Қ. Әбдірахманов: Елбасының Қазақстан халықына Жолдауы және еліміздегі іске асырылып жатқан жаңғырту үрдістері Еуропалық Одақпен ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашуда

Астана, 2018 жылғы 22 ақпан – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы және елімізде іске асырылып жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларды біріктіретін жаңғырту үрдістері Еуропалық Одақпен сандық экономика құру, энергияны тиімді пайдалану, білім беру саласын жетілдіру және басқа да көптеген салаларда ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашуда. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бүгін Астанада өтіп жатқан «Еуропалық Одақ – Орталық Азия арасындағы қарым-қатынастарының 25 жылдығы: өткеннен келешекке» атты халықаралық конференцияның ашылуында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.

ЕО-ның Орталық Азия бойынша 2007 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан Стратегиясын жаңарту процессі шеңберінде ұйымдастырылған конференция жұмысына Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі Питер Буриан, Еуропалық сыртқы іс қимылдар қызметінің делегациясы, мемлекеттік органдары, үкіметтік емес ұйымдар және дипломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның және Орталық Азия мен Еуропа елдерінің беделді зерттеулер орталықтары мен жоғары оқу орындарының мамандары қатысты.

ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов өз сөзінде Қазақстан Еуропалық Одақтың Орталық Азияға арналған ЕО Стратегиясын жаңарту туралы шешімін қолдайды және оны өзектендіру бойынша нақты ұсыныстар жасауға дайын екендігін атап өтті.

Бағдарламалық құжат 2019 жылдың ортасына қарай дайын болады деп күтілуде. Онда ынтымақтастықты одан әрі дамытудың негізгі басымдықтары белгіленетін болады.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында қойылған міндеттерді орындауда Еуропалық Одақпен әріптестікке ерекше назар аударады.

Қазақстан ЕО-ның Орталық Азияға арнаған жаңа Стратегиясын әзірлеу кезінде аймақ елдерінің қажеттіліктерін ескере отырып бағдарламалық құжаттың практикалық әсерін арттыруға баса назар аударуға шақырды. Ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде жеке кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту аталды.

«Біз ЕО-ның Орталық Азиядағы әртүрлі жобаларға жеке еуропалық капиталды тартуға көмектесетін жаңа механизмдерді әзірлеуді ұсынамыз. Бұл еуропалық компаниялардың өңірлік нарыққа шығуына және аймақтағы ЕО-ның ұстанымын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады», - деді ҚР СІМ басшысы.

Энергия тиімділігін арттыру, білім беру саласындағы ынтымақтастықты жалғастыру, қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын ұтымды пайдалану және климаттың өзгеруіне қарсы тұру саласындағы ынтымақтастық бағыттары перспективалық болып табылады. Соңғы әлемдегі тенденцияларды ескере отырып, сандық ортаны құру ынтымақтастықтың ерекше басымдығы болуы тиіс.

Транзиттік-көліктік әлеуетті дамыту туралы айта келе, Министр Орталық Азияның тек транзиттік аймақ болып қала бермеу қажеттілігін атап өтті. Орталық Азия елдерінің экономикаларын тиімді әртараптандыру және жоғары сұранысқа ие жоғары технологиялық өндірістер құру үшін Еуропалық Одақтың тәжірибесін және көмегін пайдалану қажет.

Бұған қоса, Қазақстан қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың маңызды басымдықтарының бірі болуы тиіс деп санайды. Осы мәнмәтінде еліміздің сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстанның 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі, соның ішінде Кеңестегі қаңтарда өткен төрағалығыныңбасымдықтарына назар аударды.

Министр Еуропалық Одақты аймақаралық ынтымақтастықтың практикалық әсерін арттыру үшін Орталық Азияда неғұрлым өршіл болуға және өзінің өңірлік үдерістерге қатысуын арттыруға шақырды.

Қ.Әбдірахманов Ауғанстан азаматтары үшін ауқымды білім беру бағдарламасын жалғастыру түріндегі осы елді одан әрі қолдау жөніндегі Астананың жоспарларын іске асыруда еуропалық тараптың әлеуетті рөлін ерекше атап өтті.

Конференция қатысушылары ЕО-ның еліміздегі және аймақтағы қызметін қамтитын кең ауқымды мәселелер бойынша, сондай-ақ Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастық пен ортақ жетістіктер бойынша пікір алмасуға мүмкіндік алды.


Қосылған : 22.02.2018, 11:00, Өзгертілген : 22.02.2018, 11:00