Италия Орталық Азия өңіріне ерекше назар аударады және Қазақстанға инвестицияларды стратегиялық серіктестік рухында арттыруға дайын


РИМ, 2019 ж. 13 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев «Италия және Орталық Азия: өзара түсіністік, ынтымақтастық пен серіктестікті нығайту» атты Халықаралық конференцияға қатысу мақсатында Италия Республикасында жұмыс сапармен болды. Конференцияға сондай-ақ Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан сыртқы істер министрлері және Түркіменстан сыртқы істер министрінің орынбасары қатысты.

Сапар аясында Италия Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Манлио Ди Стефаномен, италиялық Сауда және инвестициялар агенттігінің Төрағасы Роберто Луонгомен және БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының (ФАО) Бас директорының орынбасары Лоран Томамен кездесулер өтті.

Халықаралық конференцияны ашқан Италияның сыртқы істер министрі Луиджи ди Майо оның мақсаты италиялық мекемелер мен компанияларға Орталық Азияның әлеуетін көрсету екенін атап өтті.

Конференцияда сөйлеген сөзінде Е.Көшербаев еліміздің және Орталық Азия өңірінің ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу, су ресурстарын тиімді пайдалану және экологиялық проблемаларды тиімді шешудегі басымдықтары туралы айтты.

Қазіргі геосаяси шындықты, өңіріміздегі елдердің өзгеріп жатқан қажеттіліктері мен жаңа мүмкіндіктерін ескере отырып, екі өңірдің өзара әрекеттесуінің қазіргі заманғы көзқарасын бейнелейтін Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша жаңа Стратегиясының маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Ол Қазақстанның негізгі экономикалық көрсеткіштері және тиімді бизнес жүргізу үшін елде жасалған қолайлы жағдайлар, сондай-ақ инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған реформалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Жоғары технологиялық өндіріс саласындағы, оның ішінде Индустрия 4.0 элементтерімен ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарына жеке тоқталды. Ол италиялық компанияларды «Astana Hub» негізінде бірлескен инновациялық кәсіпорындар, технопарктер және IT-стартаптар құру бойынша жұмысты жандандыруға шақырды.

Ол «Белбеу және жол» бастамасын іске асыру аясында Қазақстан мультимодальды Еуразиялық көлік дәлізін іске қосқанын атап өтті, бұл Қытайдан Еуропаға ҚР территориясы арқылы тауарларды жеткізу уақыты мен құнын екі-үш есе қысқартып, логистикалық әлеуетті дамытудың жаңа перспективаларын ашуға мүмкіндік берді.

Қазақстандық дипломат Италия мен Орталық Азия елдерін ДСҰ-ның 12-ші Министрлік конференциясына қатысуға шақырды (2020 ж. 8-11 маусым, Нұр-Сұлтан) және өңіріміздегі елдердің еуропалық серіктестердің белсенді қатысуымен көптеген салаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізетініне сенім білдірді.

Орталық Азия елдерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары өз кезегінде Италияға өңір өкілдерін жинаған алғашқы еуропалық мемлекет ретінде аталған шараны ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Бұл Италия мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты арттыру үшін диалогты жалғастыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Италия Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Манлио Ди Стефаномен өткен кездесу барысында екіжақты және көпжақты форматтағы өзекті мәселелер бойынша тыңғылықты пікірлер алмасылды. Тараптар сондай-ақ ынтымақтастық топтардың белсенді өзара іс-қимылы және заңнамалық қызметтегі тәжірибе алмасуы арқылы парламентаралық байланыстарды нығайтуға ұмтылысын атап өтті. Е.Көшербаев италия тарапын Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Ресей, АҚШ, Қытай және ЕО парламентарийлерінің бейресми кездесуін өткізу бастамасына қолдау көрсетуге шақырды.

Италияның Сауда және инвестициялар агенттігінің Төрағасы Роберто Луонгомен келіссөздер барысында тараптар іске кіріскен италиялық-қазақстандық бірлескен кәсіпорындарды қолдауға, сондай-ақ жоғары технологиялар, тұрақты даму және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы жаңа жобаларды ілгерілетуге келісті. Р.Лунго өзінің тиімді географиялық жағдайымен Қазақстанның Шығыс пен Батыс арасындағы байланыстың қиылысқан жеріне, ірі халықаралық инфрақұрылымдық хабқа айналып келе жатқандығын атап өтті. ҚР-дың көліктік-логистикалық әлеуетін арттыру тұрғысында «Белбеу және жол» қытайлық бастаманы ілгерілетудегі еліміздің ерекше рөлі атап өтілді.

Е.Көшербаевпен кездесу барысында БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының (ФАО) Бас директорының орынбасары Лоран Тома Қазақстанмен ынтымақтастықтың тұрақты дамып келе жатқандығын және ФАО-Қазақстан серіктестік бағдарламасының әрі қарай қаржылануына қызығушылығын атап өтті. Тараптар Елдік Негіздемелік Бағдарламаны 2020 жылға дейін ұзарту, сондай-ақ Алматы қ. БҰҰ жаңа ғимаратында ФАО кеңсесінің орналасуын талқылады.

Анықтама: 2019 жылы Қазақстан мен Италия арасындағы Стратегиялық серіктестік туралы Шартқа қол қойылғанына 10 жыл толды (2009 ж. 5 қараша).

2019 ж. қаңтар-қазан кезеңінде ҚР мен ИР арасындағы тауар айналымы 8,3 млрд. АҚШ долл. құрады (оның ішінде экспорт – 6,9 млрд. долл., импорт – 1,4 млрд. долл.). 2018 ж. 13,2 млрд. АҚШ долл. құрады (экспорт – 11,8 млрд., импорт – 1,4 млрд.), бұл 2017 ж. сәйкес кезеңімен (9,6 млрд. АҚШ долл., оның ішінде экспорт – 8,6 млрд., импорт – 946 млн.) салыстырғанда 38%-ға көп. 2018 ж. қорытындысы бойынша Италия ҚР-дың негізгі сауда серіктестерінің тізімінде екінші орында (РФ-тан кейін) және ЕО елдері арасында бірінші орында.

2005-2017 жылдар кезеңінде ҚР экономикасына италиялық инвестициялардың көлемі 5,8 млрд. АҚШ долл. құрады, ҚР-дан Италияға тікелей инвестициялардың ағымы – 60,2 млн. АҚШ долл. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында италиялық инвестициялардың көлемі 124,6 млн. долл. құрады.

Қосылған : 15.12.2019, 18:25, Өзгертілген : 15.12.2019, 18:25