Қазақстан-Канада: Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы әріптестік

Қазақстан экономикасының үшінші жаңғыруы аясында Қазақстан мен Канада арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және тереңдетуге айқын перспективалар бар. Бұны Оттава қаласындағы Карлтон университетінде өткен «Қазақстан-Канада: болашаққа ұмтылу» тақырыбындағы конференция барысында Қазақстан Республикасының Канададағы Елшісі Константин Жигалов мәлімдеді. Іс-шара ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауын іске асыру аясында екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылауға арналған.

Өз баяндамасында Елші Қазақстанның үшінші жаңғыруының тарихи алғышарттары мен басты басымдықтарын, сондай-ақ халықаралық сахнада кеңінен қолданған Мемлекет басшысының сыртқы саяси бастамаларын жан-жақты түсіндірді. 2018 жылғы қаңтар айында сәтті аяқталған еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығына және оның басты іс-шарасы – қазақстандық көшбасшының төрағалығымен өткен «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты жоғары деңгейдегі кездесуге ерекше көңіл бөлінді.

Конференция барысында үшінші жаңғырудың басымдықтары бүгінгі күнге дейін қарқынды дамып келген Астана мен Оттава арасындағы әріптестіктің негізгі бағыттарына сай келетіні атап өтілді. «Біздің елдерімізде барқатар ұқсастық бар - континенттік климат, экономикалық дамудағы энергетика және агроөнеркәсіптік кешенінің рөлі, инновациялар мен цифрландыруға деген басты назар, көпұлтты және еңбекқор халық – бұның бәрі тараптардың бәсекелік артықшылықтарының негізінде екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік беруде», – деп айтты Елші К.Жигалов. Сонымен қатар, ол Астана Халықаралық мамандандырылған "ЭКСПО-2017" көрмесінің сәтті өткізілуі және «Астана» Халықаралық қаржы орталығы мен канадалық серіктестер, оның ішінде Торонтодағы қор биржасымен белсенді диалогын ерекше атап өтті.

Бүгінгі күнде Канада Қазақстанның 10 ең ірі инвесторларының қатарына кіреді. Екі ел арасында тау-кен және мұнай, машина жасау, ауыл шаруашылығы, білім беру, мемлекеттік қызмет салалары бойынша әртараптандырылған сауда-экономикалық карым-қатынастар дамып келеді. Оған қоса, әуеғарыш, жаңартылатын энергия, инжиниринг және экономиканың басқа да маңызды салалары бойынша перспективалық ынтымақтастық орнатылуда. 2015 жылы құрылған «Қазақстан-Канада» Іскерлік кеңесінің жұмысына 100-ден астам компаниялар қатысуда, оның үшінші отырысы 2018 жылғы маусым айында Оттава қаласында жоспарланған.

Қосылған : 8.02.2018, 20:00, Өзгертілген : 8.02.2018, 21:00