Қазақстан және Беларусь президенттері шағын құрамда келіссөздер өткізді

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Минкіге ресми сапары аясында Беларусь президенті Александр Лукашенкомен шағын құрамдағы келіссөздер өткізді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Минскіден хабарлайды.

Кездесу барысында Елбасы беларусь әріптесіне шақыруы үшін ризашылығын білдірді және бұл сапардың екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнауының 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғандығын баса айтты.

«Осы жылдардың ішінде біз сізбен бірге достық пен ықтымақтастықтың қуатты экономикалық, саяси базасын қалыптастырдық. Қиын жағдайда сіз, Александр Григорьевич еліңіз үшін көп іс тыңдырдыңыз. Беларусь дамыған нағыз еуропалық елге айналды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бүгінде беларусь тауары әлемдік нарыққа жол тартып, ауыл шаруашылығының жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отырғандығын баса айтты.

«Сонымен қатар сіздің табандылығыңыздың арқасында бүгінде Қазақстанда 260 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде. Біздің сөрелерімізде беларусь ауыл шаруашылығы тауарлары өнімдері қойылған. Беларусь жиһаз дүкендерін барлық қалалардан табуға болады. Машина жасау саласында БелАЗ, МТЗ сынды 6 бірлескен кәсіпорын бізде жұмыс істеп тұр. Бүгінгі бизнес форум барысында біздің іскер адамдарымыз Қазақстанға ондаған БелАЗ, жаңа теникалар жеткізу туралы жаңа келісімге қол қоятындығын білемін», - деді Қазақстан Президенті.

Елбасы дағдарыс болған жылдардың ішінде екі елдің арасында тауар айналымы құлдырап кеткендігін еске салды.

«Алайда тауар айналымы осы жылдың 10 айында 60 пайызға көтерілді», - деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Беларусь Президенті Қазақстанның жетістіктеріне бүкіл беларусь халқы қуанып отыратындығын атап өтті және екі елдің арасында құлдырап кеткен экономикалық байланыстардың қайта жандана бастағандығын атап айтты.

Меніңше, бүгінгі сіздің осы сапарыңыз екі елдің арасындағы тауар айналымының артуына тың серпін береді деп ойлаймын. Ол үшін бізде әлеует жеткілікті. Осы жерде отырған мамандарымыз, екі елдің Үкімет мүшелері бізге жаңа бағыттар ұсынатын болады деп сенемін», - деді А.Лукашенко.

Қосылған : 29.11.2017, 13:45, Өзгертілген : 29.11.2017, 13:45