ХКБ

Қазақстан Республикасының Халықаралық көрмелер бюросымен ынтымақтастығы

Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) 1928 жылы халықаралық көрмелерге қатысты Париж конвенциясының ережелерін орындау және оларды ұйымдастыру мәселелерін шешу үшін құрылған болатын. Қазіргі уақытта бұл халықаралық ұйымға 170 мемлекет кіреді. 1994 жылдан бастап ХКБ Бас хатшысы қызметін Висенте Гонсалес Лоссерталес атқаруда.

Қазақстан 1997 жылдан бері ХКБ-ның мүшесі болып келеді және ЭКСПО-ға 2000 жылдан бері қатысады. Атап айтқанда, ЭКСПО-2000 (Ганновер), ЭКСПО-2005 (Аичи), ЭКСПО-2008 (Сарагоса), ЭКСПО-2010 (Шанхай), ЭКСПО-2012 (Йосу), ЭКСПО-2015 (Милан), ЭКСПО-2016 (Анталья бағбандық көрмесіне) қатысты және ЭКСПО 2020 (Дубай) көрмесіне қатысу жоспарлануда.

ЭКСПО-2008 (Сарагоса) көрмесіне жасаған сапарында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Астанада осындай шараны өткізу қажеттілігін атап өткен болатын.

2011 ж. 10 маусымда ХКБ-ның штаб-пәтерінде ҚР Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы - ЭКСПО жобасының ұлттық үйлестірушісі Р.Жошыбаев Астанадағы ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығына ресми өтінішті ХКБ Бас хатшысына тапсырды.

2012 ж. 22 қарашада ХКБ-ның 152-ші Бас Ассамблеясында жасырын дауыс беру нәтижесінде Астана қаласы 103 дауыспен Бельгияның Льеж қаласынан (44 дауыс) асып түсіп, EXPO-2017 өткізу орны деп жарияланды.

2013 ж. 3 желтоқсанда Елбасы «ЭКСПО-2017 көрмесін Астана қаласында ұйымдастыру және өткізудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл құжат Қазақстан Республикасы Үкіметі атынан әрекет ететін Сыртқы істер министрлігі мен ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге байланысты жеңілдіктер мен артықшылықтар туралы ХКБ арасындағы арнайы келісімнің негізі болды.

2013 жылдан 2017 жылға дейін ЭКСПО-2017 Комиссары және «Астана ЭКСПО-2017» ҰК Басқарма Төрағасы басқарған қазақстандық делегация Париждегі ХКБ Атқару комитетінің және Бас Ассамблеясының отырыстарына қатысып отырды.

2016-2017 жж. Қазақстан ХКБ Атқарушы комитетінің мүшесі болды. 2017 жылғы 15 қарашада Бас Ассамблеяның 162-ші сессиясында Қазақстан ХКБ әкімшілік-бюджеттік комитетінің мүшесі болып сайланды.

2018 жылы 3 мамырда ХКБ Әкімшілік-бюджеттік комитетінің отырысында ҚР делегаты, Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің кеңесшісі М.Сауранбаев жоғарыда аталған комитеттің вице-президенті болып сайланды.

Қосылған : 7.02.2019, 16:45, Өзгертілген : 7.02.2019, 16:45