Дүниежүзілік сауда ұйымы

1947 жылдан бастап қолданылып келе жатқан Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің (ГАТТ) мұрагері болып табылатын Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) өз қызметін 1995 жылғы 1 қаңтардан бастады. ДСҰ көп жақты Уругвай сауда келіссөздері раунды келісімдері пакеттерінің негізінде (1986-1994 жж.) Ұйымға қатысушылардың сауда қатынастарын реттеуге арналған.

ГАТТ/ДСҰ-ның негіз қалаушы қағидаттары мен қағидалары кемсітушіліксіз сауда, яғни саудада неғұрлым қолайлы режим (НҚР) ұсыну және шетелдік тауарлар мен қызметтерге өзара ұлттық режим ұсыну; сауданы негізінен тарифтік әдістермен реттеу; сандық және өзге де шектеулерді қолданудан бас тарту; сауда саясатының транспаренттілігі; сауда дауларын консультациялар мен келіссөздер арқылы шешу және т.б. болып табылады. Сауда дауларын шешу ДСҰ-ның ажырамас бөлігі болып саналады.

ДСҰ-ның маңызды функциялары: Уругвай раунды құжаттары пакетінің келісімдері мен уағдаластықтарының орындалуын бақылау; мүдделі мүше елдер арасында көп жақты сауда келіссөздері мен консультацияларын өткізу; мүше елдердің ұлттық сауда саясаты мониторингі; дамушы елдерге ДСҰ құзыретіне қатысты мәселелер бойынша техникалық жәрдем көрсету; халықаралық мамандандырылған ұйымдармен ынтымақтастық жасау болып табылады.

ДСҰ-ның 164 мүшесі бар, әлемдік сауданың 96% солардың үлесінде. Әдетте, барлық мүшелер консенсустың негізінде шешім қабылдайды. Сондай-ақ, мажоритарлы дауыс беруге де болады, бірақ ол ДСҰ тәжіибесінде әлі болған емес.

ДСҰ-ның жоғарғы басшы органы Министрлік конференциясы болып саналады, ол кемінде екі жылда бір рет шақырылады. Бас кеңес одан бір саты төмен тұр, ол Женева қаласында жылына бірнеше рет өткізіледі. Бас кеңес, сондай-ақ сауда саясатына шолу жасау органы мен дауларды реттеу органының функциясын да атқарады. Одан әрі Сауда кеңесі, Қызметтермен сауда кеңесі мен Зияткерлік меншік мәселелері жөніндегі кеңес (ТРИПС) келеді, олар Бас кеңестің алдында есеп береді. Сонымен қатар, ДСҰ-да қоршаған орта, даму, мүшелікке арналған өтінімдерді қарау және өңірлік сауда келісімдері сияқты көптеген мамандандырылған комитеттер мен жұмыс топтары жұмыс істейді.

Қазақстан ДСҰ Хатшылығына кіру туралы ресми өтінішті оған 1996 жылғы 26 қаңтарда жіберді. 1996 жылғы ақпанда Қазақстанға ДСҰ қадағалаушы елі мәртебесі берілді. Сол жылы Қазақстанның кіруі жөніндегі Жұмыс тобы (бұдан әрі – ЖТ) құрылды, қосылу жөніндегі келіссөздер аяқталған сәтте оның құрамында ДСҰ-ның 52 мүшесі болды.

Қазақстан 2012 жылы ДСҰ-ның 31 елімен нарыққа қол жеткізу және 15 елімен қызметтерге қол жеткізу жөнінде екі жақты келіссөздерді аяқтады. Екі жақты кездесулердің нәтижелері тиісінше Тауарлар бойынша басқаға беру және міндеттемелер тізбесі мен Қызметтер бойынша ерекше міндеттемелер тізбесінде жинақталды және көрсетілді. Тізбелерді верификациялау жұмысы 2015 жылы аяқталды.

2015 жылғы 22 маусымда ЖТ-ның 20-шы ресми отырысында ҚР-дың ДСҰ мүшелігі шарттарын көрсететін құжаттар пакеті қабылданды.

2015 жылғы 27 шілдеде ДСҰ-ның Бас кеңесінің отырысында ҚР-дың ДСҰ-ға кіруі жөніндегі құжаттар пакетін ұйымның барлық мүшелері қабылдады және Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуы жөніндегі хаттамаға қол қою рәсімі болып өтті.

Қазақстан 2015 жылғы 30 қарашада ҚР Парламенті міндеттемелер пакетін ратификациялағаннан соң, Ратификациялау грамотасына (Instrument of Acceptance) қол қойылған және ол ДСҰ Хатшылығына берілгеннен (ашылғаннан) кейін ДСҰ-ның 162-ші мүше болды.

2015 жылғы 15-18 желтоқсанда Найроби қаласында (Кения) Қазақстан ДСҰ-ның 10-шы Министрлік конференциясына Ұйымның толыққанды мүшесі ретінде қатысты.

2016 жылғы 26 мамырда ДСҰ Бас директоры Р. Азеведо Астана қ. ресми сапармен келді және IX Астана экономикалық форумының жұмысына қатысты. Сапар шеңберінде ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Р. Азеведомен екі жақты кездесуі болып өтті, оның барысында ДСҰ Бас директорына достықты нығайтуға және ынтымақтастықты қалыпқа келтіруге қосқан үлесі үшін екінші дәрежелі «Достық» ордені табыс етілді. ҚР Премьер-министрі К. Мәсімовпен кездесуде Р.Азеведоға ДСҰ-ның Сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі келісімін Қазақстанның қабылдайтыны туралы Ратификациялық грамота табыс етілді.

2016 жылғы 19 қазанда Қазақстанға ДСҰ-ның Мемлекеттік сатып алулар комитетінің жанындағы қадағалаушы мәртебесі берілді.

ДСҰ-ның мүшесі ретінде Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына, сондай-ақ Дамушы елдердің Өңірлік Азия тобы туралы Марракеш келісімінің XII бабы бойынша Ұйым мүшелерінің Келіссөздер тобының құрамына кіреді.

Қазақстан ДСҰ мүшелік шеңберінде өз міндеттемелерін сақтайды, қажетті нотификацияларды Хатшылыққа уақытында жібереді және Ұйымның әртүрлі комитеттерінің жұмысына белсене қатысады. Қазіргі уақытта үстіміздегі жылғы 11-14 желтоқсанда Буэнос-Айресте (Аргентина) өтеді деп жоспарланған 11-ші Министрлік конференциясына дайындық жұмысы жүргізілуде.

Қосылған : 3.04.2017, 11:00, Өзгертілген : 3.04.2017, 11:00