ЮНЕСКО жерасты суларының шекарааралық қорлары бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты қолдайды

Париж, 2019 жылғы 1 сәуір – Жерасты суларының шекарааралық қорларын бірлесе басқарудың моделін дайындаудағы Қазақстан мен Өзбекстанның серіктестігі әлемнің басқа өңірлері үшін де жағымды үлгі болып табылады. Мұндай қорытынды 28-29 наурызда Парижде өткен «Шекарааралық су көкжиектері: ынтымақтастық нәтижелері» семинарында айтылды.

Қазақстанның оңтүстігі мен Өзбекстанның солтүстігіндегі шекараға таяу аудандардағы тұщы судың ортақ жерасты қоры болып табылатын «Ташкент маңы су көкжиегін» басқаруда бірлескен ұстанымдарды қалыптастыру ЮНЕСКО-ның Халықаралық гидрологиялық бағдарламасының «Шекарааралық су көкжиектеріндегі жерасты суларын басқару» (GGRETА) жобасының аясында басталған үш пилоттық жобаның бірі болып табылады. Қалған екеуі Орталық Америкада Гондурас пен Сальвадордың және Оңтүстік Африкада – Ботсвана, Намибия және Оңтүстік Африка Республикасының қатысуымен іске асырылуда.

Семинарға 50-ден астам адам қатысты. Олардың арасында ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдіктері мен Ұйым Хатшылығының, жобаға үлес қосып жүрген елдердің үкіметтік және сарапшылық құрылымдарының қызметкерлері, соның ішінде, Қазақстаннан – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Алмат Әбдікешов және GGRETA жобасының өңірлік үйлестірушісі Олег Подольный.

Семинардың пленарлық сессиясында сөз сөйлеген Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі әрі Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев Ұйым Хатшылығына жобаны тиімді үйлестіруі, Швейцариялық даму және ынтымақтастық агенттігіне – оған қаржылай қолдау көрсетуі, қазақстандық мамандарға және олардың өзбекстандық әріптестеріне - өңір экономикасы, жергілікті тұрғындар мен қоршаған ортаны қорғау үшін маңызды жобаны жүзеге асырудағы мазмұнды еңбектері мен кәсіби біліктіліктері үшін алғысын білдіріп, жобаның ары қарай жалғасуына үміт артатынын жеткізді.

Екі күндік жұмыс барысында семинарға қатысушылар Ташкент маңы су көкжиегінің сандық моделін құру бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдауға әкелген жобаның 2016-2018 жж. жүзеге асырылған екінші кезеңінің нәтижелерін және шекарааралық резервуарды басқарудағы аталған нақты құралды дайындауды көздейтін үшінші кезеңге кірісу үшін қажетті жағдай жасау жолдарын қарастырды.

Қосылған : 1.04.2019, 13:00, Өзгертілген : 1.04.2019, 13:40