Жалғас Әділбаев "Елші Нәзір Төреқұлов және Кеңес Одағы мен Сауд Арабиясының қарым-қатынасының қалыптасуы"

ТАРИХ БЕТТЕРІНЕН

Жалғас ӘДІЛБАЕВ,

ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі

Елші Нәзір Төреқұлов және Кеңес Одағы мен Сауд Арабиясының қарым-қатынасының қалыптасуы

fnt.kz

Қазақ дипломатиясының тарихында ерекше із қалдырған, ұлтымыздың тұңғыш елшісі Нәзір Төреқұловтың өмірі, мемлекеттік және дипломатиялық қызметіндегі сара жолы егемен еліміздің тарихы үшін маңызы зор, тағылымы ерекше. Нәзір Төреқұлов өзінің тынымсыз іскерлігі мен жасампаздығы арқасында өзінің қысқа ғұмырында туған халқы мен Отаны үшін өшпестей із қалдырған тұлға /1/. Бұл мақала Нәзір Төреқұловтың 2017 жылы 125 жылға толуына арналған.

Н.Төреқұловтың саясаткер ретінде қалыптасуы 1915-1920 жылдарға – аса күрделі уақытқа келді. Осынау қиын, Орталық Азияның халқы үшін болашақ тағдырды айқындайтын кезеңде Нәзір Түркістанда жоғары партиялық қызметте болды. Қазақ қайраткерінің Түркістан халықтарының басын біріктірудегі де тарихи еңбегі орасан зор, ол осы кезеңде, Алматыда, Шымкентте, Қызылордада, Ташкентте, Бішкекте, Ашхабадта және басқа да ірі қалаларда көптеген оқу орындарын ашуға, баспасөз редакцияларын құрып, жаңа баспаханалар ашуға ат салысқан.

1922 жылдың соңында Түркістан Республикасының таратылуына орай, Н.Төреқұлов Мәскеу қаласына сапар шегіп, КСРО Орталық Атқару Комитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы қызметін адал атқарып, Кеңес Одағы басшылығының назарына түседі. Осыдан бастап, 1928 жылдан бері Н.Төреқұлов КСРО-ның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі өкілетті өкілі ретінде тағайындалып, дипломатиялық жолын бастайды.

Нәзір Төреқұловтың кандидатурасы жоғары деңгейде Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы (БК(б)П) Орталық комитетінің хатшылығында, Ұйымдастыру бюросында, тіпті Саяси бюро отырысында қаралып, Бас хатшы И.В. Сталиннің мақұлдауымен шешілген. Орталық Комитеттің кадр бөлімі бұл қызметке алдымен араб тілін жетік білетін Солтүстік Кавказда жұмыс істеп жүрген Умар Әлиевті ұсынған. Алайда, Сыртқы істер халық комиссариаты бұл лауазымға Нәзірді лайық көрген. Осы мәселеге байланысты Сталиннің атына арнайы хат жолданып, онда «мұсылман әлемі мен дүние­танымының аса білгірі, әрі Геджастағы біздің өкілдерімізден талап етілетін күрделі саясатты жүргізуге мейлінше бейім. Мароккодан Индонезияға дейінгі мұсылман әлемін толық шолып шығуға мүмкіндік беретін бұл қызметті атқаруға Төреқұлов жолдастың кандидатурасын дұрыс көріп отырмыз» деген ұсыныс жасап, оның бекітілуін табандылықпен қорғағаны талай нәрсені аңғартса керек. Сол жылдардағы КСРО басшылығының ислам жеріндегі өз өкілі ретінде, біріншіден, діннің барлық қалтарыстарын терең түсінетін, екіншіден, аса зиялы, білімдар мем­лекет қайраткерін саналы түрде таңдап алғаны қазақ дипломатиясы үшін айрықша мақтаныш деп айтуға болады.

Сонымен, болашақ Елшіні сол кездегі барлық «сүзгілерден» тексеріп өткізіп КСРО Орталық Атқару Комитеті Президиумының қаулысымен Нәзір Төреқұлов 1927 жылдың 15 желтоқсанында Геджас, Недж және қосып алынған аймақтар (ол кезде Сауд Арабиясы солай аталған) Корольдігіндегі дипломатиялық агент және Бас консул болып тағайындалады. Бірақта әр түрлі себептермен жаңа қызмет орнына 8 айдан соң ғана кіріседі.

Сол кездегі халықаралық жағдайға байланысты капиталистік дүние жақтырмай қабылдаған большевиктік өкімет пен билік басына жаңадан келген Сауд режимі бір-бірімен дипломатиялық қатынас жасауға мүдделі болды. КСРО өзін әлемге мойындатып, елдің Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы (Арабиядағы) саясатын жүргізгісі келгені белгілі. Хашемиттіктерді тақтан тайдырып, оның орнына келген Әбдел Әзиз әл-Сауд (осы күнгі Сауд Арабиясының негізін қалаған) Англияның әр түрлі арандату әрекеттерінен сақтану үшін Мәскеуден сүйеніш іздеп, оны таразының екінші басына қойды.

Ал ағылшындардың мақсаты Саудиямен шекаралас тайпаларды қайткен күнде Корольдікке қарсы қою, Саудтықтарды қалай дегенде өз билігіне көндіру тұрған еді. Ал Кеңес үкіметінің көздеген мақсаты Сауд елінің Шығыс елдерімен жақындаса түсуіне ықпал жасауы болғандықтан, Бас консул Н.Төреқұловқа келесі міндеттер жүктелді /2/:

- Ұлыбритания елінің араб елдерімен қарым-қатынасын халықаралық тұрғыдан бақылау;

- Сауд Арабиясының ішкі жағдайы, ондағы мекендеуші тайпалардың өзара қарым-қатынасы, үкіметтегі өзгерістер, олардың саяси мәні;

- Сауд Арабиясындағы Кеңес өкіметінің беделі, екі елдің сауда қатынастарының дамуы.

Абдел Азиз әл-Сауд Корольінің өзі Н.Төреқұловтың КСРО-ның дипломатиялық агенті мен Бас консулы ретінде тағайындалуы туралы М.И.Калининнің 1928 жылы 9 маусымдағы жарлығына кеңестік миссияның жаңа басшысы Сауд үкіметі мен Королінің жеке өз тарапынан «екі елдің арасындағы байланыстарды нығайту жолында барынша жақсы қарым-қатынасымен құрметке бөленеді», – деп жауап беруі Нәзірдің болашақта осы аймақтағы жүргізетін жұмысының рөлін көрсетеді.

Ел басшылығының қандай да күрделі тапсырмаларын орындауға әзірлігі, туындайтын мәселелерді шын мәнінде мемлекеттік тұрғыда шешуге ұмтылысы Н.Төреқұловты кеңестік алғашқы толқын дипломаттары арасындағы жарқын мамандардың бірі деуге негіз береді.

Н.Төреқұловтың Орталықпен жазысқан хаттарынан, күнделіктерінен, басқа да жазбаларынан кеңес елі мен сауд арасында сауда байланысы орнап, оның өріс алуына барынша күш салғаны байқалады. Сондықтан да ол мәселені әріден ойлап, жергілікті халық кеңес тауарларын көбірек сатып алып, тұтынатын болса, бұл ел туралы көзқарас жақсарып, КСРО-ның беделі өсіп, ықпалы күшейеді, басқа да қарым-қатынастарға даңғыл жол ашылады деп үміттенді. КСРО-ның Сыртқы істер халық комиссариатына жазған алғашқы хаттарының бірінде Н.Төреқұлов Шығыстану институтының студенттерін Хиджазға бір жылға тәжірибе жинақтауға жіберуді ұсынып, олардың тек араб әдеби тілін білуінің жұмысқа жеткіліксіз екенін дәлелдейді. «Құран тілінде бұл арада бір қорап күкірт те сатып ала алмайсың. Ал біздің оқу орындарында, бейнелеп айтқанда, арабисттерді емес, аруақтармен және періштелермен ғана сөйлесе алатын құранистерді даярлайды /3/", – деп істің мәнін нақты түсіндіреді.

Сегіз жыл бойы Кеңес Одағының Сауд Арабиясындағы лайықты өкілі болғаны сол заман үшін ерекше мерзім. Н.Төреқұловтың еңбекқорлығы, батыл ойы, Батыс елдерінің дипломаттарымен тіл табысу шеберлігі елінің басшылығымен қатар дипломатиялық әріптестерін де қайран қалдырғаны белгілі.

1932 жылы 26 ақпанда Мекке қаласында Н.Төреқұловтың Ханзада Фейсалға өзінің енді Елші ретінде сенім грамотасын тапсыру кезінде сөйлеген сөздерінің мәні мен мағынасынан өзара іш тарту және сенім деңгейлерінің аз ғана уақытта қатты өскенін аңғаруға болады. Сенім грамотасын қалай тапсырғаны жөнінде Нәзір өз күнделігінде: «Сағат кешкі 10-да (бұл рамаданға байланысты) корпус бойынша жарияланған тәртіптің барлық талаптарын сақтай отырып, қасыма Түйметов және әмір Халидбейдің адъютантының еруімен Қағбаның қарсы алдындағы «Хамидиеге» келдім. Құрметті қарауыл қойылған. Халық тамашалап көруге жиналған. Ауызғы бөлмесінде 3-4 минут кідірістен кейін сыртқы істер министрлігі шенеуніктерінің қатысуымен әмір Фейсалдың қабылдауында болдым. Екі тараптан сөз сөйленді, сосын сенім грамота тапсырылды. Бізге деген ерекше құрмет пен сыйластықтың белгісі ретінде менің грамотаны тапсыруым «Лялятил-Қадр» (Қадыр түніне) сәйкес орайластырылды. Мұсылмандардың нанымы бойынша бүгінгі түн аса қасиетті түн болып саналады /4/", – деп әңгімелейді.

Өзінің дипломатиялық қызметінде Н.Төреқұлов Сауд Корольдігіндегі барлық Елшілердің құрметті төрағасы – «дуайені» болғандығы, бұған қоса мұсылмандар үшін қасиетті күні сенім грамотасын тапсыруы және Меккеге кіретін жердегі жолда орнатылған ескерткіштің эскизінің жасалуына Н.Төреқұловтың қатысы болуы – екі елдің қарым-қатынасының қалыптасуына қосқан зор рөлін көрсетеді деп есептейміз. Бұл жөнінде ол Сыртқы істер халық комиссары М.Литвиновтың атына жазған хатында: «дипкорпустағы ағалық жол үшін ағылшындар жүргізген «тарихи тартыс» біздің пайдамызға аяқталды деуге болады… Ағылшын өкілі сэр Андрю Риан келісімен мәселе шешілді… Ресми салтанаттарда мен бірінші орынға, Риан – екінші, француз сенімді өкілі месье Мегрэ – үшінші, Айноль-Молк – төртінші орындарға отыратын болдық», – деп атап көрсеткен. Әркез паң, өздерін басқалардан жоғары санайтын, кеңес елімен антагонистік бағыттағы Еуропа елдерінің ерекше талантың мен дарының болмаса тектен-тек мойындап, құрмет көрсете бермейтіні әуелден белгілі.

Әрине, Н.Төреқұлов өз сөздерінде Корольдің отбасымен өзінің жеке қарым-қатынасын қадір тұтатынын ерекше айтуды жөн деп білген деуге болады. Бұл жерде кеңестік дипломаттың Корольдің ең ықпалды кеңесшілерінің бірі – Юсиф Ясинмен қатынасының маңыздылығын атап өту қажет. Бұған қоса, Сауд Арабиясының Сыртқы істер Министрінің міндетін атқарушы Фуад Хамза арқылы Король кеңесшісімен жақсы қатынас орнатып, бір-бірімен толық түсінісіп, алдымен Корольге ресми түрде жақындасқан, сосын екі тараптың байланыстары мен қарым-қатынасы жоғары деңгейге көтеріліп, Король сарайымен байланысты бекіте түсуі, Н.Төреқұловтың мұсылман болғандығының арқасы болды.Бұл жағдай Нәзірдің Меккеге емін-еркін барып келуіне жол ашып, екі жақты жақындастыра түсті деуге болады.

Өйткені, Әбділ Әзиз және оның төңірегіндегі мәртебелі кісілермен кездесу негізінен Меккеде өтіп, ондай «қасиетті» мекенге басқа діндегілердің баруына рұқсат етілмеді. Ал шынайы мұсылман Төреқұловқа мұндай шектеулер қойылған жоқ. 1933 жылы ол қажылыққа барды. Бұл турасында бұрын эмиграцияда болған, татар мұсылмандарының ұлттық қозғалысының көрнекті қайраткері Гаяз Исхаки былай дейді: «Меккенің көшесінде балға мен орақ бейнеленген қызыл туы бар автокөлік пайда болды. Онда екі адам отырды... Олардың бірі – Коминтерн мүшесі, Кеңес Одағының өкілі Нәзір Төреқұлов болатын. Сол жерде оның қажылыққа келгені белгілі болды. Ол өзгелер секілді қажылығын өтеді. Содан соң, Мәдинада жатқан Пайғамбарымыздың басына барды. Кеңес Одағының өкілдері «мұсылмандардың қажетіне» деп қаражат ала келіпті».

Бұның басты себебінің бірі, король сарайы негізінен Эр-Риядта және Меккеде болған, ал дипломатиялық корпус Жиддада орналасқандықтан батыс дипломаттары үшін Корольмен және сарай жанындағы беделді топтармен тікелей араласуға жағдай туылмаған болатын.

Өзге дипломаттарға қарағанда Нәзір Төреқұловтың тағы бір артықшылығы, оның араб тілін еркін меңгергендігі деуге толық негіз бар. Қоқандта алға білімі мен араб еліне Бас консул болып тағайындалған уақыттағы тілге бөлген ынтасы оның осы тілде еркін сөйлеуіне алып келді. «Мекке мен Жидда арасындағы Вада Фатижадағы салтанатты жиындарда дипломатиялық корпус атынан Н.Төреқұлов араб тілінде құттықтау сөздерін сөйлегендігін,оның тез арада араб тілін толық меңгеріп, аудармашылардың қызметінен бас тартуын айтуға болады. «Олай істемесем басқаша аударылады да, әңгімемнің мәні айдалада қалады», – деп жазғанын атап өткіміз келеді.Сауд Корольдігінің басшылары Кеңес Одағының олардың тәуелсіздігін бірінші болып таныған мемлекет екенін ұмытпай, ал бұл фактіні Нәзірдің ептілікпен жұмысында пайдалануы, оның дипломатиялық жұмыста өмірлік тәжірибесін, саясаткерлігін алға қойған мақсаттарды іске асыру барысындағы жұмысының жемісті болуына әсер етті.

Өкілетті өкіл де өз тарапынан риясыз қызмет етіп, монархтың отбасын және Корольдіктегі «кіл мықтыларды» өз жағына тарта білді. Ханзада Фейсалдың өзі келіп малярия (безгек) ауруынан емделген дәрігерлік амбулатория ашты, Ленинградтан арнайы маман шақыртып, Корольдің ат-Таиф қаласындағы жазғы резиденциясына күллі араб түбегінде тұңғыш рет монархқа Кеңес үкіметі сыйлаған автоматты телефон станциясын орнаттырып берді, жергілікті ақсүйектерге құранның көне қолжазбасы мен он екі кеселік шай сервизін, құлаққа киетін есіткіш аппарат, қауынның тұқымы сияқты әртүрлі сыйлықтар мен тарту-таралғылар алдыртып, сыйға тартты.

1930 жылы-ақ, сауда шарты жасалмаған кездің өзінде, Н.Төреқұлов Сауд режиміне кеңестік мұнай өнімдерін сату жөнінде қым-қуыт келіссөз жүргізді. Әңгіме 50 мың «жәшік» бензин, керосин сату туралы, оның себебі, бұл өнім елдің бір жылғы қажетін өтейтін еді, сөйтіп келіссөз сәтімен аяқталды. Бірақ бұл үшін Нәзірдің голландиялық «Шелл» және америкалық «Стандарт ойл оф Калифорния» компанияларының өршеленген қарсылығын еңсеруіне тура келді. Сауд жағы мұнай өнімдерінен басқа, КСРО-дан ағаш, ұн, күкірт, қант және мата сатып алуға тілек білдірді. «Бензин жөніндегі мәміленің» мықты саяси астары бар еді /5/. 1931 жылға қарай Корольге ықпал ету жолындағы әртүрлі топтардың тайталасы күшейе түскен болатын және бұл тайталас Сауд-Британ қатынастарының нашарлай түсуі жағдайында жүріп жатты. Бұған себеп Англияның Иорданияда Недж шекарасын бойлап бекіністер сала бастауы, ағылшын фирмаларының өздерін Хиджаз-Неджде сауда жасау құқығы нақ өздерінікі ғана екеніндей ұстау, Лондонның Араб Федерациясын құру жобасы еді.

Осы жағдайларға қарамастан, 1931 жылы 2 тамызда Нәзір мен ханзада Фейсалдың қатысуымен 150 мың доллардың бензині мен керосинін несиеге сату туралы шартқа қол қойылды. Бұл ағылшын ықпалына қарсы әрекет еді. Бұл шарттың жасалуындағы Н.Төреқұловтың еңбегін КСРО Сыртқы істер халық комиссарының орынбасары Л.Қарахан оған жазған көптеген хаттарында аса жоғары бағалап отырған.

Н.Төреқұлов Сауд үкіметімен келіссөзде, әрине, Кеңес үкіметінің көзқарасын, саяси тұғырнамасын берік қорғап отырған. Соның нәтижесінде Сауд үкіметі бұрынғы бірқатар талаптарын қайтып алды, саудадағы бұлжымай келген шектеулер толық алып тасталынды. Бұл туралы ханзада Фейсал кеңес елшісіне: «Ақыр соңында, бес жылғы даудан кейін Саудиядағы кеңес саудасы бағынуға мәжбүр болған, ылғи да Сауд-Кеңес қатынастарына қысым жасап, олардың қалыпқа түсуіне бөгет болып келген ерекше тәртіп ауыртпалығы еңсерілді», – деп хабарлады. Ал Корольдің өзі Меккедегі ордасындағы кездесуде Нәзірге өз саясатын былай тұжырымдайды: «Мен Кеңес өкіметінің көмегіне зәрумін. Мен әскери-саяси мәселелерде КСРО-ның қолдауына ие болғым келеді. Кеңестер маған басшылық жасап отырсын. Мен артымдағы барлық күш-қуатыммен Кеңестерге еремін». Демек, осының бәрінен шығатын қорытынды: Н.Төреқұловтың елшілік қызметінің тиімділігі мен кәсіби деңгейінің биіктігі ешқашан дау тудырмаған.

1932 жылы сол уақыттағы екі жақты Кеңес-Сауд қатынасының жоғары деңгейін білдіретіндей ірі оқиға орын алды. Сауд Арабиясының болашақ королі, 17 жастағы ханзада Фейсал КСРО-ға ресми сапармен келіп қайтты. М.Калинин, В.Молотов және Н.Крестинскийдің қатысуымен жүргізілген хаттамалық шаралар барысында екі тараптан да бір-бірлеріне деген шынайы достық пен адалдық туралы айтылды. Елді аралау барысында оған лауазымды адамдардан К.Е.Ворошилов еріп жүрді. Сапар кезінде Фейсал бастаған делегация зауыт-фабрикаларды, пионер лагерлерін аралап көрді. Үлкен театрда «Севиль шаштаразы» спектаклін, «Динамо» стадионында футбол ойынын тамашалады. Мәскеуден кейін олар Ленинградқа барды. Осындағы әйгілі «Красная звезда» зауыты ханзадаға АТС (Автоматты телефон станциясын) сыйға тартты. Бұл үшін ұлы мәртебенің көңілі кәдімгідей көтеріліп, кеңес еліне іші жылыды. Өкілетті өкілге деген құрметі бұрынғыдан арта түсті. Былай қарағанда, қарапайым-ақ өмірлік-тұрмыстық нәрсе сияқты. Бірақ, кейде осындай адами қарым-қатынас пен сый-сыяпаттың дипломатиялық, саяси-экономикалық және сауда-саттық байланыстарда шешуші рөл атқарып кететін кездері болады.

1933 жылы Сауд жағына көмек ретінде Хиджаз жерінен табылған минералдар үлгілерінің кеңестік зертханаларда зерттеліп қаралуы да Төреқұловтың араласуымен жүзеге асырылды /6/.

Алайда екі жақтың ынтымақтаса әрекет етуіне барын салып қызмет етіп жүрген Нәзірдің оптимизмге толы хаттарына Орталықтан 1936 жылдары салқын жауап келе бастайды. Н.Төреқұловтың жүргізген белсенді жұмыстары Орталық тарапынан лайықты бағасын алған жоқ, тіпті өкілетті өкілге берілетін нұсқаулар барынша қатқылдана және бейтараптандырыла түсті. Міне, осыларға қарағанда, кеңестік сыртқы саясаттың біржола батыстық бағытқа ойысқаны аңғарылғандай еді.

Ақыры соңында 1936 жылдың қаңтарында Н.Төреқұловты елге қайтарады. 1937 жылдың 3 қарашасында Н.Төреқұловты ату жазасы туралы үкім шығарылып, сол күні Мәскеуде орындалды. Сауд басшылығына жеткен бұл суық хабар Сауд Арабиясы Кеңес Одағының одан әрі бір де бір елшісін қабылдамауына ұласып, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың ұзақ мерзімге бұзылуына себеп болды. КСРО Жоғарғы Әскери коллегиясы 1958 жылдың 28 қаңтарында Нәзір Төреқұловтың ісін қайта қарап, дарынды дипломат толық ақталды. Бірақ сонда да қатыгез әділетсіздікке жол берген КСРО-ның басшыларына аса наразылық білдірген Сауд Арабиясы елу жылдан астам екі жақты дипломатиялық қатынастарды үзген болатын.

Бүгінгі күні Кеңес-Сауд қарым-қатынастарының, «алтын ғасыры» түбегейлі зерттелген. Кәсіби арабтанушылардың айғақтауынша, бұл зерттеу өз мақсатына жеткен. Осы істе «Нәзір Төреқұловты» Араб дүниесіндегі барынша ардақты Каирдың «Айн-шамс» университетінде аударуға ден қойған Сауд әл-Фейсалдың рөлі айқын аңғарылады. Кітаптың жай мазмұнын ғана емес, Төреқұловтың сыртқы істер халық комиссариатының басшылығымен жазысқан хаттарындағы астарлы ой оралымдары мен аса бай тіл өрнектерінің бәрі де араб тіліне шебер аударылған.

Мұсылман халықтарының жағдайларын жақсарту мақсатында 1929 жылы бүкіл Түркістан Республикасының көлемінде демалыс күнін жұмаға ауыстыру, ораза, құрбан айт сынды мұсылман халықтарының мерекелерін демалыс деп жариялауы өзінің кеудесін оққа тіккенмен бірдей еді. Өкінішке орай, Н.Төреқұловтың бұл бастамасын сол дәуірде жүзеге асыру мүмкін болмады. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Елбасының Жарлығымен мұсылмандар айты демалыс күні болып жарияланды.

Атақты қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, дипломат Нәзір Төреқұловтың елімізге, ұлтымызға сіңірген ерен еңбегі әлі күнге дейін зерттеліп, есімі аса құрметке ие болуда. Адал қызметінің арқасында қол жеткізген табыстары өз жұмысына, өз еліне деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі болып табылады. Нәзір Төреқұлов қазақ, өзбек, тәжік тілдерін “ана тілім" деп білген, татар, башқұрт, қырғыз, әзірбайжан тілдерінде оқыған, ағылшын тілін білген, аз уақытта араб тілін меңгерген полиглот, алған білімін іске жаратқан үлкен ғалым /7/.

Мақаламыздың тақырыбындағы Елші Нәзір Төреқұлов болмаса Кеңес Одағы мен Сауд Арабиясының қарым-қатынасы қалай қалыптасар еді деген түйінді сұраққа жауап беретін болсақ, Н.Төреқұловтың екі елдің арасындағы ынтымақтастықты орнату ғана емес, оны өте жоғары деңгейге көтерген еңбегіне ешкімінің күмәні жоқ деп тұжырымдауға толық негіз бар. Оның басты себебі, туғанына бір ғасырдан артық уақыт өтіп, оның өмірден өткеніне жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, Сауд Аравия елінің тарапы Нәзірді еске алу үшін биыл ғылыми конференция өткізу үшін ұсыныс көтеріп отырғандығын атауға болады.

Әдебиеттер тізімі:

1.П.Густерин, «Советская дипломатия на Арабском Востоке в 1920-30-х годах».Саарбюккен: LAP LambertAcademicPublishing, 2015, 76 бет.

2.Х.М. Тұрсұн, Г.Батырбекқызы «Нәзіртану негіздері», Шымкент қ., 2017 ж., 156 п.

3.http://islam.kz/kk/articles/islam-jane-tulga/qazaqtan-shyqqan-tungysh-diplomat-nazir-de-qurandy-jatqa-bilgen-1336/#gsc.tab=0

4.https://egemen.kz/article/160317-oekiletti-oekil

5.Т.Мансуров, А.Сыздыков «Назир Тюракулов – полпред СССР в Королевстве Саудовской Аравия (1928-1935 гг.)», Москва, Русский раритет, 2000 г., 541-548 бет.

6.В.В.Наумкин, «Советская дипломатия в Хиджазе: первый прорыв в Аравию», Москва, 1997, 276 бет.

7.Ж.Арыстанов, «Естен кетпес есімдер» - Алматы, 1972 ж., 57 бет.


Қосылған : 12.04.2018, 20:25, Өзгертілген : 12.04.2018, 20:25