ДСҰ аясында Қазақстанның төрағалығымен экологиялық қызметтер саласындағы сауданы ырықтандыру туралы пікірталастар өтті

2019 жылғы 30 қыркүйекте Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова Қызметтер саласындағы сауда жөніндегі кеңестің арнайы сессиясының бесінші отырысын өткізді. Отырыс барысында Австралия, Мексика, Канада, Жаңа Зеландия және Швейцарияның экологиялық жағдайдағы сауда шарттарын ырықтандыру туралы ұсынысы талқыланды. 

Ұсынысты әзірлеушілер экологиялық тауарлар мен қызметтердің халықаралық саудасына нарықты ашу, инвестицияларды тарту, сондай-ақ саладағы инновацияларды дамыту мақсатында көрсетілген саладағы ДСҰ-ға мүше елдердің міндеттемелерін жаңарту бойынша талқылауды бастауға шақырады.

Экологиялық қызметтер – дүниежүзілік қызметтер саудасының өсіп келе жатқан секторы. 2008-2015 жылдар аралығында жылдық өсімі 4% болған кезде экологиялық қызмет маңызды рөл атқаратын экологиялық таза технологиялармен жаһандық сауда-саттық осы кезеңде екі есеге өсті және экспорт 1,15 трлн. АҚШ долларын құрады.

ДСҰ-ға мүше елдердің көпшілігі жаңа ұсынысқа қолдау білдірді, сонымен қоса экологиялар секторын дамытудың ұлттық тәжірибесі туралы, экологиялық ортаны жақсарту және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету үшін ағымдағы саясат пен бастамалар туралы хабарлады. ДСҰ мүшелері сектордағы міндеттемелерді жаңарту бойынша ұсынысты қолдады, және әлеуетті салалары мүдделері арасында ластану деңгейінің мониторингі және ауа тазалығын бақылау, су ресурстарын басқару, қалдықтарды өңдеу, энергия тиімділігін қамтамасыз ету және тағы басқа секторларды атап өтті.

ДСҰ-ға кіру барысында Қазақстан Республикасы экологиялық секторға инвестициялар тарту мақсатында көлемді міндеттемелер қабылдады. Қазақстан сонымен қатар орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін климаттың өзгеру салдарын еңсеруге, таза қоршаған ортаны қамтамасыз етуге ерекше көңіл береді. 

Қосылған : 2.10.2019, 09:55, Өзгертілген : 2.10.2019, 09:55