Бақытжан Сағынтаев Астанадағы «Еуразиялық апталық» форумын ашып берді

Астанада жыл сайынғы «Еуразиялық апталық» халықаралық форум жұмысын бастады. Шараны Еуразиялық экономикалық одақ елдері ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бұл шараның ауқымы мемлекеттік сектор мен бизнес қоғамдастық арасындағы өзара тығыз іс-қимылды нығайтып қана қоймай, ары қарай интеграциялық үдерістерді арттыруға мүмкіндік береді. Осында Қазақстан атынан әр саладағы экспортқа негізделген 80-ге жуық компания келіп отыр. Бұл өз кезегінде елдегі тың байланыстарды пысықтауға көмектеседі. Бүгінде Қазақстанда ЕАЭО елдерімен бірлескен сегіз мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеуде. Менің ойымша, осындай қадамдар кәсіпорындар тарапынан елдің интеграциясын қолдаудың жақсы көрсеткіші. Біз алдағы уақытта да кәсіпорындар тізімін кеңейтуге мүдделіміз», - деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев. Форумға қатысу үшін Астанаға әлемнің 42 елінен мемлекеттік билік органдарының, іскерлік топтар мен бизнес қоғамдастықтың өкілдері келді. Жалпы шараға екі мыңнан астам адам жиналды.

Қосылған : 24.08.2017, 12:10, Өзгертілген : 24.08.2017, 12:10