Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығы туралы

НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 29 тамыз - Қазақстан астанасында «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын» ұсынудың салтанатты рәсімі болып өтті. Сыйлық лауреаттары болып Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің (АЭХА) бұрынғы Бас директоры Юкия Амано және Ядролық сынақтарды жаппай тыйым салу шарты (ЯСЖТШ) ұйымының Атқарушы хатшысы Лассина Зербо белгіленді.

Юкия Амано 2019 жылғы 18 шілдеде қайтыс болды. Сыйлықты алу үшін Қазақстанға оның отбасының екі мүшесі – жұбайы Юкика Амано мен ағасы, Жапонияның Женевадағы бұрынғы Тұрақты Өкілі Мари Амано келді. 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев марқұм болған Бас директор Аманоның АЭХА алдындағы негізгі мақсаттарға жетуге қосқан ерекше үлесіне және Агенттік пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне тоқталып, Атқарушы хатшы Зербоның верификациялық режимді нығайтуға және ЯСЖТШ Халықаралық мониторинг желісін құруға бағыттаған жұмысын атап өтті. 

Сыйлықты ұсыну рәсіміне Италияның бұрынғы Сыртқы істер министрі, Сыйлықты ұсыну жөніндегі комитеттің мүшесі Франко Фраттини, АЭХА Бас директорының орынбасары Мэри Элис Хейуорд, Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның бұрынғы Бас директоры Ахмет Узюмджю, Ұлыбританияның бұрынғы қорғаныс министрі және «Ядролық қауіп-қатерді азайту бастамасы» Қоры Төрағасының орынбасары Дэсмонд Браун, БҰҰ Бас Хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелері жөніндегі бұрынғы орынбасары Ша Цзукан, сондай-ақ Халықаралық бейбітшілік бюросының Тең төрағасы Райнер Браун сияқты белгілі қайраткерлер қатысты. 

Іс-шараға қатысушылар Сыйлықтың маңыздылығы және өзектілігін, Қазақстанның қарусыздану мен таратпау саласындағы жетістіктеріндегі Елбасының рөлін, оның өз мемлекетінің ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық мүдделерін ойластыратын жаһандық деңгейдегі саяси қайраткер ретіндегі қызметін, өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған орасан зор үлесін атап өтті.  

«Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығы» 2016 жылы пайда болды. Сыйлықтың алғашқы иегері Таяу Шығыста жаппай қырып-жою қаруынан азат аймақ құруға қолдау көрсеткені және 1.5 млн. сириялық босқындарды қабылдағаны үшін Иорданияның Королі Абдалла II болған еді. 

«Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын» ұсыну рәсімі Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының Семей сынақ алаңын жабу туралы тарихи шешіміне байланысты жүзеге асырылып отыр.

Сынақ алаңын жабу күні (29 тамыз) барлық халықаралық қоғамдастық үшін ерекше мәнге ие – бұл күнді Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдардың халықаралық күні ретінде белгіледі.

Қосылған : 31.08.2019, 13:30, Өзгертілген : 31.08.2019, 14:30