Қазақстан-Канада: ынтымақтастықтың азиялық бағыты

2017 жылғы 14-17 қараша аралығында Қазақстанның Канададағы Елшісі Константин Жигалов Британдық Колумбия провинциясында жұмыс сапармен болды. Бұл өңірдің іскерлік орталығы және Үйеңкі жапырағы елінің үшінші ең ірі қаласы болып табылатын Ванкувер, Канада үшін Тынық мұхит және Азияға жол ашатын негізгі «қақпа» ретінде танымал.

Қазақстан Елшілігі және Канаданың Еуразия және Ресейдегі іскерлік қауымдастығының («CERBA») ұйымдастыруымен Британдық Колумбия іскерлік топтарына арнап өткізілген «дөңгелек үстел» сапардың маңызды бөлігі болды. Іс-шара барысында сөйлеген сөзінде Елші К.Жигалов Қазақстан экономикасының «Үшінші жаңғыруы» және «Астана» Халықаралық қаржы орталығы шеңберіндегі екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың даму әлеуетіне назар аударып, 2016 жылы құрылған «Қазақстан-Канада» Іскерлік кеңесінің жемісті жұмысы туралы жан-жақты хабардар етті.

Канаданың ең қарқынды дамып жатқан провинцияларының бірі болып табылатын Британдық Колумбияның бизнес өкілдері тау-кең, машина жасау, қаржы, технологиялық инновация, энергия үнемдеу, кадр даярлау, туризм және басқа салалар бойынша қазақстандық әріптестермен диалог орнатуға зор қызығушылық танытты. Бірқатар компаниялар 2018 жылғы мамыр айында Оттава қаласында жоспарланған Іскерлік кеңестің 3-отырысына қатысуға ниет білдірді.

Британдық Колумбия университетінің (БКУ) шақыруымен Елші К.Жигалов студенттер мен профессорлық-оқытушы құрамының алдында «Бір белдеу, бір жол бастамысы аясындағы Қазақстанның геостратегиялық маңыздылығы» тақырыбы бойынша баяндама жасады.

Жинаған аудиторияға «Нұрлы жол» бағдарламасының басты бағыттары, оны қытайлық «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасымен үйлестіру мүмкіндіктері, сондай-ақ, қазақстандық-қытайлық Ляньюнгань терминалының әлеуеті мен Канаданың Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкіне қатысуын ескере отырып, Канадамен Азия бағыты бойынша өзара іс-әрекет күшейту перспективалары туралы жан-жақты ақпарат жеткізілді. Қазақстанның сыртқы саяси бастамалары, субөңірлік қауіпсіздік мәселелері, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмыстары мен 2018 жылғы қаңтардағы БҰҰ ҚК-дегі төрағалығына да ерекше назар аударылды.

Елші К.Жигалов Британдық Колумбияда оқып, Ванкувердегі қазақстандық диаспораға арналған мәдени іс-шараларға белсенді қатысып жатқан студенттердің санының өсіп келе жатқанын құптады. Британдық Колумбияның зерттеушілері мен сарапшыларымен БКУ-нің «Үлкен Орталық Азия» жаңа бастамасы аясында мәдени-гуманитарлық және ғылыми салалардағы өзара іс-әрекетті нығайту мәселелері нақты талқыланды.

Қосылған : 18.11.2017, 11:25, Өзгертілген : 18.11.2017, 14:30