France Galop ұйымы Ұлы Дала елімен ынтымақтастыққа мүдделі

Қазақстанның Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев «France Galop» ұйымының президенті Эдуард де Ротшильдпен кездесті.

Кездесу барысында экономикалық ынтымақтастық, туризм және ат спорты салаларындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Қазақстандық дипломат ұйым басшысын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласымен таныстырды және онда ол жылқыны қолға үйрету мен атқа міну мәдениетін әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлес ретінде атап өтті.

Эдуард де Ротшильд Қазақстанның экономикалық дипломатиясын нығайтуға қызығушылық танытып, екі жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін үлкен әлеует бар екенін жеткізді. Ол, сондай-ақ, Париж аймағында жыл сайын өтетін «Prix de Diane» беделді халықаралық жарысына Қазақстанның қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

«France Galop» - Франциядағы ат жарысы мен ат спортына жетекшілік ететін ірі ұйым. Әлемдегі ең танымал болып табылатын: Longchamp, Auteuil, Chantilly, Saint-Cloud, Maisons-Laffitte және Deauville сияқты алты ипподромға, сондай-ақ арнайы жарыстарға арналған үш оқу орталығына аталмыш ұйым иелік етеді.

Қосылған : 23.05.2019, 15:20, Өзгертілген : 23.05.2019, 15:20