ҚР азаматтығынан шығарудан бас тартылуы мүмкін.

Егер шығу туралы өтінішхат берген адамға қатысты күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы жария етілсе не ол заңды күшіне енген соттың үкімі бойынша жазасын өтеп жүрсе немесе адамның Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің мүдделеріне қайшы келсе, Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуға жол берілмейді.

Шетелдердегі мекемелер дайындалған материалдарды өзінің қорытындыларымен бірге ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментіне жолдайды, ол өз кезегінде ҚР Президентінің жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссиясының жұмыс органына ұсынады.

Қосылған : 22.03.2017, 06:30, Өзгертілген : 30.03.2017, 17:55