​Дипломатиядағы әйелдердің рөлін Сыртқы істер министрлігінде атап өтті

Сыртқы істер министрлігінде Халықаралық әйелдер күніне орай салтанатты жиналыс өтті.

«Шығыста: «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» - деген мағыналы сөз бар. Әйел салауатты қоғамның, жер бетіндегі бейбітшіліктің тірегі, ортамыздың ажар-көркі. Біздің қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін сақтайтын тұлға ғана емес, олар мемлекеттік және саяси мәселелерге де белсене араласып келеді. Дипломатиялық қызметте де еңбек етіп жүрген ханымдар мен арулардың білікті маман ретінде үлкен жауапкершіліктің тамаша үлгісін көрсетіп, сыртқы саясат саласындағы еліміздің мүдделерін қорғау мен ілгерілетуге қосып келе жатқан зор үлестерін бүгін ерекше атап өтуге болады», - деді өз құттықтау сөзінде Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов.

Министр соңғы онжылдықта сыртқы саясат ведомствосындағы әйелдер саны екі есеге артып, бүгінгі күні Сыртқы істер министрлігі ұжымының үштен бір бөлігін құрайтынын хабарлады. Көктемгі жарқын мерекеге орай Министрліктің бірқатар қызметкерлері алғыс хаттармен марапатталды.

Қазақстанның дипломатиялық қызметі Отан үшін қызметте үлкен жетістіктерге қол жеткізген әйелдердің жетістіктеріне бай. Олардың ішінде Қазақ КСР Сыртқы істер министрі Балжан Бөлтірікова, Сыртқы істер министрі және Қазақстанның бірінші Елшісі Ақмарал Арыстанбекова, төтенше және өкілетті елшілер Бірғаным Әйтімова, Мадина Жарбосынова, Жанар Айтжанова, Майнюра Мырзамадиева, Раушан Есболатова, Айгүл Құспан, ерекше тапсырмалар жөніндегі елші Зульфия Аманжолова, Оңтүстік Африка бойынша БҰҰ Есірткі және қылмыс мәселері жөніндегі басшысы Жұлдыз Ақышева бар. Бүгінде 24 әйел СІМ-нің орталық аппаратында басшылық қызмет атқарады. Орталықта және шетелде әйелдер мемлекеттік мүдделерді қорғау бойынша миссияны жан-жақты орындайды. Бұл туралы Сыртқы істер министрі Б. Атамқұловтың «Егемен Қазақстан» газетінде 8 наурызда жарық көретін мақаласынан оқи аласыз.

Сыртқы істер министрлігі еліміздің барлық әйелдерін Халықаралық әйелдер күнімен құттықтайды.

Қосылған : 7.03.2019, 12:00, Өзгертілген : 7.03.2019, 12:00