Eкіжақты қарым-қатынастар

Қазақстан Республикасы мен Сингапур Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылы 30 наурызда орнатылды. 2003 ж. қарашада Сингапурда ҚР Дипломатиялық миссиясы ашылып, 2008 ж. 11 желтоқсанда ол ҚР Елшілігі болып қайта құрылды. 

2019 жылғы 6 маусымда Аркен Кеңесбекұлы Арыстанов Қазақстанның Сингапурдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. 

2014 жылғы 28 мамырдан резиденциясы Сингапурда орналасқан Сингапурдың Қазақстандағы Елшісі Зулкифли бин Бахарудин болып табылады. 


Саяси ынтымақтастық

Жоғары деңгейдегі саяси диалог екі ел арасындағы тұрақты достық қатынастардың негізі болып табылады. Бұл ретте екі тарап өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі. Сингапур Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшы рөлін мойындайды. Қазақстан Сингапурды қаржылық және ақпараттық технологиялар саласын дамытудың әлемдік және аймақтық локомотивтерінің бірі ретінде қарастырады.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының сапарлары (ресми - мамыр 1996 ж., мемлекеттік - қараша 2003 ж.), сондай-ақ Сингапурдың Бірінші Премьер - Министрі Ли Куан Ю Қазақстанға ресми сапары (1991 ж. қыркүйек - аға министр лауазымында) саяси диалогтың негізін қалап, екіжақты ынтымақтастықтың басымдықтарын анықтады. 2003 жылы Қазақстан мен Сингапурдың Индустрия және сауда министрліктері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қою екі ел арасындағы шарттық-құқықтық базаның қалыптасуының бастамасы болды. Сапарлардың маңызды нәтижесі Сингапурдың табысты даму тәжірибесін бейімдеу болды, атап айтқанда, сингапурлық «Temasek» холдингіне ұқсас «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі холдингі құрылды.  

Сингапурдың дамуының саяси моделін қолданудың басқа мысалдары саяси билікті шоғырландырумен жедел экономикалық реформалар, дінаралық және ұлтаралық диалогты сақтауға баса назар аудару, билікті кезең-кезеңімен басқаруға дайындалған жаңа көшбасшылардың ұрпағына беру болды.

Екі ел де халықаралық аренада ұқсас ұстанымдарға ие, олар әлемдік державалармен стратегиялық қатынастарды сақтап, ішкі даму үшін елдің айналасында бейбіт белдеуді қамтамасыз ете отырып, өзінің ұлттық мүдделерін алға жылжытуға негізделген көпвекторлы дипломатияны қолданады. 


Саяси диалогты қолдау және тереңдету үшін ҚР Премьер-Министрі К. Мәсімовтің (2010 ж. қазан, 2015 ж. наурыз – Ли Куан Ю-дың мемлекеттік жерлеу рәсіміне қатысу үшін) және Б.Сағынтаевтың (2018 ж. қараша) Сингапурға сапарлары, сондай-ақ СР экс-Премьер-Министрі, Құрметті аға министрі Го Чок Тонгтың (2016 ж. қыркүйек) сапары маңызды рөл атқарды.

Еркін сауда туралы келісімді пысықтау мақсатында СР Сауда және индустрия аға мемлекеттік министрі Ко По Кун Қазақстанға екі рет келді (2017 ж. сәуір, шілде). 2019 жылғы 1 қазанда Ереванда Еуразиялық экономикалық одақ пен Сингапур Республикасының арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісімге және жан-жақты экономикалық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойылды. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесі аясында ҚР Президенті Қ.Тоқаев Сингапурдың Премьер-Министрі Ли Сянь Лунмен кездесті.    

2019 жылғы 14-15 қазанда Нұр-Сұлтан қаласына Сингапурдың аға министрі – ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі үйлестіруші министрі Тео Чи Хин бастаған Сингапур делегациясының сапары өтті.

Парламентаралық ынтымақтастықты дамытуда ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы О.Мұхамеджанов (2006 ж. қазан) пен РС Парламентінің Спикері А.Тармуги (2007 ж. сәуір), ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаев (2016 ж. сәуір) және РС Парламентінің Спикері Х.Якоб (2017 ж. маусым) арасындағы кездесулер, сондай-ақ Сингапурге ҚР Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Д.Назарбаеваның (2018 ж. ақпан) «Lee Kuan Yew Exchange Fellowship Programme» бағдарламасы шеңберінде келуі маңызды кезең болды. Екі мемлекеттің парламенттерінде Достық топтары құрылған.   

Партияаралық ынтымақтастықты ілгерілету үшін 2017 жылы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары М.Құл-Мұхаммед бастаған делегацияның Сингапурға сапары өтті. 

Бұдан басқа, екі елдің сот органдары арасында оң диалог жолға қойылған. Мәселен, Сингапурға ҚР Жоғарғы Сотының Төрағалары Қ.Мәми (2015 ж.), Ж.Асанов (2018 ж.), ал 2019 ж. тамыз айында ҚР Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Т.Донақов келді. 2019 жылы қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласындағы IATA және IAJ халықаралық конференциясына РС Апелляциялық сотының судьясы С.Чонг қатысты. 

Сонымен қатар әділет министрліктері арасында ынтымақтастық дамуда. 2019 жылы сәуірде СР Әділет және денсаулық сақтау аға мемлекеттік министрі Эдвин Тонг Қазақстанға келді, ал 2019 жылы тамызда БҰҰ-ның медиация туралы Сингапур Конвенциясына қол қою үшін ҚР Әділет министрі М.Бекетаев Сингапурға келді. 

Өңіраралық ынтымақтастық шеңберінде Сингапурге Астана қаласы (2017 ж. қазан), Алматы қаласы (2017 ж. қараша), Алматы облысы (2019 ж. наурыз) әкімдіктерінің сапарлары ұйымдастырылды. 

2016 жылғы 11 шілдеде Астана қаласында бірінші Қазақстан-Сингапур сімаралық саяси консультациялар өтті, оның алдында Сыртқы істер министрлері деңгейінде сапарлар алмасуы болды (Сингапурға: Қ.Тоқаев -1994, 1996 және 2004 жж., ҚР Сыртқы істер министрі Е.Қазыханов - 2012 ж., Е.Ыдырысова - 2014 ж., ал Қазақстанға: Сингапурдың Сыртқы істер министрі Джордж Йео - 2006 ж., Сингапурдың Премьер-Министрі Кеңсесінде министр, Екінші сыртқы істер министрі және Қоршаған орта және су ресурстары екінші министрі Грейс Фу - 2013 ж.). 



Қосылған : 19.11.2019, 10:00, Өзгертілген : 19.11.2019, 10:00