Римде Тұңғыш Президент күніне және Тәуелсіздік күніне орай салтанатты қабылдау өтті

Ү.ж. 6 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшілігінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай салтанатты қабылдау өтті.

Қабылдауға Италия Парламентінің қос палаталарының депутаттары, оның ішінде қазақстан-италия парламентаралық ынтымақтастық тобының мүшелері, тұрғылықты елдің Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігінің, Экономикалық даму министрлігінің өкілдері, Италияда аккредиттелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдар басшылары, қоғамдық, ғылыми және мәдени орталарының, инвестициялық компаниялардың, сондай-ақ, Италияның жетекші БАҚ өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі С.Нұртаев өзінің құттықтау сөзінде еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстанның түрлі ұлттардың, этностар мен діндер өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүретін дамыған азаматтық қоғамы бар мемлекет ретінде қалыптасуына қосқан жеке үлесін ерекше атап өтті.

Қазақстан Елшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың шынайы егемендіктің негізін қалауға, тиімді экономиканы қалыптастыруға, үйлесімді қоғам құруға және ел дамуының басымдықтарын анықтауға бағытталған көпқырлы және жемісті қызметі Тұңғыш Президентті Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігінің негізін қалаушы ретінде мойындау үшін салмақты дәлел екендігін атап өтті.

Елші биылғы саяси өзгерістердің, атап айтқанда, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елде болып жатқан өзгерістерді жалғастыратын жаңа буын басқарушыларының билікке келуін қамтамасыз ету үшін ү.ж. наурыз айында мерзімінен бұрын Президенттік өкілеттігін тоқтату шешімінің, сондай-ақ ү.ж. 9 маусымда кезектен тыс сайлауда Республиканың жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлануының маңыздылығына ерекше көңіл аударды.

Қазақстанның дипломатиялық өкілдігінің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының әлем таныған дипломат, қазақстандық дипломатияның бастауында тұрған адам екенін айтып кетті. Мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев билік сабақтастығы мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті бағытының жалғасуын атап өтті.

Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 27 жыл толуын атап өте келе, бүгінде Италия Қазақстан экономикасына жетекші инвесторлардың бірі екендігі, сондай-ақ Қазақстанның негізгі сауда серіктестері тізімінде әлемде екінші және Еуропалық Одақ елдері арасында бірінші орында тұрғаны сөз болды.

Сөз соңында Елші С.Нұртаев Қазақстанның табысты дамуының негізі халқының бірлігі, олардың дәстүр мен әлем құндылықтарына адалдығы, бір-біріне деген құрмет, Отанға деген сүйіспеншілік екенін атап өтіп, Қазақстан мен Италия арасындағы іскерлік және гуманитарлық байланыстардың одан әрі жақсаратынына сенім білдірді.

Кеш қонақтарына «Астана сазы» ансамблі мен «Астана мюзикл» мемлекеттік театры солистерінің орындауында дәстүрлі этно-фольклорлық музыка мен би концерті ұсынылды. Опера әншісі, Санта-Чечилия Рим консерваториясының түлегі Лаура Алидің өнер көрсетуі көрермендердің көңілінен шықты. Ду қол шапалақ қошеметпен ансамбль әртістері бірнеше туындыны биске орындады.

Іс-шараның көркі түркі халықтарының ұлттық үйі, ұлтаралық келісімнің, достықтың, үйлесімділік мен бейбітшіліктің символы болып табылатын киіз үй болды. Кеш қонақтары дәстүрлі тұрғын үй бұйымдарын көріп қана қоймай, ұлттық киім киген сарбаздармен бірге естелікке суретке түсті.

Қабылдаудың шарықтау шегі қазақтың дәстүрлі тағамдарымен танысу болды – қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылып, Қазақстанның табиғи және архитектуралық көрнекі жерлерін бейнелейтін бейнероликтер көрсетілді. Кеш қазақ халқына тән қонақжайлылық дәстүріне сәйкес жылы атмосферада өтті.

Қосылған : 8.12.2019, 10:00, Өзгертілген : 8.12.2019, 10:00