Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшісі Данияр Сарекеновтың Малайзия Ауыл шаруашылығы және агроөндіріс министрі Салахуддин Аюбпен кездесуі туралы

Ү.ж. 27 наурызында Куала-Лумпур қаласында ҚР Малайзиядағы Елшісі Данияр Сарекеновтың Малайзия Ауылшаруашылығы және агроөндіріс министрі Салахуддин Аюбпен кездесуі өтті.

Әңгімелесу барысында тараптар агроөнеркәсіптік, халал индустрия, екіжақты сауда-саттық және инвестициялық салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту және оның болашағы жайлы мәселелерді талқылады.

Сонымен бірге, ҚР Тұңғыш Президентінің бастамасымен ИЫҰ аясында ашылған «Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының» (АҚИҰ) жұмысына Куала-Лумпурдың қатысуы агроөндірістік саладағы екіжақты және көпжақты әріптестіктің дамуына жаңаша қарқын беретіндігіне тоқталды. Аталмыш ұйым аясындағы ынтымақтастық түрлі бағытты қамтитындығын және жаңа технологияларды енгізу мен инновациялық өзгерістерге, қажетті гуманитарлық және шұғыл көмек көрсетуге, мүше елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауыл шаруашылық ресурстары мен қаржыларды тиімді пайдалануға оң ықпалын тигізетіндігін атап өтті. Осыған байланысты, Малайзияның АҚИҰ жұмысына қосылу мәселесін қарастыру ұсынылды.

Өз кезегінде министр агроөндіріс саласында Қазақстан Республикасымен ынтымақтастық орнатудың басымдылықтарына оң бағасын бере отырып, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі әлемдік деңгейде өзекті екендігін, сондай-ақ, өз елінің бұл мәселеге ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Министр ұйымның қызметі осы бағытта маңызды қадам болып табылатынын және малайзиялық тараптың осы ұйымның жұмысына үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.
Қосылған : 27.03.2019, 18:00, Өзгертілген : 27.03.2019, 18:05