Римде ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты қатынастардың даму келешегі талқыланды


Қазақстанның Италиядағы Елшілігі «Vision and Global Trends» жаһандық талдау халықаралық институтымен бірлесе «Ауыл шаруашылығы саласында Қазақстан мен Италия арасындағы екіжақты қатынастардың даму келешегі» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізді.

Іс-шараға италиялық бизнес және сарапшы топтар өкілдері, шағын және орта бизнес өкілдері, сондай-ақ «La Sapienza» университетінің экономика және халықаралық саясат мектебінің магистранттары қатысты.

Қазақстандық дипломаттар дөңгелек үстелге қатысушыларды Қазақстан экономикасының қазіргі жағдайы мен даму келешегімен, сондай-ақ шетелдік бизнес пен инвестициялар үшін жасалған преференциялармен таныстырды. Сондай-ақ, іс-шара барысында Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы тауашалық инвестициялық жобалары таныстырылды. Кездесуге қатысушылар агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетімен ғана емес, сонымен қатар ет, сүт, жеміс-жидектер мен көкөністерді өндіру және қайта өңдеу, майлы және дәнді дақылдарды қайта өңдеу, жемшөп өндірісі және т.б. сияқты бизнес салаларына инвестициялау мүмкіндіктерімен де танысты. Қолданыстағы ресурстар мен осы саланы мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ ашық экспорттық нарықтар тыңдаушылардың қызығушылығын тудырды.

Іс-шара барысында Қазақстанда істейтін италиялық компаниялардың өкілдері біздің елдегі қызметтері туралы әсерлерімен бөлісті. Бизнесмендер қазақстандық тарап инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасайды деген пікірге келіп, осыған байланысты олар Қазақстандағы іскерлік мүмкіндіктерді түбегейлі зерттеуді ұсынды.


Қосылған : 22.12.2019, 17:45, Өзгертілген : 22.12.2019, 17:45