Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті

БҰҰ штаб-пәтері, Нью-Йорк, АҚШ - Бүгін Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-сессиясының жұмысы аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Ұйымның халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдаудағы, халықаралық қақтығыстардың алдын алу мен реттеудегі басшылық рөлін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның қазіргі заман талаптарына сай бейімделуінде Антониу Гутерриштің белсенді қызметін қолдайтынын білдірді.
Президент БҰҰ БА-ның осы сессиясында көтеріліп отырған "Кедейлікпен күресті жан-жақты күшейтуді ынталандыру, сапалы білім беруге, климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі іс-шараларға және инклюзивтілікке ықпал ету" тақырыбы аса өзекті мәселе екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға әзір. Өйткені бұл құжат біздің елдің алдағы экономикалық және әлеуметтік жаңғырту мәселелері бойынша жариялаған жоспарымен үндеседі.
Өз кезегінде Антониу Гутерриш Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесімен өзара іс-қимылына оң баға берді. Қазақстанның жаһандық ядролық қаруға қарсы күнтәртібінде жетекші рөл атқаратыны, өңірлік қақтығыстарды реттеу ісінде халықаралық күш жұмылдыруы, соның ішінде Сирия мәселесі бойынша өткен Астана процесі аясындағы қомақты үлесі айтылды. Бас хатшы Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2019 жылдың мамыр айында БҰҰ-ның 16 аймақтық өкілдігін бір шаңырақ астына біріктірген Алматы қаласындағы Халықаралық ұйымдар ғимаратын ашқаны үшін алғыс білдірді.
Кездесу барысында Қазақстан мен БҰҰ-ның алдағы өзара практикалық іс-қимылының перспективалары, оның ішінде еліміздің халықаралық ұйым аясында бітімгершілік операцияларға қатысуды кеңейту мүмкіндігі қаралды. Сонымен қатар, тараптар әлемдік саясаттың бірқатар өзекті мәселелері бойынша да пікір алмасты.

Қосылған : 25.09.2019, 10:05, Өзгертілген : 25.09.2019, 10:05