Берлин Еуразиялық Клубы алаңында Орталық Азия және Еуропалық Одақ арасындағы ЕО-ның ОА-ға арналған жаңартылған Стратегиясы бойынша тығыз диалог жалғасуда

БРЮССЕЛЬ, 2019 жылғы 9 қазан – Орталық Азия елдерінің Еуропалық Одақпен өзара тиімді өңіраралық ынтымақтастығын орнату мәселелері бүгін Берлин Еуразиялық Клубының (БЕК) «ЕО-ның Орталық Азияға арналған жаңа стратегиясы – өңірлік ынтымақтастықты нығайту» тақырыбында өткен 27-отырысында талқыланды.

Іс-шара тақырыбы Еуропалық Одақ ү.ж. 17 маусымда қабылдаған Еуропалық Одақтың Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдеріне қатысты жаңа стратегиясының саяси, экономикалық және инвестициялық аспектілерін талқылауға бағытталды. Аталған құжат алдағы жылдардағы ЕО-ның біздің аймақтағы өзекті мүмкіндіктерге қатысты саясатын бейімдейтін болады.

Іс-шара жұмысына қатысқан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев бастаған қазақстандық делегация құрамында ҚР-дың Брюссельдегі Елшісі – ЕО мен НАТО-дағы өкілі Айгүл Құспан және ҚР-дың Берлиндегі Елшісі Дәурен Кәріпов болды. Аймақ елдерінен Бельгиядағы аккредиттелген Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның Елшілері, сондай-ақ тәжікстандық және түрікменстандық дипломаттар қатысты.

Одан басқа іс-шараға кездесудің негізгі баяндамашыларының бірі ретінде Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты жөніндегі алқа Мүшесі (Министр) Тимур Жақсылықов қатысты.

Еуропалық тараптан Герман экономикасы Шығыс комитетінің (ГЭШК) Басқарушы директоры Михаэль Хармс, ЕО-ның ОА бойынша Арнайы өкілі Елші Петер Буриан, BMW, BASF, SAP, Shell, Газпром сияқты 50-ден астам еуропалық саяси құрылымдар мен компаниялардың өкілдері және сарапшы қауымдастықтың мүшелері қатысты.

Отырыс аясында ЕО-ның Орталық Азияға арналған Стратегиясын жаңарту процесі  және ЕО-ның Азия аймағымен экономикалық тоғысу жөніндегі қабылданған жаңа Стратегиясынан бастап, ЕАЭО мен қытайлық «Белдеу және Жол» бастамасы бойынша өзара байланыстар орнатуға қатысты тәсілдерді бірлесіп іздестіруге дейінгі бірқатар өңіраралық ынтымақтастықтың мәселелері жан-жақты қарастырылды.

Кездесудің ашылуында Е.Көшербаев аймақтағы жеке кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес, көлік-логистикалық инфрақұрылым, энергетикалық тиімділік, қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзеруімен күрес, сондай-ақ цифрландыру салаларын дамытудағы түрлі бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасында өңіраралық қарым-қатынастың құрылымдық деңгейінің қалыптасқанын ерекше атап айтты. 

Осыған байланысты қазақстандық делегация басшысы 2007 жылы қабылданған ЕО-ның Орталық Азия жөніндегі алғашқы Стратегиясын (бұған бастамашылық еткен неміс тарапы болатын) жаңарту бойынша Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақтың бірлескен жұмысын атап айтты. Соның ішінде Орталық Азия республикаларының Еуропалық Одақпен қалыптасқан шынайы қарым-қатынасы мен стратегиялық серіктестігінің кеңейтілген көкжиегін ескере отырып,  жаңа бағдарламалық құжат ең алдымен аймақ пен Еуропа елдері арасындағы саяси, экономикалық және гуманитарлық қарым-қатынасты тереңдетуге бағытталғаны айтылды.

Одан басқа ҚР СІМ басшысының орынбасары БЕК қатысушыларының назарын болжап білуге болмайтын жаһандық экономикалық конъюктура тұрғысындағы еуразиялық интеграциялық процестердің тоғысуы мәселелерінің өзектілігіне аударды. «ЕО-ның Азиямен қарым-қатынас жөніндегі Стратегиясын ЕО-ның ОА жөніндегі Стратегиясымен тығыз байланыстыра отырып тиімді жүзеге асыру біздің аймақтардың өзара тиімді сауда-экономикалық қарым-қатынас орнатуға, тиісті инфрақұрылым құру, Орталық Азияның өңіраралық транзитті-көліктік хаб болуы тұрғысында одан ары жақындай түсуіне ықпал ететін болады деп үміттенеміз», - деді Е.Көшербаев.

Өз кезегінде ГФР-дағы ҚР Елшісі Д.Кәріпов жаңа Стратегияның Қазақстан-Германия қарым-қатынасының одан ары қарқынды дамуына барынша мүдделі болып табылатын нақты аспектілерін атап айтты. Соның ішінде жеке кәсіпкерлік, шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ ОА елдерінде оңтайлы экономикалық және инвестициялық жағдай жасау ісінде Германияның мол тәжірибесін пайдалану бойынша бірлескен жұмыстарды жандандыру қажеттігіне қатысушылардың назарын аударды.

Бұл тұрғыда қазақстандық дипломаттың айтуынша, біздің аймақ экономиканы тиімді жаңғырту, нарықтық әлеуетті дамыту, экономиканы диверсификациялау үшін Германия сияқты елдердің тәжірибесі мен көмегін қолданып, нәтижесінде Орталық Азия жаһандық экономика жүйесіне сапалы бірігуі қажет.

Отырысқа Орталық Азияның барлық елдерінің делегацияларының қатысуы БЕК қатысушыларына ОА өңіріндегі жағдайға кеңейтілген әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрғыда шолу жасауға, сондай-ақ өңіраралық деңгейдегі қарым-қатынасты одан ары дамыту және нығайтуға бағытталған ынтымақтастықтың ықтимал форматын қарастыруға мүмкіндік берді.

Жалпы 2012 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Германияға ресми сапары аясында бастамашылық еткен БЕК диалогтық алаңы «Үлкен Еуразия» идеясын алға тарту және Еуропа мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықтың ықпалды жолдарын іздестіруде маңызды бастау болды.

2019 жылғы 7 шілдеде Бішкек қаласында өткен ЕО-ОА сыртқы істер министрлерінің 15-отырысы барысында жан-жақты қаралған құрылымдық өңіраралық кооперацияны жетілдіру жөніндегі Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақтың сыртқы саяси ведомстволары атқарған жұмыстардың нәтижелері талқылауға ортақ бағыт берді.

БЕК-тің келесі отырысы 2019 жылғы 6 желтоқсанда Берлинде «Қазақстан және Германия: экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі» тақырыбында өткізу жоспарлануда.

Қосылған : 9.10.2019, 18:20, Өзгертілген : 9.10.2019, 18:20