ГФР-дағы ҚР Елшісі «Haller Internationale Spedition und Logistik» көліктік-логистикалық компаниясының 90 жылдық мерейтойына қатысты

МЁГЛИНГЕН, 2019 жылғы 11 қазан – Бүгін Германиядағы бұрыннан келе жатқан көліктік-логистикалық кәсіпорындардың бірі «Haller Internationale Spedition und Logistik»  компаниясының басқарушы директоры, сондай-ақ еліміздің Баден-Вюртемберг федералдық жеріндегі құрметті консулы Доротея Халлер-Лайбленің шақыруымен ГФР-дағы ҚР Елшісі Дәурен Кәріпов кәсіпорынның 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шараға қатысты.

Мерейтойлық жиынға  «Haller» компаниясының басшылар мен қызметкерлері, жергілікті қоғамдық-саяси және іскер топ өкілдері, сондай-ақ ГФР-дың көлік және цифрлық инфрақұрылым Федералдық министрлігінің Парламенттік статс-хатшысы Штеффен Билгер, Штутгарт өңірлік сауда-өнеркәсіп палатасының бас директоры Йоханнес Шмалцл, Баден-Вюртембергтің экспедирлеу және логистика қауымдастығының бас директоры Андрея Маронгиу және Меглингенның мэрі Ребекка Швадерер келді.

Құттықтау сөзінде Елші Д.Кәріпов Қазақстан мен Германияның көліктік-логистикалық саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан ары нығайту және сауда-экономикалық байланысты дамытудың маңыздылығын атап айтты. «Қазақстанда қазірдің өзінде 1500-ден астам бірлескен кәсіпорындар және 900 неміс компаниялары жұмыс істеуде. Бұл тізім неміс көліктік және логистикалық компанияларымен толықса, қуанышты болар едік», - деді Елші өз сөзінде.

Д.Халлер-Лайбле – ҚР-дың ГФР-дағы ең жасы ұлғайған құрметті консулы және Қазақстан-Германия қарым-қатынасының тереңдеуіне қосқан үлесі үшін ҚР-Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың алғыс хатымен марапатталған.

Баден-Вюртембергке жұмыс сапары барысында ү.ж. 12 қазанда Елші Д.Кәріпов қазақтың ұлы композиторы Құрманғазының туындысын орындайтын Штутгарт симфониялық оркестрінің «Sary Arka Suite» концертіне барды.

Қосылған : 11.10.2019, 14:25, Өзгертілген : 11.10.2019, 14:25