Зульфия Аманжолова. Каспийдің құқықтық мәртебесі: Ақтау конференциясының мәні

Зульфия АМАНЖОЛОВА,

Қазақстан Республикасы

Сыртқы істер министрлігінің

Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі

Каспийдің құқықтық мәртебесі: Ақтау конференциясының мәні

Бесінші Каспий саммиті. 2018 жылғы 12 тамыз, Ақтау қ. (Akorda.kz)

2018 жылдың 12 тамызы «Каспий бестігінің» тарихында Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан президенттерінің Ақтау қаласында Каспий теңізіндегі қызметтің барлық түрлері бойынша жағалаудағы мемлекеттердің құқықтық режимін анықтайтын іргелі халықаралық шарт – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенциясының қабылдануымен есте қалды.

Конвенция құқықтық реттеуді талап еткен әрбір мәселе бойынша үздіксіз және бірбеткей пікірталастардың, ұзақ және қиын келіссөздердің нәтижесінде пайда болды. Мәселелерді шешуге ұмтылыс, конструктивизм және келіссөз жүргізушілердің өзара түсінушілігі келісімге қол жеткізуге ықпал етті.

Саяси және аумақтық ымыра тұрақты өткізілген консультацияларды, тараптардың әртүрлі форматтардағы ресми және бейресми кездесулерін санамағанда, бес Каспий саммиттерінің, Каспий маңы мемлекеттерінің сыртқы істер министрлерінің жеті кездесуінің, Конвенцияны әзірлеу жөніндегі арнайы жұмыс тобының елу екі отырысының нәтижесінде келді.

Каспий маңы мемлекеттерінің делегациялары барлық тараптардың мүдделерін ескерген іргелі құжат бойынша ауқымды жұмыс істеді. Оны дайындау барысында тараптар әлемдік тәжірибеге сүйенді. Халықаралық теңіз құқығының нормалары Каспий теңізіне бейімделіп, оның құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның мәтінімен бірлестірілді. Сарапшылардың және келіссөздердің проблемаларына тартылған ұлттық органдар ұсыныстарының қолайлы тұжырымдамалары іздеу жұмыстарында кеңінен қолданылды.

АЖТ форматындағы көпжылдық келіссөздер үдерісі 1997 жылдың қаңтарында Алматы қаласында басталғаны, ал оның нәтижелері Каспий теңізінің Халықаралық күнінде оның қазақстандық жағалауында қорытындыланғаны есте қаларлық оқиға. Енді көптен күткен құжат бейресми түрде Ақтау конвенциясы деп аталады.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Бесінші Каспий саммиті барысында дәл айтқан анықтамасы бойынша Конвенция «Каспий теңізінің конституциясы» болып табылады. Шынында да, ол жағалаудағы мемлекеттердің теңіздегі өзара қарым-қатынастарының теңдестірілген халықаралық құқықтық жүйесінің жаңа негізі.

Осы халықаралық шартта теңіздегі қызметтің басты қағидаттары бекітіледі, тараптардың Каспий теңізін, соның ішінде оның суын, су түбін, жер қойнауын, табиғи ресурстарды және теңіз үстіндегі әуе кеңістігін пайдалануға қатысты құқықтары мен міндеттемелері айқындалады.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияда юрисдикция мен егемендіктің ұлттық аймақтарының аражігі ажыратылды; Жер қойнауын пайдалануға, теңізде жүзуге, балық аулауға, әртүрлі құқықтық режимдері бар аймақтарда теңіз ғылыми зерттеулерін жүргізуге егемендік құқықтарды іске асыру тәртібі белгіленді; қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық , сондай-ақ су биологиялық ресурстарын сақтау, ұтымды пайдалану және теңіз ортасын қорғау мәселелері реттелді.

Конвенцияға сәйкес Каспий теңізіне қатысты мәселелер тараптардың айрықша құзыретіне жатқызылып, мемлекеттердің егемендігін, аумақтық тұтастығын, тәуелсіздігін, егемендік теңдігін құрметтеу, күшті немесе күшпен қорқытуды қолданбау, өзара құрмет, ынтымақтастық, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау негізінде жүзеге асырылады.

Каспийдің су кеңістігін бөлуге қатысты жүргізілген күрделі келіссөздердің нәтижесінде өзара қолайлы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Оларға сәйкес Каспий теңізінің акваториясы ішкі сулар, аумақтық сулар, балық аулайтын аймақтар және әртүрлі құқықтық режимдер әрекет ететін ортақ су кеңістігі болып бөлінді.

Каспий маңы мемлекеттері теңіздегі мемлекеттік шекараны он бес мильдік аумақтық сулардың сыртқы шегі бойынша белгілеуге келісті. Бұл ретте, жағалаулары шектесетін мемлекеттер арасында ішкі және аумақтық сулардың ара-жігін ажырату халықаралық құқық қағидаттары мен нормалары ескеріле отырып, олардың арасындағы уағдаластық бойынша жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, аумақтық суларға іргелес он мильдік балық аулау аймағы да белгіленді. Бұл жерде әрбір мемлекет су биологиялық ресурстары кәсіпшілігін жүзеге асыру үшін айрықша құқықты иеленді. Балық аулау квота негізінде жүзеге асырылатын болады. Бекіре тұқымдас балықтардың түрлері, итбалықтар және майшабақтар сияқты биологиялық ортақ су ресурстарына қатысты оларды өндіру және пайдалануды реттеу бойынша келісілген нормалар мен ережелер қолданылады. Биологиялық су ресурстарын сақтау, ортақ биоресурстарды басқару үшін ғылыми зерттеулер негіз ретінде алынды. Тараптар ортақ биологиялық ресурстарды заңсыз аулауға қарсы күрес бойынша өзара міндеттемелер қабылдады.

Балық аулау аймақтары шегінен тысқары ортақ су кеңістігі сақталады. Теңіз шекарасынан тыс теңізде жүзу еркіндігі белгіленді. Ол Тараптардың тиісінше жер қойнауын пайдалану мен балық аулауды айқындайтын егемен және айрықша құқықтарына нұқсан келтірілмей іске асырылады. Каспий теңізінде тек «Каспий бестігінің» тулары астындағы кемелер жүзе алады.

Әрбiр мемлекет жер қойнауын пайдалану туралы егемендік құқығын өзінің су түбіндегі секторының шегінде ғана жүзеге асыратын болады деп келісілді. Теңіздің түбі арқылы су асты кабельдері мен магистральді құбыр жолдарды төсеуге болады, бірақ теңіздің бірегей ортасына зиян келтірмеу үшін қолданыстағы экологиялық талаптар мен стандарттар қатаң сақталуы тиіс. Құбыр жолдарды төсеу үшін трассаларды тиісті Тараптың келісімімен жүзеге асыру қажеттігі маңызды шарт болып табылады.

Барлық көлік құралдары арқылы Каспий теңізінен басқа теңіздерге, Дүниежүзілік мұхитқа және кері қарай транзиттің еркіндігі туралы келісім экономикалық даму үшін қолайлы мүмкіндіктер тудырады. Бұл келісім мемлекеттеріміздің көлік инфрақұрылымын кеңейтудегі күштерін біріктіруге мүмкіндік береді. Осыған байланысты Каспий аймағының транзиттік және көліктік әлеуеті едәуір артады, континентішілік елдердің әлеммен байланысы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, оған бесінші Каспий саммитінде сауда-экономикалық қатынастар мен көлік саласындағы ынтымақтастық туралы «бестік» жасасқан келісімдер жәрдемдеседі.

Конвенцияның экологиялық бөлігін бекіту барысында тараптар бірінші кезекте Каспий теңізіндегі кез-келген қызмет теңіздің қоршаған ортасына және биологиялық әртүрлілігіне зиян келтірмеуі тиіс екендігін басшылыққа алды. Каспий теңізінің экологиялық жүйесі және оның барлық компоненттері толықтай қорғалуы және сақталуы керек. Каспий маңындағы мемлекеттер он жыл бұрын Тегеранда қол қойылған Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенция негізінде осы салада ынтымақтасады, антропогендік әсерлердің теңіз ортасына ықпалын бірлесіп, кешенді түрде реттейді, теңіз маңында орналасқан қайнар көздерді қоса алғанда, түрлі көздерден теңіздің ластануына қатысты мәселелерді шешеді.

Жоғарыда айтылғандармен қатар, Конвенция мүше елдердің аумақтық суларында, балық аулау аймақтары мен секторларында теңіз ғылыми зерттеулерін реттеуге, бекітуге және жүргізуге айрықша құқықтарын жете белгілейді. Аумақтық сулар, балық аулау аймақтары мен теңіз маңындағы мемлекеттердің секторларындағы теңіздегі ғылыми зерттеулер тек олардың жазбаша рұқсатымен және олармен бекітілген шарттармен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.

Конвенцияда Каспий теңізіндегі қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Әскери іс-қимылды жүргізу мүмкіндігі бойынша өзара тиімді шешімге қол жеткізілді. Аймақтағы тұрақтылыққа қатысты жаңа қауіп-қатерлердің туындау ықтималдығы ескеріле отырып, сондай-ақ әскери құрамалардың болу қажеттілігі ескеріле отырып, Каспий теңізіндегі терроризмге қарсы мақсаттар үшін «Каспий теңізіндегі Тараптардың қару-жарақтарының тұрақты теңгерімін қамтамасыз ету, барлық Тараптардың мүдделерін және бір-бірінің қауіпсіздігіне зиян келтірмеу ескеріле отырып, жеткілікті негізде әскери құрылысты жүзеге асыруға» қатысты қағидат қалыптастырылды. Бұл қағидат басқа тұжырымдамалық қағидаттармен, атап айтқанда: «аймақтық қауіпсіздікті және тұрақтылықты нығайту жөніндегі бірлескен күштерге, оның ішінде барлық Тараптар арасындағы халықаралық келісімдерге сәйкес, әскери іс-қимыл саласындағы болжамдылық пен ашықтық рухында келісілген сенім шараларын сақтау, сондай-ақ «Каспий теңізін бейбіт мақсатта пайдалану, бейбітшілік, тату көршілік, достық пен ынтымақтастық аймағына айналдыру, Каспий теңізіне қатысты барлық мәселелерді бейбіт жолмен шешу үшін қолдану» қағидаттарымен өзара байланыста қарастырылады.

Бесінші Каспий саммитінің Коммюникесінде теңіз маңындағы мемлекет басшыларының қауіпсіздік саласындағы мәлімдемелерін қамтамасыз ету бойынша ортақ түсінігі Каспий теңізіндегі әскери іс-қимыл саласындағы келісілген сенім шараларын әзірлеу және қабылдау қажеттілігі туралы тезисінде көрініс тапты.

Біз Каспий маңы елдеріне тиесілі емес қарулы күштердің теңізде болмауының маңызды принципі туралы ортақ шешімге қол жеткіздік.

Жоғарыда айтылған қағидаттарды дамыту мақсатында Ақтау қаласында әскери кемелердің жүзу және қарулы күштердің әуе кемелерінің ұшу ережелерін анықтайтын Каспий теңізінде жанжалдың алдын алу туралы келісім жасалды.

Конвенцияда Каспийдегі кез-келген заңсыз әрекетке ұжымдық қарсы тұру туралы уағдаластық бар. Ақтау саммиті аясында оны іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында терроризмге және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, сондай-ақ шекаралық қызметтердің өзара іс-қимылы жөніндегі ынтымақтастық туралы үш үкіметаралық хаттамаға қол қойылды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақтау қаласындағы саммитте Конвенцияның маңызы туралы айта отырып, аталған Конвенция тиімді құқықтық режимді қалыптастырумен қатар бесжақты ынтымақтастық тарихында жаңа кезеңге жол ашатындығын және Каспий маңы мемлекеттерінің жаңа жағдайлардағы ынтымақтастығына ықпал ететінін атап өтті.

Бүгінгі күні Каспий маңы мемлекеттері Каспий теңізіндегі түрлі қызмет салаларында өзара қарым-қатынастар жүйесін нығайта түсті. Каспий теңiзiнiң құқықтық мәртебесi туралы конвенциямен бірге, біз он жетi бесжақты халықаралық шарттардан тұратын құқықтық негізді иеленеміз. Құқықтық негіз жаңа қажетті құжаттармен толықтырылып, кеңейтілетін болады. Жақын арада тараптар Конвенцияны ратификациялайды, себебі бұл оның күшіне енуінің қажетті шарты болып табылады.

Конвенция жасасу арқылы Каспий маңы мемлекеттері әлемге өздерінің әлеуетін іске асыру, перспективаларын кеңейтуге ықпал ететін тиімді механизмін құрудағы өз бірлігін көрсетті. Өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және жаңа транзиттік-көлік инфрақұрылымын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Аймақтық және ресурстық мәселелердің жиынтығын реттеу ықтимал келіспеушіліктерді шешуге бағытталған. Бұл өңірдегі орнықты даму мен тұрақтылыққа ықпал ететін болады, елдеріміздегі барлық салаларға жағымды әсер етеді.


Қосылған : 21.12.2018, 11:45, Өзгертілген : 21.12.2018, 11:45