Жылқыны қолға үйретудегі Ұлы дала рөлін ЮНЕСКО-да талқылады

ПАРИЖ, 2019 жылғы 26 сәуір – ЮНЕСКО штаб пәтерінде “Equus: Жылқы тарихы" деректі фильмі көрсетіліміне орай өткен дөңгелек үстелге қатысушылар халықаралық ғылыми қауымдастықтың мойындауынша шамамен бес жарым мың жыл бұрын Қазақстан аумағында орын алған жылқыны алғаш қолға үйретудің бірегей маңызын ерекше атап өтті.

Іс-шараның ашылуында Қазақстанның Франциядағы Елшісі - ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Жан Ғалиев көпшіліктің назарын айтулы маңызы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында айшықталғандай атқа міну мәдениеті бүкіл әлемге біздің атамекенімізден тарағанына аударды. Дипломат халықаралық қоғамдастықта елімізге, оның әсем табиғаты мен көне мәдениетіне қызығушылықтың артып келе жатқанын айтып, жиналғандарды елімізді көруге шақырды.

Өз кезегінде әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар жөніндегі ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Нада Аль-Нашиф Қазақстанға Ұйымның бірқатар бағдарламалары мен бастамаларына ұдайы қолдауы үшін ризашылығын білдіріп, жылқына қолға үйрету күллі өркениеттің даму барысын біржола өзгерткенін атап өтті. “Атқа міну мәдениеті адамдардың құрлық үстімен жаппай көшіп қонуына жол ашты және сол арқылы идеялар мен құндылықтардың алмасуына, әрі Жібек жолы тамаша мысалына айналған мәдиениеттер ықпалдасуына жол ашты" – деді ол осы орайда.

Фильм арасында ЮНЕСКО Хатшылығының қызметкерлері, Ұйымға мүше мемлекеттердің елшілері, француз саясаткерлері мен қоғам қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қазақ диаспорасы, жылқы мәдениеті мен атқа мінудің Париж тұрғындарының арасындағы көптеген әуесқойлары бар жалпы саны 400-ден асқан қомақты аудиторияға үлкен әсер етті.

«Жылқы тарихының» білім, ғылым және мәдениет саласындағы ең айтулы жаһандық алаңдағы таныстырылымының ерекшелігі фильм көрсетілімінен кейін оның отандық тең продюсері Нұрбол Баймұхановтың, британ археологы, Ботай қонысын зерттеушілердің бірі Алан Аутрэм және ЮНЕСКО-ның Мәдениетаралық үнқатысу секциясының басшысы Анн-Белинда Прайстың қатысуымен тақырыптық дөңгелек үстелдің өтуі болды. Спикерлер фильмді түсірудің қызықты да кешенді барысы жайында баяндап, адам мен табиғат ықпалдасуына жаңа зерттеулердің келешегі жөнінде пікір алмасып, жиналғандардың сұрақтарына жауап берді.

ЮНЕСКО штаб пәтеріндегі көрсетілім бір ай бұрын киелі Түркістаннан басталып, қатысушылары 14 елдің аумағымен 9 мың километр кесіп үлгерген «Ұлы дала» автожорығы аясында ұйымдастырылды. Тамаша фильм және жалпы төл мәдениетімізді насихаттау мақсатында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жоба енді Испанияның астанасы Мадридте жалғасады.

Қосылған : 28.04.2019, 14:30, Өзгертілген : 28.04.2019, 14:30