Польша президентінің Қазақстанға сапары жемісті болды - Нұрсұлтан Назарбаев

Қазақстан мен Польша барлық саладағы екіжақты іс-қимылды ілгерілетін болады. Бұл туралы бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Польша президенті Анджей Дудамен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін бірлескен мәлімдеме жасау барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Ең алдымен менің шақыртуымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен тұңғыш рет келіп отырған Польша президентін шын жүректен құттықтаймын, сапарыңызға табыс тілеймін. Қазақстан мен Польшаның 25 жылдан бері дәстүрлі достық, серіктестік қатынастар байланыстырып келеді. Мен өткен жылы бұл елге тұңғыш сапармен барып келгенмін. Бұл сапар екі елдің арасындағы қарым-қатынасты ұлғайтуға үлкен үлес қосты деп санаймын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Польша президентінің Қазақстанға келуі «ЭКСПО-2017» көрмесінің өтуімен тұспа-тұс келіп отырғанын, Үкіметтер, Парламенттер, министрліктер арасында екіжақты тығыз ынтымақтастық нақты дамып келе жатқанын айтты. «Президент Дуда екеуіміз 2016 жылы Варшавада болған және бүгін Астанада өткен келіссөздер барысында өзара тиімді ынтымақтастықтың жай-күйін, болашақта не істеу керектігін талқыладық. Қазіргі келіссөздеріміз нәтижелі болды. Біз көптеген салада екіжақты іс-қимылды одан ары ілгерілететін боламыз. Толық пайдаланылмай отырған сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне баса назар аудардық. Қазақстан нарығында Польша іскерлік топтарының саны артып келеді. Бізде әсіресе ауыл шаруашылығы, энергетика, химия, көлік, құрылыс салаларында 115 поляк кәсіпорны жұмыс істейді. Азия мен Еуропа арасында жүк тасымалдау мәселесінде Қазақстан мен Польшаның көлік-транзит әлеуетін арттыру - алдымызда тұрған міндет», - деді Елбасы. Сонымен қатар Қазақстан Президенті келіссөздер барысында ғылым мен білім салаларына да айрықша мән берілгенін атап өтті. «Қазақстаннан барған 700 жас студент Польшаның университеттерінде білім алып жатыр. Халықаралық аренадағы да өзекті мәселелерге жан-жақты тоқталдық. Жалпы алғанда Польша президентінің сапары жемісті болды деп санаймын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қосылған : 6.09.2017, 12:45, Өзгертілген : 6.09.2017, 12:45