Нұр-Сұлтанда Қазақстанның БҰҰ құрылымдарымен ынтымақтастығы талқыланды

НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 16 мамыр - Қазақстан Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов 12-ші Астаналық экономикалық форумға қатысу үшін Қазақстанға келген Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдік делегациясын қабылдады.

Делегацияның құрамына БҰҰ Бас хатшысының орынбасары - БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) Атқарушы хатшысы Армида Салсиа Алисджабана, БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰ ДБ) Еуропа және ТМД бойынша аймақтық бюросының директоры Мирьяна Спольярич Эггер және БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі – «БҰҰ-Әйелдер» Атқарушы директорының орынбасары Оса Регнер кірді.

Кездесу барысында 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму саласындағы күн тәртібін іске асыру аясында Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықты нығайту және Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) іске асыру мәселелері талқыланды. ЭСКАТО, БҰҰ ДБ және БҰҰ-Әйелдермен бірлескен жобаларды жүзеге асырудың келешегі талқыланды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, бірінші кезекте өңір елдерінің транзиттік-көліктік әлеуетін нығайтуға және Орталық Азиядағы тиісті инфрақұрылымды дамытуға бағытталған БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарламасы (СПЕКА) арқылы Қазақстан ЭСКАТО-мен ынтымақтасады. БҰҰ ДБ-мен бірлесіп, Нұр-Сұлтанда мемелкеттік қызмет жөніндегі БҰҰ-ның аймақтық хабын құру бойынша жоба сәтті жүзеге асырылуда. Қазақстан 2017-2019 жылдарға арналған «Орталық Азия елдеріндегі гендерлік тұрақты даму мақсаттарын ұлттандыруға жәрдемдесу» тақырыбы бойынша БҰҰ-Әйелдермен бірлескен жобаны жүзеге асыруда. Осы тұрғыда әйелдердің Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды рөлі атап өтілді.

Сыртқы істер министрі ОДМ-ды жүзеге асыру мәселесі ҚР Үкіметінің ерекше бақылауында екенін және бұл мақсаттар мен көрсеткіштердің 80%-ы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің және Қазақстанның стратегиялық даму бағдарламаларының құжаттарымен қамтылғанын атап өтті. Б.Атамқұлов сондай-ақ, 2019 жылы біздің еліміз Нью-Йорктегі жоғары деңгейдегі саяси форум аясында Қазақстанда ОДМ-нің іске асырылуының ерікті ұлттық шолуын ұсынуды жоспарлап отырғанын хабарлады.

Министр Қазақстан әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына ену бойынша өр мақсат қойып отырғанын мәлімдеді. «Сыртқы істер министрлігіне Қазақстанға инвестициялар тарту және елдің экспортын дамыту, оның ішінде халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және тиісті жағдайларды жасауда жаһандық озық тәжірибені зерделеу тапсырылды. Осыған байланысты біз БҰҰ институттарының зияткерлік және әдістемелік әлеуетін пайдаланғымыз келеді», - деді Б.Атамқұлов.

БҰҰ өкілдері Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастық деңгейі тұрақты түрде өсіп келе жатқанын қанағаттанарлықпен атап өтті. Осы тұрғыда олар 1 мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ресми түрде ашылған Алматыда жаңа ғимаратпен БҰҰ-ның 16 құрылымы мен бағдарламасын қамтамасыз еткені үшін Қазақстанға алғысын білдірді.

Кездесу соңында БҰҰ өкілдері АЭФ жұмысының ұйымдастыру мен мазмұндылығының жоғары деңгейін қанағаттанарлықпен атап өтті.

Қосылған : 16.05.2019, 18:15, Өзгертілген : 16.05.2019, 18:15