3 министрлік ҚР Президентінің Жарлығымен қайта құрылды

2019 жылғы 17 маусымда "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы Ақорда сайтында жарияланды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Мыналар:

1) Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, оған Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қорғаныс өнеркәсібі, бірыңғай әскери-техникалық саясатты жүргізуге қатысу, әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыру, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып;

2) Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі, оған Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып;

3) Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, оған:

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің геодезия және картография саласындағы;

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің елдің инновациялық саясаты, ғылыми-техникалық дамуы саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, оны Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі етіп қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылсын.

Қосылған : 17.06.2019, 21:00, Өзгертілген : 17.06.2019, 21:00