Қазақстан Үкіметі Біріккен Ұлттар Ұйымымен Солтүстік және Орталық Азия үшін Субөңірлік бөлімшеге арналған әкімшілік және қаржылық рәсімдерге қатысты келісім жобасын әзірлеуде

Қазақстан Республикасының Үкіметі «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Солтүстік және Орталық Азия үшін Субөңірлік бөлімшеге арналған әкімшілік және қаржылық рәсімдерге қатысты келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына арналған құжаттар пакетін әзірлеуде.

2016 жылғы 11 шілдеде Бангкок қаласында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Солтүстік және Орталық Азия үшін Субөңірлік бөлімшеге арналған әкімшілік және қаржылық рәсімдерге қатысты келісімге қол қойылды.

БҰҰ Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (АзТМЭӘК) Солтүстік және Орталық Азия үшін Субөңірлік бөлімшесі БҰҰ Бас Ассамблеяның 2008 жылғы 24 желтоқсандағы 63/260 қарарын, сондай-ақ Алматы қаласында Халықаралық көпжақты дипломатия Хабын құру туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын және 2011 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының арасындағы Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының Солтүстік және Орталық Азияға арналған Субөңірлік бөлімшесін құруға қатысты келісімнің 8-бабын орындау мақсатында құрылды.

Келісім Алматы қаласындағы 2013 жылғы қарашада ресми түрде ашылған Солтүстік және Орталық Азияға арналған Субөңірлік бөлімшенің жұмысын қамтамасыз етуге жәрдемдеседі.

Сонымен қатар, Келісім транзиттік сауда, су және энергетика салаларындағы біріккен жобалар бойынша ҚР-дың АзТМЭӘК-мен ықпалдастығын нығайта түседі, сондай-ақ қазақстандық тарапқа Бөлімшенің жұмысына және кейбір бағдарламаларды іске асыруға бөлінетін ерікті жарна бойынша Бөлімшеден жыл сайынғы есеп алуға мүмкіндік береді.

Келісімде Ұлттық заңнамадағыдан өзгеше нормалардың бар болуын ескере отырып, аталған Келісім «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы Заңының 5 және 11 баптарына сәйкес ратификациялануы тиіс. Заңды қабылдау республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық және құқықтық жағымсыз салдарларға әкеліп соқпайды.

Қосылған : 6.03.2017, 12:10, Өзгертілген : 6.03.2017, 12:10