Қазақстан БҰҰ-дағы төрағалық қарсаңында бітімгершілік іс-әрекетін қарқындатуда

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров бастаған делегация 2017 жылғы 14-16 қараша аралығында Канаданың Ванкувер қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік жөніндегі министрлік конференциясына қатысты.

Форумның алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде генерал-лейтенант Т.Мұхтаров 2018 жылғы қаңтар айына жоспарланған еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы қарсаңында Ұйымның бітімгершілік миссияларына бірлесіп қатысу мәселесі бойынша бірқатар БҰҰ-ның мүше мемлекеттерімен жемісті жұмыс атқарылып отырғанын атап өтті. «Бұл жұмыстар ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне арналған саяси үндеуінде белгілеген бастамаларды тиімді жүзеге асыруға бағытталған», - деп мәлімдеді Қорғаныс министрінің орынбасары.

Іс-шара барысында қазақстандық делегация Канаданың Қорғаныс министрі Харджит Саджан және оның Бірінші орынбасары Джоди Томаспен кездесулер өткізді. Сұхбаттастар соңғы жылдарда Қазақстан мен Канада арасындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастық белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Канада тарапы Астананың бітімгершілік саласындағы іс-әрекеттерінің даму қарқынын жоғары бағалап, халықаралық қауіпсіздік және өңірлік тұрақтылық мәселелері бойынша диалог орнатуға қызығушылығын білдірді.

Сонымен қатар, бұдан бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды, сондай-ақ екіжақты және көпжақты қорғаныс ынтымақтастық аясын кеңейту жолдарын талқылау мақсатында, Қазақстан өкілдері бірқатар шетелдік делегациялар, оның ішінде АҚШ, Жапония, Ирландия, Испания, Италия, Малайзия, Ұлыбритания делегацияларының басшыларымен, сондай-ақ БҰҰ Бейбітшілікті қолдау операциялары жөніндегі Бас хатшысының орынбасары Жан-Пьер Лакруамен екіжақты кездесулер өткізді.

БҰҰ министрлік конференциясына Канаданың Премьер-министрі Джастин Трюдо, Босқындар істері жөніндегі БҰҰ Жоғарғы комиссарының арнайы өкілі Анджелина Джоли, сондай-ақ 80-нен артық БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың ресми делегациялары қатысты.

Қосылған : 17.11.2017, 14:50, Өзгертілген : 17.11.2017, 14:30