Қазақстан-Канада қарым-қатынастары

Жалпы мәліметтер

Қазақстан Республикасы мен Канада арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 ж. 10 сәуірде орнатылды.

2008 ж. мамырдан бастап ҚР-дың Канададағы Елшілігі мен Торонтодағы Консулдығы қызмет атқаруда (1997-2008 жж. Торонтода ҚР Консулдығы жұмыс істеді).

2018 ж. сәуірден бастап Қазақстан Республикасының Канададағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып Ақылбек Камалдинов табылады.

1994 ж. Канаданың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы ашылып, 1995 ж. ол Елшілік мәртебесін алды.

2017 ж. қазаннан бастап Канаданың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып Николя Бруссо табылады.

Ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық базасына Экономикалық ынтымақтастық туралы декларация (1992 ж.), Өзара қарым-қатынастардың қағидалары туралы декларация (1995 ж.), Өзара сауда туралы келісім (1997 ж.), Қосарланған салық салуды болдырмау туралы шарт (1998 ж.), Екіжақты экономикалық серіктестікті нығайту жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары (2003 ж.), Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарт (2003 ж.), Экономикалық ынтымақтастық, сауда және инвестиция салаларындағы өзара түсіністік меморандумы (2009 ж.), Ауыл шаруашылығы министрліктері арасындағы өзара түсіністік меморандумы (2012 ж.) енеді. 2013 ж. Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы үкіметаралық келісімге қол қойылды. 2017 ж. қарашада ЯСЖТШ-тың іске асырылуын қадағалауды күшейту мақсатында ҚР Энергетика министрлігі мен Канада СІМ арасындағы асыл газдар мониторингінің радионуклидтік станциясына мүліктік салым салу бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Саяси ынтымақтастық

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Канадаға 2003 ж. маусымда орын алған алғашқы ресми сапары Қазақстан мен Канада арасындағы қарым-қатынастар тарихындағы маңызды оқиғаға айналып, саяси диалог, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың берік негізін құрды.

Мемлекет басшысы 2016 ж. тамызда Ханчжоуда G20 Саммиті барысында Премьер-министр Дж.Трюдомен кездесті. 2012-2017 жж. мемлекеттік органдардың басшылары, парламентшілер мен іскерлік топтардың сапарлары белсенді өтікізілді.

Халықаралық сахнадағы екіжақты диалогтың күн тәртібіне ЖЖҚ-ны таратпау, терроризм, бітімгершілік, Ауғанстан мен Орталық Азия мәселелері кіреді. БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық форумдар шеңберіндегі ықпалдастық нығайып келеді.

Канада өкілдері Әлем және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, Астана экономикалық форумы, Еуразия медиа форумы және ҚР-да өтетін басқа да халықаралық іс-шараларға қатысуда.

Парламентаралық диалог шеңберінде ек ел 2012, 2014 және 2017 жж. жоғары деңгейдегі парламенттік делегациялармен алмасты. 2015 ж. қазанда өткен парламенттік сайлаудан кейін «Қазақстан-Канада» Парламентаралық ынтымақтастық тобын Қауымдар палатасы Сыртқы істер және халықаралық даму комитетінің төрағасы Р.Нолт және Сенаттағы Билік партиясының басшысы Дж.Дей басқарды. ҚР Парламенті Палаталарында да Канадамен өзара ынтымақтастық жөніндегі топтар құрылды.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық

Іскерлік серіктестік ҚР мен Канада арасындағы екіжақты қарым-қатынастар дамуының «локомотиві» болып табылады. 2013 ж. Канада Қазақстанды өзінің «Шетелдік нарықтардағы жаһандық іс-қимыл жоспары» шеңберіндегі басым елдер тізіміне енгізді. 2014 ж. басталған «мұнай» дағдарысына дейін Қазақстан Канаданың тек ТМД-дағы ғана емес, сонымен қатар Шығыс және Орталық Еуропадағы басты сауда әріптесі болып табылды. 2012-2014 жж. екіжақты тауар айналымының жиынтық көлемі $7 млрд. асты.

Табиғи ресурстарға бағаның құлдырауы, валюта нарығындағы құбылмалылық және басқа да факторлар салдарынан тауар айналымы көлемі қысқарып, 2016 ж. $392,2 млн. және 2017 ж. $373 млн. құрады (импорт – 153 млн., экспорт – 220 млн.).

Канада Қазақстандағы ең ірі 10 шетелдік инвесторлары қатарына енеді. ҚР Ұлттық банкінің мәліметтері бойынша, 2005 ж. – 2017 ж. қыркүйек арасындағы мерзімде Канададан Қазақстанға құйылған ТШИ-дің жалпы көлемі $4,61 млрд. құрады.

Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қою мен оның 2014 ж. күшіне енуі Қазақстан-Канада әріптестігі үшін маңызды оқиға болды. Ол уран саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді. Қазақстан уран өндіру бойынша әлемдегі бірінші орынға, ал Канада екінші орынға ие.

Қазақстанның маңызды канадалық әріптесі болып «Cameco Corporation» табылады. Ол ҚР Президенті жаңындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі құрамына кіреді және 1992 ж. бері ҚР уран өнеркәсібіне, соның ішінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-пен бірге «Инкай» бірлескен кәсіпорнын дамыту шеңберінде, $400 млн. астам инвестиция құйды. 2016 ж. мамырда Астанада «Қазатомөнеркәсіп» пен «Cameco» келесі 30 жылға (2045 ж. дейін) ортақ жобаларды жүзеге асыру туралы жаңа келісімге қол қойды. Бұл Қазақстан мен Канада арасында уран саласындағы іскерлік серіктестікті дамытудың стратегиялық маңызын растады.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың басқа да маңызды салалары болып тау-кен өнеркәсібі, геологиялық барлау, ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп кешені табылады. Бизнес-делегациялармен алмасу, соның ішінде Канаданың әлеммен іскерлік байланыстарын кеңейтуде маңызды рөл атқаратын канадалық провинциялар деңгейінде, тұрақты түрде жіргізілуде.

«Қазатомөнеркәсіп» төрағасы Ғ.Пірматов пен «Cameco» Президенті Т.Гитцель 2015 ж. құрылған «Қазақстан-Канада» Іскерлік кеңесіне (ҚКІС) басшылық етеді. 2016-2017 жж. ҚКІС-тің екі отырысы Астанада өткізілді. Оның жұмысына екі елден 100-ден астам компаниялар қатысып, 6 жұмыс топтарының отырыстары өткізіледі: 1) тау-кен өнеркәсібі мен табиғи ресурстар; 2) ауыл шаруашылығы мен азық-түлік секторы; 3) мұнай-газ саласы (өндіріс пен технологиялар); 4) инфрақұрылым мен құрылыс; 5) көлік (соның ішінде, т/ж көлігі мен азаматтық авиация); 6) қаржы мен банкинг.

ҚКІС-тің 3-ші отырысын екі елдің іскерлік және үкіметтік топтарының қатысуымен 2018 ж. жазда Оттавада өткізу жоспарлануда.

Серіктестіктің жаңа перспективті бағыттары болып аэроғарыштық сала (2016 ж. ҚР және Канада аэроғарыштық агенттіктері арасындағы ынтымақтастық туралы мемарандумды пысықтау жұмыстары басталды), әскери-өнеркәсіптік кешен (канадалық «Magnum Integrated Technologies» компаниясымен бірге Қарағанды облысында Қазақстандағы бірінші патрон зауытын салу үшін жабдықтар мен технологияларды жеткізу шарты жүзеге асырылуда), инжиниринг, баламалы энергетика, қаржы мен банкинг саналады.

Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық

Қазақстан мен Канада арасындағы қарым-қатынаста білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту үлкен әлеуетке ие. Кәсіптік-техникалық біліммен қатар, жоғары білім, қолданбалы ғылымдар, ірі технологиялық орталықтарды құру тәжірибесі және т.б. бағыттары перспективті болып көрінеді.

Ақтау қаласында «APEC-Petrotechnic» Аймақаралық мұнай-газ саласындағы мамандарды дайындау және қайта дайындау орталығын құру мен дамыту білім саласындағы басты ортақ жоба болып қалуда. Канадалық тараптан стратегиялық әріптес болып Оңтүстік Альберта политехникалық институты (SAIT Polytechnic) табылады.

Өзіндік мультикультурализм үлгісін дамып жатқан Канадамен ұлтаралық қарым-қатынастар мен дінаралық келісім саласы бойынша ықпалдасу аса маңызды болып табылады. Ага Хан Қоры (ханзада Кәрім Ага Хан IV Канаданың құрметті азаматы болып табылады) және оның аясында құрылған Жаһандық плюрализм орталығымен байланыстарды дамыту перспективті болып табылады.

Қазақстанның Канададағы Елшілігі қазақстандық диаспора мен Қазақстаннан бала асырап алған отбасылардың қатысуымен мәдени іс-шараларлы жиі түрде өткізеді. Спорттық алмасу орнатылды – екі елдің өкілдері кәсіби хоккей, бокс және басқа да спорт түрлерінде көрінеді.

Қосылған : 6.11.2016, 18:50, Өзгертілген : 20.04.2018, 01:00