Қазақстанның халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы жөніндегі комиссияның 53-отырысы өтті

НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 25 қараша - Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы жөніндегі комиссияның 53-ші отырысы өтті.

Отырыс барысында Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдарға, әмбебап халықаралық шарттардың атқарушы органдарына және басқа да халықаралық органдарға міндетті мүшелік және ерікті жарналарын төлеу жоспарлары қарастырылып, бекітілді.

Атап айтқанда, еліміздің халықаралық ұйымдардағы мүшелігінің тиімділігі талқыланды, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрліктерінің тиісті халықаралық құрылымдармен өзара қарым-қатынастары туралы есептері ұсынылды.

Күн тәртібінің жеке тармағы, климатты қорғау тақырыбының өзектілігіне байланысты GGGI Ғаламдық жасыл өсу институтына қосылу мәселесіне арналды.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына тиісті халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру бойынша, соның ішінде халықаралық ұйымдардың сайланған және жарғылық органдарына Қазақстан азаматтарын алға жылжыту бойынша, ұсыныстар берілді.

Қосылған : 25.11.2019, 18:00, Өзгертілген : 25.11.2019, 18:00