Сицилияда Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды


РИМ, 2020 жылғы 17 қаңтар – 2020 жылғы 15 қаңтарда Қазақстан Республикасының Мессина қаласындағы Құрметті консулдығы ашылды.

Қазақстанның Құрметті консулы болып италиялық бизнес-топтардың өкілі, адвокат Алессандро Арборио Мелла ди Сант’Элия тағайындалды. Ашылу салтанатына Мессина, Таормина және Катания қалаларының мэрлері, өңірлік әкімшілік өкілдері, қоғамдық-саяси, академиялық топтардың, БАҚ өкілдері, сондай-ақ жиырмадан астам сицилиялық компаниялардың басшылары қатысты.

Қазақстанның Италиядағы Елшісі Сергей Нұртаев өз сөзінде аталған іс-шараның Қазақстан мен Италия арасындағы дипломатиялық қатынастар орнауының 28 жылдығы қарсаңында өткізілуін атап өтті. Дипломат Құрметті консулдықтың ашылуы барлық салалардағы екіжақты қатынастардың одан әрі дамуына ықпал етіп, қазақстандық азаматтардың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ететініне сенім білдірді.

Өз кезегінде, Қазақстанның Құрметті консулы А.Арборио Мелла жоғары сенім үшін алғысын білдіріп, екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бар күш-жігерін салуға дайын екендігін білдірді.

Сицилияға сапары аясында Елші С.Нұртаев аймақтың іскер топ өкілдерімен кездесті. Италиялық кәсіпкерлер алдында сөйлеген сөзінде қазақстандық дипломат Италияның Еуропалық Одақ елдері арасындағы Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі және біздің елдің экономикасына жетекші инвесторлардың бірі екендігін атап өтті. Елші Қазақстанның негізгі экономикалық көрсеткіштері мен елде тиімді бизнес жүргізу үшін жасалған қолайлы жағдайлар, сондай-ақ инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған реформалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Бизнесмендер алдында сөз сөйлеген С.Нұртаев, оларды агроөнеркәсіптік кешенде, жеңіл және тамақ өнеркәсібінде бірлескен экспортқа бағытталған жобаларды жүзеге асыруға қатысуға шақырды.

Италиялық кәсіпкерлер Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге аса қызығушылық танытты.

Қосылған : 17.01.2020, 18:15, Өзгертілген : 17.01.2020, 18:15