Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2019 жылғы 2 қыркүйек (жалғасы)

Жетінші. Ұлттық қорды тиімді пайдалану мәселесі.

Ұлттық қор қаражатының ағымдағы мәселелерді шешуге жұмсалуын қысқарту қажет.   

Бұл – келешек ұрпақтың қаржысы.

Ұлттық қордың трансферттері бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға бағытталған бағдарламаларды және жобаларды жүзеге асыру үшін ғана бөлінуі керек.

Кепілдендірілген трансферт көлемі 2022 жылдан бастап бірте-бірте 2 триллион теңгеге дейін азаюы тиіс. 

Қор қаржысын пайдаланудың анағұрлым тиімді инвестициялық саясатын жүргізген жөн.

Үкіметке Ұлттық Банкпен бірлесіп, жыл соңына дейін Ұлттық қордың қаржысына иелік етуді жетілдіру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын.

Сегізінші. Еңбекақы төлеу деңгейін арттыру.

Кен өндіру саласындағы ірі кәсіпорындардың табысы артқанмен азаматтарымыздың жалақысыайтарлықтай өспегенін көріп отырмыз. 

Халықтың әлеуметтік жағдайы туралы айтылып отырғандықтан, Үкімет бұл мәселеде табандылық танытуы керек.

Үкіметке еңбекақы төлеу қорын арттыру үшін жұмыс берушілерді ынталандыру мәселесін пысықтауды тапсырамын. 

 

ІV. ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ.

Еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуы тиіс – экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу.

Әлеуметтік салада мынадай бағыттарға баса мән беру керек.

Бірінші. Білім беру сапасын жақсарту.

Біздің елімізде еңбек ресурстарының балансын  есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленген жоқ.

Шын мәнінде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған.

Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады.

Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде.

Біз оқушылардың қабілетін айқындап,  кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет.

Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс.

Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндіктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек.

Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады.

Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. 

Сондықтан, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды
20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын.

Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек.

Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын.

Үкімет пен әкімдер осындай балалардың үйірмелер мен орталықтарға, жазғы лагерьлерге баруы үшін мүмкіндік жасауы керек. 

Енді жоғары білімнің сапасына жеке тоқталғым келеді.

Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр.

Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесін қарау керек.

Терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміз бар екені де жасырын емес.

Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы біз оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш саламыз.

Білім саласына қатысты тағы бір мәселе – қаржыландырудың біркелкі болмауы және өңірлік басқарудың қазіргі жүйесінің тиімсіздігі.        

Білім бөлімдерін басқару және бюджет қаржысын әкімшілендіру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге беру керек.   

Білім берудің барлық деңгейінде дербес қаржыландыру тәртібін енгізу қажет.

Тағы бір өзекті мәселе. Бұл – оқулық сапасының төмендігі.

Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету ­– тиісті министрліктің тікелей міндеті.

Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды. 

Сондықтан, мен Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттырудытапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз.

Ғылым саласындағы ахуал ерекше назар аударуды талап етеді. Біз ғылымсыз еліміздің дамуын қамтамасыз ете алмаймыз.

Отандық ғылым жүйесі қаншалықты сапалы әрі тиімді? Бұл  – басқа мәселе.

Үкімет аталған мәселені ғылыми зерттеулердің деңгейін көтеру және оларды тәжірибеде қолдану тұрғысынан қарастырғаны жөн.

Екінші. Отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру.

Бала құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне басымдық беруіміз қажет.

Жасөспірімдер арасында көбейіп кеткен суицид мәселесімен мақсатты түрде айналысу керек.

Біз зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен олардың отбасын қорғау жөнінде толыққанды бағдарламаәзірлеуіміз қажет.

Қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр.

Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек.

Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет.

Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз.

Мен бұл туралы өзімнің сайлау алдындағы бағдарламамда айттым. Үкіметке енді осы мақсатқа үш жыл ішінде кем дегенде 58 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.

Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді.

Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды.

Спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек.

Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастарды.

Осы бағдарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, сондай-ақ Бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспарқабылдау қажет.  

2020 жыл «Волонтер жылы» деп жарияланды. Еріктілер қызметіне азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейту, олардың бойында белсенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағды қалыптастыру – маңызды міндет.

Бұл – азаматтық қоғамды нығайту жөніндегі жұмысымыздың маңызды құрамдас бөлігі.

Үшінші. Медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Бұл жерде халықтың денсаулығына байланысты, әсіресе, ана мен сәби өліміне қатыстыкөрсеткіштердің өңірлік теңгерімсіздігі айқын көрінеді.

Дегенмен, бұл көрсеткіш төмендеп келеді. Бірақ әлі де жоғары, сондай-ақ  дамыған елдердің деңгейінен айтарлықтай көп.

Үкімет әр өңір бойынша медицинадағы нақты дерттер топтамасы жөнінде басымдықтар тізімін жасап, соның негізінде бюджеттен қаржы бөлуі қажет.  

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады.

Әрқайсысыңызға мына нәрсені айтқым келеді: мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінсақтайды. Оны қаржыландыруға алдағы үш жыл ішінде 2,8 триллионнан астам теңге бөлінеді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүзеге асырылуы медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған.

Үшжылдық бюджет аясында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосымша 2,3 триллионнан астам теңге бөлінеді.

Үкімет әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің беделіне тағы да нұқсан келтірмеу үшін оны жүзеге асыру мәселесіне зор жауапкершілікпен қарауы қажет.

Біздің қателесуге құқымыз жоқ.

Төртінші. Мәдениет қызметкерлерін қолдау.

Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз.

Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе.

Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ.

Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды.

Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде.

Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі тиіс.

Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек.

Бесінші. Әлеуметтік көмек көрсету жүйесін одан әрі дамыту.

Мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Алайда, бірқатар шешімдер жан-жақты сарапталмай қабылданды. 

Нәтижесінде бұл патерналистік пиғылдың айтарлықтай артуына әкеп соқтырды. Соңғы 5 жылда Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 77 мыңнан 1,4 миллионнан астам адамғаартқан.

Әлеуметтік көмекке бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі 2017 жылдан бері 17 есе көбейді және одан да арта түсті.

Басқаша айтқанда, жұмыс істегісі келмейтін адамдар немесе әлеуметтік көмек алу үшін өздерінің табысын жасыратындар көбейді. Жағдайы бар отбасылардың әлеуметтік көмек алатыны туралы деректер бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болатын.

Тағы да атап өтемін. Конституция бойынша біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан мемлекетіміз азаматтар алдындағы міндеттерін орындауы тиіс.

Үкімет өз жұмысында осы қағидатты басшылыққа алуға міндетті. Ал, резервтерді тиімсіз шығындарды азайту және табысты арттыру есебінен қалыптастыру қажет.

Мұндай резервтердің бар екені сөзсіз. Қаржы министрлігі табысты арттыру үшін жұмыс жүргізуде. Алайда, қосымша күш жұмсау керек. Мәселен, кеден ісіне қатысты.

Елбасы «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің отырысында мемлекеттік сатып алулар үдерісін ретке келтіру мәселесінеерекше мән берді. Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуды оңтайландырумен айналысып жатыр, бірақ заңнамалық сипаттағы шаралар қажет.

Мемлекеттік сатып алудың әлеуеті зор (кейбір есептеулер бойынша, жылына 400 миллиард теңгеге дейін жетеді). Бұл қаржыны өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсауға болады.

2018 жылы мемлекеттік сатып алу көлемі 4,4 триллион теңгені құрады, соның 3,3 триллион теңгесінемесе 75 пайызы бәсекеден тыс тәсілмен бір көзден алу арқылы жұмсалған.  

Шенеуніктер мен түрлі делдалдарды пайдаға кенелтіп отырған бұл табыс көзін жабатын кез келді.

Атаулы әлеуметтік көмекке қайта оралайық. Үкімет оны бөлу тәртібін реттеуі керек. Бұл жүйе ашық әрі әділетті болып, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс. Көмек, негізінен, жұмыс істейтіндерге берілуі тиіс.

Сонымен бірге, аз қамтылған отбасылардың балаларына қамқорлық көрсету керек. Олар үшін кепілдендірілген әлеуметтік көмекті енгізу қажет. Бұл дегеніміз – мектеп жасына дейінгі балаларға үнемі қолдау көрсету, барлық оқушыға тегін ыстық тамақ беру, оларды оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз ету, медициналық, соның ішінде стоматологиялық көмек алу және қоғамдық көліктерде жүру шығындарын өтеу.

Осыған қатысты шешімдердің барлығы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі тиіс.

Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп бір ай ішінде көп балалы аналарды микро- және шағын бизнеске жұмылдыратын, соның ішінде үй жағдайында кәсіппен айналысатындарды да қамтитын арнайы бағдарлама әзірлеуі қажет.

Алтыншы. Еліміздің зейнетақы жүйесін дамыту саласына ерекше тоқталғым келеді. Мұнда да қордаланып қалған мәселелер жеткілікті.

Қазіргі кезде зейнетақы жинағының жетіспеушілігі онша сезілмейді. Алайда, 10 жылдан кейін жағдай өзгеруі мүмкін. Жұмыс істеп, зейнетақы қорын толықтырып жатқан азаматтар саны азаяды. Ал, зейнеткерлер саны арта түседі.

Бұл ретте, зейнетақы активінен түсетін инвестициялық табыс пен жинақ деңгейі төмен болып қала бермек.

Сондықтан Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізуі керек.

Қазір жұмыс істеп жүрген адам өзінің зейнетақы жинағын тек зейнетке шыққаннан соң ғана пайдалана алады.

Бірақ олардың бұл қаражатты зейнетке шыққанға дейін пайдаланғысы келетіні түсінікті жағдай.

Жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырамын.

Шығындарды оңтайландыру және активтерді инвестициялық басқару сапасын жақсарту мақсатымен Үкіметке ортақ әлеуметтік қор құру және бірыңғай әлеуметтік төлем енгізу арқылы әлеуметтік қамсыздандырудың бюджеттен тыс жүйесін жұмылдыру мәселесін пысықтауды тапсырамын.

 

V. ҚУАТТЫ ӨҢІРЛЕР – ҚУАТТЫ ЕЛ.

Бұл бағытта мынадай міндеттерге баса мән беру керек.

Бірінші. Жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру.

Жергілікті билік тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы тиіс. Бұл аксиома әлі де бүгінгі күннің шындығына айналмай отыр.

Пилоттық жоба ретінде тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесіненгізу қажет деп санаймын.

Мысалы, егер сауалнама немесе онлайн-дауыс беру нәтижесінде тұрғындардың 30 пайызынан астамықала немесе ауыл әкімінің жұмысын тиімсіз деп есептесе, бұл Президент Әкімшілігінің арнайы комиссия құрып, туындаған мәселені зерттеуіне және тиісті ұсыным енгізуіне негіз бола алады.

Екінші. Бюджетаралық қатынастар жүйесін реформалау.

Бюджетаралық қатынастардың қазіргі жүйесі түрлі деңгейдегі әкімдіктерді жергілікті дамудың негізгі көздерін, яғни шағын және орта бизнесті өркендетуге ынталандыра алмай отырғаны анық. Өңірлер қосымша табыс көзін іздестіруге құлықсыз.

Келесі жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін қосымша салық түсімдері өңірлердің құзыретіне берілетін болады.

Бірақ бұл да жеткіліксіз. Бюджет үдерісінің барлық деңгейде ұйымдастырылуын қайта қарастыруқажеттігі туындап отыр. Жергілікті  бюджетті қалыптастыруға халықтың белсене атсалысуы бұл істе үлкен рөл атқаруы тиіс.

Аудандық, қалалық және ауылдық деңгейдегі билік жергілікті маңызы бар міндеттерді шешу барысында экономикалық тұрғыдан мейлінше дербес болуы тиіс. Олардың құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі заңнамалық актілерде нақты белгіленуі керек.

Үшінші. Басқарылатын урбанизация және бірыңғай тұрғын үй саясаты.

Бұған дейін қабылданған «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» және «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңдар өзінің тиімділігін көрсетті. Бірақ, бүгінде бұл заңдарды жетілдіру қажет.

Ең ірі үш қала әкімдіктерінің құзыретін, соның ішінде қала құрылысы саясаты, көлік инфрақұрылымы, қала сәулетін қалыптастыру саласындағы құзыреттерін кеңейту керек.

Республикалық маңызы бар қалалардағы халық санының көптігі қазіргі кезде мақтанарлық жағдай емес, керісінше тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету тұрғысынан алаңдаушылыққа негізболып отыр.

Ірі қалалардың тұрғындары көбейіп келе жатқаны байқалады. Сонымен қатар, жаңа тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған Павлодар және Петропавл сынды қалаларда адамдар мен еңбек ресурстарының тапшылығы бар.

Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауы тиіс.

Мен сайлау алдындағы бағдарламамда бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеу қажеттігін айтқан болатынмын.

Негізгі қағидат – тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру.

Үкімет жүйесіз бағдарламалар қабылдау тәжірибесін тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеуі қажет.

Мәселен, бастапқыда әлеуметтік мүддеге орайластырылған «7-20-25» бағдарламасы аясында қарыз алушының отбасылық табысы орташа есеппен айына 320 мың теңгені құрауы тиіс. Табысы аз адамдар  бұған қатыса алмай отыр.

Сондықтан биыл Елбасының бастамасы бойынша 2 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен, пайыздық алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын жаңа «Бақытты Отбасы» бағдарламасы іске қосылды. Бұл – өте тиімді жеңілдік.

Жыл соңына дейін бұл бағдарлама бойынша кем дегенде 6 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Бірінші кезекте, көпбалалы және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар қамтылатын болады. 2020 жылдан бастап жыл сайын осындай 10 мың отбасы баспанамен қамтылады.

Үкімет бағдарламаға қатысуға арналған айқын критерийлер белгілеп, оны қатаң әкімшілендіруді қамтамасыз етуі керек. Шын мәнінде көмекке мұқтаж жандарға ғана қолдау көрсетілуі тиіс.

Менің Үкіметке тапсырмам – кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу керек. Бүгінде олардың саны 30 мыңға жуық.  

Баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәртібімен қоныстану үшін мүмкіндік беру қажет.

Мемлекет 2022 жылға қарай осы мақсаттарға сәйкес 240 миллиард теңгеден астам қаражат бөледі.

Жеке бизнесті осы жұмыстарға тарту үшін жаңа шаралар қабылдап, мемлекет-жекеменшік әріптестік тетіктерінжұмылдырған жөн.

Азаматтар әкімдік беретін әлеуметтік пәтерлерге кезекке тұру және оның жылжу үдерісінің ашық болмай отырғанына наразы.

Үкімет жыл соңына дейін жалдамалы пәтерлерге, сондай-ақ «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген баспана заемын алуға кезекте тұрғандарды есепке алудың ұлттық бірыңғай жүйесінқұруы керек.

Коммуналдық желілердің тозуы 65 пайыздан 57 пайызға төмендегеніне қарамастан, бұл көрсеткіш жоғары болып отыр.

Бұдан бөлек, көп пәтерлі 78 мың үйдің 18 мыңнан астамы жөндеуді қажет етеді.

Өңірлерге тұрғын үй қорын жаңғырту және жөндеу үшін екі жыл ішінде бюджеттік несие түрінде 30 миллиард теңгеденастам қаражат бөлу керек.

Үкіметке осы тетікті енгізу мүмкіндігін қарастырып, қаражаттың тиімді игерілуін қатаң бақылауға алуды тапсырамын.

2022 жылға қарай өңірлерді дамыту бюджеті 800 миллиард теңгеден асып кетеді.

Әкімдерге жергілікті мәслихаттармен бірігіп, осы қаражаттың жартысын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту ісін бірлесе қаржыландыруға және өңір тұрғындарының өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге  бағыттаудықамтамасыз етуді тапсырамын.

Төртінші. Инфрақұрылымды дамыту.

Еліміздің әр аймағының тұрғындарының таза ауыз суға, табиғи газға, көлік инфрақұрылымына қол жеткізу деңгейі біркелкі емес екені белгілі.

Осы теңсіздікті жою үшін жұмысты жандандыру қажет.

Елбасының тапсырмасы бойынша «Сарыарқа» газ құбырының магистралды желісінің бірінші кезектегі құрылысы аяқталып келеді.

Келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласында және Қарағанды, содан соң Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында тарату желілерін салу жұмыстары басталады.

Мемлекет осы мақсатқа сәйкес 56 миллиард теңге бөліп отыр. Нәтижесінде 2,7 миллионнан астам адам табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады.

Алдағы үш жыл ішінде тұрғындарды таза ауыз сумен және су жеткізумен  қамтамасыз етуге шамамен 250 миллиард теңге бөлінеді.

Атқарушы билік органдары «Нұрлы жол» бағдарламасын толық және сапалы іске асыруға баса мән беруі керек.

Бұл – стратегиялық жоба. Соның арқасында бүкіл көлік инфрақұрылымы жаңғыртылады.

Осы мақсатқа орай, мемлекет 2022 жылға дейін 1,2 триллион теңгеден астам инвестиция салады.

Үкімет бұған дейін де көп қаражат бөлген болатын, бірақ оның көбі құмға сіңген судай жоқ болып кетті. Ашығын айтсақ, шенеуніктердің қалтасына кетті, ал таза су, жол және басқа да инфрақұрылымның жағдайы әлі де сол күйінде.

Бұл жолы Үкімет пен Парламент Есеп комитетімен бірлесіп, бюджет қаражатын толығымен тиімді пайдалануды қамтамасыз етуі тиіс.

Үкімет экологияны жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту, қоршаған ортаны сақтау ісін дәріптеу жұмыстарын жандандыруы керек. Осы орайда «Бірге – Таза Қазақстан» науқаны – қолдауға тұрарлық жоба. Бұл жұмысты жалғастыру керек.

Парламент Экологиялық кодекстің жаңа редакциясын талқылап, қабылдауы қажет.

Жалпы, Үкімет алдағы кезеңде жұмыстың тиімділігін арттыруы тиіс. Халық нақты нәтиже күтіп отыр.

Құрметті отандастар!

Біз елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Осы маңызды міндеттерді сапалы орындауымыз керек.

Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс. 

Мен мемлекеттік органдардан жұмысты жедел атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуді талап етемін.

Реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейді.

Әрбір министрде және әкімде нәтижелі жұмыстың негізгі көрсеткіштерінің тізімі болуы тиіс.

Сол арқылы олардың нақты мақсатқа қол жеткізу деңгейі анықталады. 

Үкімет мүшелеріне, мемлекеттік органдар мен өңірлердің, мемлекеттік компаниялардың және мекемелердің басшыларына тиісті реформаның жүзеге асырылуы үшін дербес жауапкершілік жүктеледі.

Осыған байланысты, жақында тиісті Жарлыққа қол қойдым. Бұл Жарлықтың аясында елдегі ахуал, соның ішінде аймақтардағы халықтың жағдайы сауалнама негізінде нақты бағаланатын болады.

Үкіметтің әлеуметтік және экономикалық саясатқа жауапты құрылымдары қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес алдын-ала нақты жұмыс жүргізуі қажет. Бұл үшін бақылау, талдау және болжау жүйесін неғұрлым  күшейту керек.

Сондықтан депутаттарымыздың өтінішіне орай Парламент жанынан Заңнаманы зерделеу және сараптау институтынқұру жөнінде тапсырма беремін.

Аталған құрылым заңдарымыздың сапасын арттыруға ықпал етуі тиіс.

Қадірлі қазақстандықтар!

Халқымызды толғандыратын барлық мәселелер бізге белгілі.

Осыған орай, ахуалды жақсарту үшін іс-қимыл жоспары әзірленіп жатыр. 

Бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр.

Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын.

Қазақстан – ортақ шаңырағымыз!

Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын!

Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі.

Ұлы Абай өзінің алтыншы қара сөзінде «Бірлік – ақылға бірлік» дегенін білесіздер.

Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қанатты сөзі – біздің айнымас қағидамыз.

Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді.

Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық.

Бәріміз бірге болсақ, еліміз бұдан да зор жетістікке жетеді деп сенемін!

Баршаңызға амандық, табыс тілеймін!

Қосылған : 2.09.2019, 13:05, Өзгертілген : 2.09.2019, 13:05