Парижде «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтар: шетел мұрағаттарындағы құжаттар» жинағы таныстырылды

Ағымдағы жылдың 3 мамырында Қазақстанның Франциядағы Елшілігінде «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтар: шетел мұрағаттарындағы құжаттар» жинағының бірінші томы таныстырылды. Іс-шара Ұлы Жеңіс күніне орайластырылып, «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өтті.

Шараға француз тарихшы-ғалымдары, қоғам қайраткерлері, Париждегі дипломатиялық корпус пен әскери атташелер аппаратының өкілдері, сондай-ақ Францияда тұратын отандастар қатысты.

Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев жиналған қауымның алдында сөйлеген кіріспе сөзінде, бұл құжаттар жинағының Қазақстан мен әлем тарихының аз зерттелген беттерін толтыруда маңызды үлес екенін және Қазақстан қоғамына ғылыми, патриоттық және әлеуметтік маңызы бар екенін атап өтті. Қазақстандық дипломат жинақтың авторы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлнар Меңдіқұлова мен авторлар тобының соғыстан кейінгі жылдарда ұмытылған батырлардың есімдерін қалпына келтіруде атқарған үлкен жұмысы үшін алғысын білдірді.

«Бұл мұрағаттық құжаттарға сәйкес Францияның Нормандия, Па-де-Кале, Париж аймағы, Эльзас пен Лотарингия, Шампань, Пикардия мен Тулуза жерлерінде 34 әскери зираттар мен қорымдарда біздің жерлестеріміз жерленген», - деп хабарлады Ж.Ғалиев және 70 жылдан астам уақыт бойы осы мазарларға күтім жасап жүрген француздарға алғысын білдірді.

Өз кезегінде профессор Г. Меңдіқұлова өз сөзінде жинақ Франция, Ұлыбритания, Норвегия, Ресей және Финляндияның 15 шетелдік мұрағаттары, кітапханалары мен мұражайларында табылған құжаттық материалдарға негізделгенін атап өтті. Оның айтуынша, бірінші томға, сондай-ақ, соғысға қатысқандардың жеке мұрағаттарындағы құжаттар кірді, материалдардың көпшілігі алғаш рет жарияланып отыр.

«Француздар, барлық еуропалықтар сияқты, Еуропаның еркіндігі жолында құрбан болған қазақстандықтарға алғыс білдіреді», - деп, жазушы, профессор Альбер Фишлер біздің отандастарымыздың Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысуын бағалады.

Сонымен қатар, Салтанатты қақпаның Мәңгілік алауы комиссариатының бас хатшысы Жан-Пьер Трон: «Қазақстандық сарбаздар француздар мен басқа да еуропалық елдердің құрметіне лайық. Біз оларды ұмытпаймыз!», - деп атап өтті.

Іс-шара аясында қазақстандық дипломаттар мен профессор Г. Меңдіқұлова Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ жауынгері Нұрман Молдабековтің зиратына гүл шоқтарын қойды. Н. Молдабеков 1928 жылы дүниеге келіп, Алматы облысының Іле ауданында майданға шақырылған, 1945 жылы мамыр айында Париждегі ауруханада қайтыс болған. Қазақ жауынгерінің жерленген жері Елшілік қолдауымен 2018 жылдың мамыр айында Париждің маңында табылған болатын, алайда әлі күнге дейін жерлесіміздің туыстарынан хабар келмеді. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қазақ жауынгерінің туыстарын іздеуге қолғабыс көрсетуде барлық қазақстандықтар мен шетелдегі отандастарға өтініш жасайды.
Қосылған : 5.05.2019, 10:25, Өзгертілген : 5.05.2019, 10:25