​Жәнібек ИМАНӘЛИЕВ "ҰҚШҰ: ұжымдық ынтымақтастық құралдары арқылы Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету"

Жәнібек ИМАНӘЛИЕВ,

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жанындағы Тұрақты кеңестегі

Қазақстан Республикасының Өкілетті өкілі

ҰҚШҰ: ұжымдық ынтымақтастық құралдары арқылы Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету


ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы. Минск қ., 2017 ж. 30 қараша. (Akorda.kz)

2018 жылы Қазақстан өзіне Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымында (ҰҚШҰ) Төрағалық ету рөлін бастады. Мұндай шешім 2017 жылғы 30 қарашада Минскіде өткен ҰҚШҰ-ның жоғары органы – құрамына осы Ұйымның мемлекет басшылары кіретін Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық отырысында қабылданды.

Біздің ҰҚШҰ-да төрағалық ету кезеңімізде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мүше мемлекеттердің тарапынан түгелдей қолдау тапқан бес басымдықты көтерді. Олардың ішінде: әскери саладағы өзара іс-қимыл құралдарын кеңейту; практикалық әскери-техникалық ынтымақтастықты ұйымдастыру; халықаралық жаһандық терроризмге қарсы іс-қимыл жүйесін қалыптастыруға ҰҚШҰ-ның қатысуы; мүше мемлекеттердің киберқауіпсіздік қатерлеріне ден қоюының бірлескен шаралары; есірткілердің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыру бар.

Осылайша, ағымдағы жылы Еуразия кеңістігінің негізгі әскери-саяси ұйымы Қазақстан белгілеген басым бағыттардың шеңберінде дамитын болады және оның қызметі біздің кең байтақ өңіріміздегі ұжымдық қауіпсіздікті одан әрі нығайтуға бағытталады.

***

Халықаралық қатынастардың осы заманғы жүйесінде мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған көпжақты ынтымақтастық форматтарына толық қатысусыз күрделі және аз тиімділікті болады.

Қазақстан Республикасы БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ және т.б. сияқты беделді және танымал халықаралық ұйымдардың белсенді қатысушысы болып табылады. Ағымдағы кезеңде Орталық Азияның кең байтақ өңірінде қауіпсіздікті нығайтуға біздің еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамындағы белсенді жұмысы ықпал етеді. Оның үстіне, Мемлекет басшысының бастамасы бойынша ЕАЭО және АӨІСШК сияқты маңызды халықаралық құрылымдар да құрылып, тиімді жұмыс істеуде.

Сонымен бірге, Қазақстанның Еуразиялық өңір бойынша қауіпсіздік саласындағы әріптестермен көп жақты ынтымақтастығының практикалық форматтарының бірі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы болып табылатындығы даусыз.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының негізінде құрылған халықаралық әскери-саяси ұйым бүгінде алты елді біріктіреді. ҰҚШҰ бойынша Қазақстанның әріптестері: Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан болып табылады.

Ұйым бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты, мүше мемлекеттердің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін негізінен саяси құралдармен ұжымдық негізде қорғауды мақсат етеді.

Сонымен бірге, негізгі Шарттың 4-бабында егер қатысушы мемлекеттердің бірі әскери агрессияға ұшыраса, онда бұл ҰҚШҰ-ның барлық мүше мемлекеттеріне жасалған агрессия ретінде қаралатын болады, олар БҰҰ Жарғысының 51-бабына сәйкес мұқтаж болған мемлекетке әскери көмекті қоса алғанда, барлық қажетті көмекті дереу ұсынатын болады.

Осылайша, ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және мүше мемлекеттерге, оның ішінде Қазақстанға төнетін ықтимал сын-қатерлер мен қауіптердің алдын алудың нақты механизмі болып табылады.

Бұл мән-мәтінде ҰҚШҰ желісі бойынша өзара іс-қимыл шеңберінде мүше мемлекеттер әскери ынтымақтастыққа маңызды мән береді. Мәселен, Ұйымның шеңберінде ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының пәрменді кешені жасалған. Бұл ретте әрбір жыл сайын ҰҚШҰ ұжымдық күштерін ұйымдастыру және басқару жүйесі жетілдірілуде.

Қазақстан Президентінің бастамасы бойынша Жедел ден қоюдың ұжымдық күштері (ЖДҰК) құрылды, олар бүгінгі таңда 20 мыңнан астам адамы бар жеке құрамды қамтиды. Сарапшылар мүше мемлекеттердің осы заманғы қару-жарақпен жабдықталған қарулы күштердің әскери қимылдарға барынша қабілетті құрамалары екендігін атап көрсетеді. ҰҚШҰ күштері мен құралдары жүйесінде Орталық Азия өңірінің Жедел өрістету ұжымдық күштері (ОАӨ ЖӨҰК) жеке-дара көрсетілген, Ұйымның бітімгершілік әлеуеті қалыптастырылып, нығаюда.

ҰҚШҰ күштері мен құралдарының әскери даярлығын арттыру және әскери реттілігін қамтамасыз ету үшін жыл сайынғы негізде әртүрлі оқу-жаттығулар өткізіледі. Мысалы, 2017 жылы Қазақстанда ҰҚШҰ бітімгершілік контингенттерінің «Мызғымас бауырластық-2017» оқу-жаттығулары, Арменияда Жедел ден қою ұжымдық күштерінің «Өзара іс-қимыл-2017» оқу-жаттығулары өткізілді.

2018 жылы бірлескен жедел-әскери даярлықтың іс-шаралар кешені жоспарлануда. Оқу-жаттығулар сериясы «Әскери бауырластық-2018» атауын иеленетін болады. Ағымдағы жылғы негізгі іс-шаралар Ресей мен Қырғызстанның аумағына жоспарланған.

ҰҚШҰ шеңберіндегі дағдарыстық ден қою механизмін дамытуға ерекше назар аударылады. 2016 жылы Дағдарыстық ден қою орталығы құрылды, оған туындайтын дағдарыстық құбылыстарға, оның ішінде табиғи және техногендік сипаттағыларға жедел ден қоюға мүмкіндік беретін ҰҚШҰ жарғылық органдарының шешімдерін ақпараттық-талдау және ұйымдық-техникалық сүйемелдеу жөніндегі функциялар жүктелген.

ҰҚШҰ елдерінің әскери-техникалық және әскери-экономикалық ынтымақтастығы нығаюда. Ұйымның шеңберінде Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы келісімге, Қару-жарақ пен әскери техниканы стандарттау тұжырымдамасына, Әскери-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына және басқа да жүйе құраушы құжаттарға қол қойылып, олар іске асырылуда.

Осы құқықтық актілердің қабылдануымен ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер қару-жарақ пен әскери техниканың үйлесімділігін арттыруға бағытталған әскери стандарттарды бірлесіп әзірлейтін болды, бұл тұтастай алғанда Қазақстанның және Ұйымның басқа да елдерінің қорғаныс өнеркәсібін дамытуға ықпал ететін болады. Біздің елдеріміздің қарулы күштері мен басқа да күштік құрылымдарының кадрларын даярлау және қайта даярлаудың тиімді жүйесі қалыптасты.

Әр жыл сайын ҰҚШҰ мүше мемлекеттерінің қауіпсіздіктің өзекті сын-тегеуріндері мен қатерлеріне қарсы іс-қимыл желісі бойынша өзара іс-әрекеті күшеюде.

Атап айтқанда, ҰҚШҰ антитеррористік күштік әлеуетін нығайту, ҰҚШҰ елдері азаматтарының шет елдерге террористік шабуылдың белсенді ошақтарына шығуына жол бермеу жөнінде бірлескен ескерту-профилактикалық іс-шараларын өткізу бойынша мүше мемлекеттердің күштерін үйлестіруді жетілдіру жөніндегі жұмыс жандануда, терроризм және экстремизм қылмыстарын жасауға қатысы бар адамдарды іздестіру, ұстау және экстрадициялау бойынша әрекеттер механизмі пысықталуда.

ҰҚШҰ елдерінің халықаралық терроризмнің көріністеріне қарсы күресіндегі маңызды қадам Ұйым форматында террористік деп танылған ұйымдардың бірыңғай тізімін қалыптастыру туралы шешім болды. Қазіргі кезде ҰҚШҰ-ның басқа елдерімен бірлесіп осындай тізім қалыптастырылуда. Осылайша, тараптар келісу процесінен кейін қызметіне ҰҚШҰ-ның барлық елдерінде тыйым салынатын террористік ұйымдардың бірыңғай тізбесіне шыға алады. Террористік құрылымдарды ұжымдық тану желісі бойынша осындай деңгейдегі өзара іс-қимыл әзірше бір де бір халықаралық ұйымда жоқ.

ҰҚШҰ форматындағы ынтымақтастықтың тағы бір өзекті бағыты Ауғанстан аумағынан туындайтын ықтимал қауіптердің жолын кесу болып табылады. Ұйымның форматында ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері Кеңесінің жанынан Ауғанстан жөніндегі жұмыс тобы құрылды және табысты жұмыс істеуде, ол осы елдегі, және бірінші кезекте Ауғанстанның солтүстігіндегі ахуалды жүйелі негізде қадағалайды және мүше мемлекеттердің басшылығы шешімдер қабылдау үшін мәндік ұсынымдар дайындайды. Осылайша, ҰҚШҰ өңірлік және жаһандық деңгейлерде терроризмге қарсы іс-қимылдың халықаралық жүйесінің құрылуына елеулі үлес қосады.

Есірткілердің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыру үшін ҰҚШҰ мүше мемлекеттерінің арасында үлкен жұмыс көлемі жүргізілуде. 2020 жылға дейін есептелген ҰҚШҰ мүше мемлекеттерінің Есірткіге қарсы стратегиясы іске асырылуда, ол аталған кезеңге қарай есірткілердің заңсыз айналымының ауқымын, сондай-ақ Ұйым елдерінде оларды медициналық емес пайдаланудың көлемін елеулі түрде азайтуға бағытталған.

ҰҚШҰ шеңберіндегі есірткілердің заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі «Арна» жедел-профилактикалық кешенді операциясын өткізуді ұйымдастыру мен оның тактикасы жетілдірілуде, оның жұмысына әлемнің 22 елінің құқық қорғау органдары тартылады. Мысалы, осы операцияны жүргізудің 11 жылы ішінде есірткілердің 360 тоннадан астамы заңсыз айналымнан алынды, 2017 жылы ғана операцияның төрт кезеңі өткізілді, 20 тоннадан астам есірткі алынды.

Заңсыз көші-қон халықаралық ауқымдағы елеулі проблема болып қалып отыр. Көші-қонды бақылаудың өзектілігі халықаралық терроризм мен есірткі трафигі қаупінің жағдайында ерекше артып отыр. Сондықтан, ҰҚШҰ елдері заңсыз көші-қонға қарсы күресте «Заңсыз» деген жалпы атаудағы жедел-профилактикалық іс-шаралар мен арнайы операциялар кешенін тұрақты түрде жүргізеді, олардың барысында ҰҚШҰ елдерінің арнайы қызметтері мен құқық қорғау органдары халықаралық іздеуде жүрген бір жарым мыңға жуық адамды ұстады.

Бүгінде әр жыл өткен сайын іс жүзінде әлемнің барлық мемлекеттерінің ақпараттық жүйелері тұрақты түрде ұшырайтын кибершабуылдарға қарсы іс-қимыл проблемасы күрделі өзектілікке айналып келеді. Деструктивтік күштер ақпараттық технологияларды барған сайын белсенді түрде пайдалануда. Мәселен, террористік және экстремистік ұйымдар өздерінің қылмыстық идеологиясын ілгерілету және жаңа мүшелер тарту үшін әлеуметтік желілерді, танымал мессенджерлерді шебер пайдаланады.

Осыған байланысты, бүгінде мүше мемлекеттердің киберқауіпсіздік қатерлерінің алдын алу жөніндегі бірлескен қызметі ҰҚШҰ жұмысының жалпы күн тәртібінде басым позицияларға шығуда. 2015 жылы ҰҚШҰ компьютерлік оқиғаларға ден қою жөніндегі Үйлестіру консультациялық орталығы құрылды. Тараптар осы алаңда белсенді түрде ынтымақтасады және өз әрекеттерін үйлестіреді.

Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың практикалық механизмдері жүйелі түрде пысықталады. Ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың жолын кесу мақсатында «Прокси» операциясы жыл сайынғы негізде өткізіледі. 2009 жылдан бастап ҰҚШҰ мемлекеттерінің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін 80 мыңға жуық ақпараттық ресурс анықталды. Олардың 33,5 мыңының жұмысы тоқтатыла тұрды, 15 мыңнан астам қылмыстық іс қозғалды. Бұл ретте 2017 жылдың қорытындылары бойынша ғана ҰҚШҰ елдерінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін 23 мыңнан астам ақпараттық ресурс анықталды, олардың 20 мыңынан астамы бұғатталды.

Осы саладағы қызметтің маңызды қорытындыларының бірі 2017 жылғы 30 қарашада Минскіде ҰҚШҰ мүше мемлекеттерінің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге қол қою болды. Құжат осы салада өсіп отырған сын-тегеуріндерді ескергенде, ерекше өзектілікті білдіреді.

Қазақстан ақпараттық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру даярланған кадрларсыз мүмкін болмайтындығын негізге алады. Осыған байланысты, ҰҚШҰ мүше мемлекеттерінің бейінді министрліктері мен ведомстволары мамандарының Мәскеу инженерлік-физикалық институтының (МИФИ) базасында «ақпараттық қауіпсіздік» тақырыбы бойынша біліктілігін арттыру жөніндегі жоба іске асырылуда. Қазақстан сарапшылары да осы жұмысқа қатысады.

Ұйым шеңберіндегі саяси ынтымақтастық дәстүрлі түрде маңызды болып қала береді. ҰҚШҰ шеңберінде бірнеше рет мемлекет басшылары деңгейіндегі отырыстар жыл сайын өткізіледі, жылына бірнеше рет әртүрлі алаңдарда сыртқы істер министрлері кездеседі, Ұйым елдерінің қауіпсіздік кеңестері хатшылары мен қорғаныс министрлерінің кездесулері жарты жылда бір рет өткізіледі.

ҰҚШҰ Тұрақты кеңесінің шеңберінде жыл сайын белсенді жұмыс жүргізілуде, оның құрамына мүше мемлекеттердің өкілетті тұрақты өкілдері кіреді. ҰҚШҰ елдерінің ірі астаналарындағы және халықаралық ұйымдардың жанындағы елшілер желілері бойынша өзара іс-қимыл жолға қойылған. Біздің елдеріміздің әртүрлі ведомстволарының бейінді құрылымдық бөлімшелері басшыларының консультациялары жоспарлы негізге шығарылды.

Халықаралық келісімдер мен шарттардың кең көлемін әзірлеу және бекіту осы өзара іс-қимылдың қорытындысы болып табылады, олар ҰҚШҰ шеңберінде елуден астам, халықаралық өзекті проблемалар бойынша әртүрлі шешімдер мен саяси мәлімдемелер қабылданады, Ұйымның одан әрі дамуының стратегиялық негізі қалыптастырылады.

Мәселен, 2016 жылы 2025 жылға дейін есептелген ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік стратегиясы бекітілді. Құжатты жасау жұмысы бес жылдан астам уақыт жүргізілді, мүше мемлекеттердің барлық позициялары ескерілді, ҰҚШҰ жауапкершілік өңіріндегі және тұтастай әлемдегі ахуалдың дамуының болжамдық бағалары назарға алынды. Өткен жылы мемлекет басшыларының деңгейінде Стратегияның барлық ережелерін іске асыруға бағытталған нақты іс-шаралар жоспары бекітілді.

2017 жылғы саммитте өткен жыл ішіндегі жұмыстың негізгі қорытындылары және мемлекеттердің өзекті қауіпсіздік проблемалары бойынша пайымы көрсетілген Мерейтойлық декларацияның қабылдануын тағы бір мысал ретінде келтіруге болады. Бұл құжат, басқа да саяси мәлімдемелер сияқты негізгі халықаралық ұйымдарға және БАҚ-тарға таратылады. Мерейтойлық декларацияның мәтінінде халықаралық келіссөздер үшін Астана алаңын беру арқылы Сириядағы жағдайды саяси тұрғыдан реттеу жөніндегі Қазақстанның қызметінің көрсетілгенінің қағидаттық маңызы бар.

Осылайша, ҰҚШҰ шеңберінде қабылданатын барлық құжаттарда әрқашан Қазақстанның мүдделері толық ескеріледі, Астананың халықаралық қауіпсіздік проблемаларын шешудегі рөлі атап көрсетіледі, Ұйымның дамуына қосқан біздің үлесіміз аталады.

ҰҚШҰ халықаралық қатынастардың толық құқықты субъектісі бола отырып, халықаралық және өңірлік жетекші ұйымдармен, оның ішінде БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, ШЫҰ және көптеген басқа да ұйымдармен сындарлы және өзара тиімді қатынастарды жолға қойды.

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелерінің қатарына кіруімен екі ұйымның ынтымақтастығы елеулі түрде жанданды, ол БҰҰ мен ҰҚШҰ жұмысының күн тәртібіне ортақ мәселелерді белсенді түрде ілгерілетеді.

2017 жыл ішінде БҰҰ мен ҰҚШҰ хатшылықтары басшылығының сындарлы байланыстары болып өтті. Атап айтқанда, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Владимир Воронковпен кездесу барысында ҰҚШҰ Бас хатшысы Юрий Хачатуров БҰҰ Контртеррористік басқармасымен ынтымақтастық мәселелерін талқылады, ал ҰҚШҰ Хатшылығы басшысының БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Жан Пьер Лакруамен кездесуінде бітімгершілік операцияларының желісі бойынша өзара іс-қимылдың әртүрлі аспектілері талқыланды.

2017 жылғы қарашадағы Мәскеуге сапары барысында ЕҚЫҰ Бас хатшысы Томас Гремингер ҰҚШҰ Тұрақты кеңесінің отырысына қатысты және Ұйымның Бас хатшысы Ю.Хачатуровпен кездесті. Осы байланыстардың барысында Т.Гремингер екі ұйымның арасындағы өзара іс-қимылды үдемелі дамытуды қолдады, сондай-ақ ҰҚШҰ Хатшылығына ЕҚЫҰ жобаларына сарапшылық деңгейде, мысалы, трансұлттық қауіптерге қарсы іс-қимыл проблемалары бойынша кеңінен тартылуды ұсынды.

ҰҚШҰ жұмыс органдарын заманауи ақиқаттарға бейімдеу бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, осы уақыт ішінде саяси шешім қабылданды және осы құрылымдардың қызметін оңтайландыруға бағытталған ҰҚШҰ Хатшылығының және Біріккен штабының реформасы іске асырылуда. Айталық, 2017 жылғы ҰҚШҰ Саммитінде «ҰҚШҰ Хатшылығының сандық құрамы және құрылымы туралы» және «ҰҚШҰ Біріккен штабы әскери қызметшілерінің квоталық лауазымдарын бөлу туралы» шешімдер қабылданды.

Осы реформаның шеңберінде, мысалы, ҰҚШҰ қызметін ақпараттық сүйемелдеу мәселелеріне елеулі маңыз беріледі. Мәселен, Хатшылықтың құрылымында жаңадан Ақпарат және жұртшылықпен байланыс бөлімі бөлінді, оның қызметінің басымдықтарының бірі әлемде ҰҚШҰ оң қызметін нығайту болып табылады.

ҰҚШҰ Біріккен штабын реформалау шеңберінде жұмыстың негізгі бөлігі ұжымдық қауіпсіздік күштері мен құралдарының әскери даярлығын және ұтқырлығын күшейтуге жұмылдыру болады.

Осылайша, ҰҚШҰ Хатшылығының және Біріккен штабының құрылымын оңтайландыру оларды Ұйымның шын мәнінде маңызды және практикалық мәні бар міндеттерін шешуге бағыттауға мүмкіндік береді.

***

Өткен 2017 жыл ҰҚШҰ үшін мерейтойлық жыл болды – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылған сәттен бастап 25 жыл өтті, ал Ұйымның өзі 15 жылдық мерейтойын атап өтті. Бүгінгі күнге ҰҚШҰ өзара іс-қимылдың барлық жақтары бойынша нормативтік құқықтық базаның да, сондай-ақ пысықталған практикалық механизмдердің де айтарлықтай жеткілікті жүгімен келіп отыр.

Сонымен бірге, Ұйым өз дамуының жаңа кезеңін Қазақстанның төрағалық етуімен бастауының өзінің қағидаттың маңызы және символдық мәні бар. Қазақстан Президенті ұсынған басымдықтар ҰҚШҰ дамуының ұзақ мерзімді негізін қалыптастырады, Ұйым жауапкершілігінің өңірінде ұжымдық қауіпсіздікті одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады.

ҰҚШҰ-ны одан әрі нығайту бойынша Қазақстан алға қойып отырған тәсілдемелер мүше мемлекеттердің өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығының барлық жақтарын үйлесімді және теңгерімді дамытуға ықпал етеді, дәстүрлі және туындайтын сын-тегеуріндер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жасаудың қолданбалы механизмдерін арттыруға мүмкіндік береді, осы Ұйымның халықаралық әріптестермен ынтымақтастығының жаңа сенімді арналарын жасауға көмектеседі.

Екінші жағынан, әр жыл сайын ҰҚШҰ және мүше мемлекеттермен ұлғая түскен ынтымақтастық Қазақстан үшін қауіпсіздік саласындағы көпжақты ынтымақтастықтың маңызды құралына айналуда. Тұрақты түрде өткізілетін жедел профилактикалық іс-шаралар мен нығая түскен механизмдер Қазақстанның және біздің өңір бойынша әріптестеріміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосады.



Қосылған : 12.04.2018, 19:25, Өзгертілген : 12.04.2018, 19:25