ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахмановтың Үкіметтік сағаттағы «Қазақстан Республикасының 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігінің басымдылықтары туралы» тақырыбына сөз сөйлеуі

Құрметті Владимир Карпович!

Құрметті депутаттар!

Сіздермен «Үкімет сағаты» форматындағы алғашқы кездесудің барысында еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы басымдықтарын талқылау мен үшін зор мәртебе.

Бұл кездесуіміздің Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігінің 25 жылдығы аясында өтуі өте маңызды. Еліміздің 1992 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып енуі Тәуелсіздігімізді әлемдік қауымдастықтың тануының аяқталуын білдіретін елеулі белес болып табылады.

Тарихи қысқа мерзімде Қазақстан өзінің тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен БҰҰ-ның қағидаттарын, құндылықтарын дамытуға, кең-байтақ Еуразия кеңістігінде ғана емес, сонымен бірге жаһандық ауқымда да бейбітшілікті, қауіпсіздікті және дамуды нығайтуға елеулі үлес қосты.

Тұрақты даму, ядролық қарусыздану және экономикалық интеграция, өркениеттер диалогы, бітімгершілік, адам құқығы, трансұлттық тегеуріндер мен қауіп- қатерлермен күрес – жаһандық дискурстың қай саласын алмасақ, Қазақстан пікіріне бәрі де құлақ асады.

Жаһандық трансформацияның жағдайларында біздің еліміз Елбасының саясаты арқасында заңды түрде әлемдік қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементі, әлемнің барлық елдерімен байсалды сыртқы саясаты, сындарлы әрі сенімді байланыстары бар халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі болып табылады.

Біздің бүгінгі кездесуіміздің Қазақстанның үшінші Жаңғыруының басталуы аясында өтуінің айрықша маңызы бар. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігіміз жас мемлекеттің сыртқы саяси стратегиясын жүзеге асырудың ширек ғасырлық қорытындысы. Сонымен бірге бұл Қазақстанның әлемдік аренадағы сапалық жаңа мәртебесіне ие болуының дәлелі. Осы ретте біз Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысын Жалпыұлттық жоба ретінде қарастырамыз.

Барлық қазақстандықтар сияқты, біз де Мемлекет басшысы бастамашылық танытқан конституциялық реформаны талқылаудың барысын зер сала бақыладық. Қазақстан Парламенті 2017 жылғы 6 наурызда қабылдаған және Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын толық қолдаймыз.

Біз биліктің заң шығару тармағының жаңа сапасын Қазақстанның сыртқы саяси мүдделерін ілгерілету жұмысына, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қызметінің аясында пайдалануға ниеттенеміз.

Сөз жоқ, еліміздің БҰҰ ҚК-не сайлануы сондай-ақ барлық мемлекеттік органдардың, ұжымдық күш-жігеріміздің қорытындысы болып табылады. Осыған орай Мемлекет басшысының және бүкіл халқымыздың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлауда жеңіске жетуіне қосқан елеулі үлестеріңіз үшін Сіздерге, құрметті депутаттар, шынайы алғысымды білдіру мен үшін үлкен мәртебе.

Бірқатар депутаттардың Мемлекет басшысының Арнайы уәкілдері ретінде жұмысына және ел Парламентінің климаттың өзгеруі туралы Париж келісімі сияқты елеулі жаһандық келісімдерді ратификациялауына және депутаттық корпустың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігі мәртебесінің мәнін біздің қоғамға түсіндірге зор үлес қостыңыз. Сіздердің ықпалдарыңыз үшін Сіздерге тағы да біздің ризашылығымды білдіргім келеді.

Екі жылда барлық мемлекеттік органдардың үйлесімді іс-әрекетін қажет ететін күрделі, көп еңбекті талап ететін жұмыс күтіп тұр. Сіздердің көмектеріңізбен бұл органдағы өз миссиямызды лайықты орындап шығамыз деп үміттенемін.

Құрметті халық қалаулылары,

Қауіпсіздік Кеңесі БҰҰ-ның 6 басты органдарының бірі болып табылады, оған халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қолдау көрсету бойынша басты жауапкершілік жүктелген. Кеңестің 15 мүшесі бар, олардың 5-і тұрақты Ұлыбритания, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және БҰҰ Бас Ассамблеясы екі жылдық мерзімге сайлайтын 10-ны тұрақты емес мүшесі.

Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері міндеттеуші күшке ие және БҰҰ мүше мемлекеттердің барлығы орындауы тиіс.

ҚК-нің күн тәртібі негізінен Африкадағы дау-жанжалдар мен Таяу Шығыстағы жағдайға, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруларын таратпау, терроризмге қарсы күрес, қарулы қақтығыстар проблемалары, бітімгершілік пен бейбітшілікті қолдау тақырыптарына арналған 53 белсенді және 15 «ұйқылы» елдік және өңірлік мәселелерден тұрады.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 30-дан астам көмекші органдары бар, олардың жұмысына басшылық мүше елдердің арасынан белгіленеді.

Қазақстанның беделі мен салмақты қызметтік тізбесін назарға ала отырып, бізге ҚК-нің Ауғанстан/Талибан (Комитет 1988), ИЛИМ/ДАИШ/Аль-Каида (Комитет 1267/1989/2253) және Сомали/Эритрея (Комитет 751/1907) комитеттеріне төрағалық жүктелген.

Қазақстан 2017 жылдың 1 қаңтарында өзінің жауапты миссиясына кірісті. Бүгінде Қауіпсіздік Кеңестегі жұмыс толық қарқынмен жүріп жатыр және қазақстандық делегация ҚК-нің барлық күн тәртібінін қарастыру мәселелерге белсенді түрде қатысуда.

10 қаңтарда БҰҰ ҚК-нің ашық пікірталастарында Президент Н.Ә. Назарбаевтың Арнайы «Қауіпсіз, әділ және әлем құру үшін жаһандық серіктестікті нығайтудағы Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты саяси үндеуін таныстырдым.

Бұл үндеу ҚК-нің бүкіл мүшелері арасында үлкен қызығушылық туғызып, әріптестеріміздің арасында жақсы пікір айтылды, нәтижесінде бұл құжат БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас ассамблеясының ресми мәртебесіне ие болды.

Президенттің үндеуінде БҰҰ ҚК-дегі біздің жұмысымыздың жеті басымдықтары көрсетілген.

Мемлекет басшысының стратегиялық көзқарастары мен оның сыртқы саяси бастамаларын іске асыру ҚР делегациясының БҰҰ-дағы жұмысының негізі мақсаты болады. Қазақстан өзінің мүшелігін БҰҰ тарихында алғаш рет Қауіпсіздік Кеңесінде өкілдік ететін еліміз бен өңіріміз үшін тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуда көрініс табатын ұлттық мүдделерімізді ілгерілету үшін пайдалануға ниеттенуде.

Өз жұмысымызда біз Мемлекет басшысының әділ әрі бейтарап жұмыс істеу туралы нұсқауларын толық басшылыққа алып, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудың бірінші кезектегі маңыздылығын ескереміз. Қауіпсіздік Кеңесінің барлық мүшелерімен теңқұқықтық негізде әріптестік орнаттық, олардың арасындағы сенімді қалпына келтіріп, нығайтуға, келісімге қол жеткізіп, татуластықты қалыптастыруға ықпал етіп жатырмыз.

Сіздерді әр басымдық бойынша жасалған және жоспарланған жұмысымызды қысқаша таныстыруға рұқсат етіңіз.

1.Ядролық қарудан азат әлем құруға қол жеткізу

Ядролық бестіктің кез келген шешімдерге вето салуға ие бола алатын Қауіпсіздік Кеңесінің өзгешелігі, ядролық қаруға қарсы күрес тақырыбын белсенді түрде ілгерілетуге айқын шектеулерді қояды.

Біз Қауіпсіздік Кеңесінің алаңын ядролық қарусыздану мен таратпау жөніндегі өз ой-пікірімізді ілгерілету үшін барынша пайдаланамыз.

Біз КХДР жөніндегі Комитеттің жұмысына белсенді қатысамыз, оның ядролық-ракеталық бағдарламасы бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін ең елеулі сын-қатерлердің бірі болып табылады. Осымен бір мезгілде, Қазақстанның Иран ядролық бағдарламасы проблемасын шешуге назарға ала отырып, Қазақстан Иран жөніндегі Комитеттің жұмысына белсенді қатысуда.

2.Жаһандық және өңірлік деңгейдегі әскери текетірестің дәрежесін азайту арқылы жаһандық соғыстық алдын алу және оны толайым жою

Мемлекет басшысы өзінің «Әлем.ХХІ ғасыр» Манифесінде атап көрсеткеніндей мәселелерді реттеудің құралы ретінде соғыстардан бас тарту ХХІ ғасырдағы мемлекеттік қарым-қатынастардың императиві болуы тиіс.

Өкінішке қарай, әлемдегі күш-қолдану мен тұрақсыздықтың өрши түскенін байқап отырмыз. БҰҰ-ның мәліметтері бойынша, 2008 жылдан бері бастап трансұлттық күштер рөлінің артуы арқылы дау жанжалдардың саны іс жүзінде үш есе артқан. Әскери іс-әрекеттердің нәтижесінде босқынға айнаоғандардың саны 60 млн. адамнан артып жығылды, ал 2017 жылға гуманитарлық қажеттіліктердің көлемі жылына 23 долларды құрайды.

Осыған байланысты Ауғанстандағы, Сириядағы, Ирактағы және Азияның, Таяу Шығыстың басқа да жанжал аймақтарында және Африкадағы жанжалдарды бұлжымайтын саяси реттеу ұстанымы тұрғысынан қарастырамыз.

Одан басқа, Қазақстанның бітімгершілік әлеуеті мен Президент Н. Назарбаевтың қызметінің жоғары сұранысқа иелігін сеніммен айтуға болады. Қазақстанның Сирия дағдарысын реттеу жолдарын іздестірудегі рөлі жоғары бағалануда. ҚК мүшелері іс басындағы режим мен әскери оппозиция арасындағы диалогты, Сириядағы оқ атуды тоқтату режимінің нығаюын, Сириядағы келісімнің сақталуы үшін мониторингтің үшжақты тетігін жасауды атап өтуде, Астана алаңы мен мемлекетіміздің Басшысы рөлінің арқасында Мәскеу, Тегеран және Анкара оның кепілдері болып отыр.

Бітімгершілік жүйесін жетілдіру және іс жүзіндегі үлесімізді арттыру жөніндегі жұмыс жеке трек ретінде жүруде.

ҚР Парламентінің мандатына сәйкес, 2014 жылдан бастап әскери байқаушыларымызды БҰҰ-ның Батыс Сахара мен Кот д'Ивуардағы миссияларына жіберу тәжірибесі басталды, онда 11 адам қызмет жасады. Қазіргі кезде Батыс Сахарада 4 бақылаушы қызметін жалғастыруда.

Осымен бір мезгілде құқықтық база құрылды – 2015 жылғы маусымда «Бітімгершілік қызмет туралы» ҚР Заңы қабылданды.

Сөз жоқ, барлық аталған жұмыс Конституция мен «Бітімгершілік туралы» ҚР Заңында жазып көрсетілгендей, ҚР Парламентімен тығыз іс-әрекет арқылы жүзеге асырылатын болады.

3.Орталық Азияда бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму жөніндегі өңірлік аймақ үлгісін құру

БҰҰ-ның ҚК алаңында Орталық Азияның мүдделерін ілгерілетуді өзіміздің негізгі міндетіміз деп білеміз. Бұл органда БҰҰ-ның бүкіл тарихында алғаш рет өкілдік етеді. Өңірді «бейбітшілік, ынтымақтастық және қауіпсіздік аймағына» айналдыру мақсатында өңір үшін өңірлік қауіпсіздіктің маңызды проблемаларын көтеруге ниеттіміз.

4.Халықаралық терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизмге қарсы күрес

Терроризм және оған жан беретін радикалды, экстремистік идеология бүкіл халықаралық қауымдастық үшін ең күрделі сын-тегеуріндерінің бірі болып табылады.

Қазақстан терроризммен, оның барлық түрлерімен күресті барынша қолдайды. Осы ретте бүкіл халықаралық қауымдастықтың бірлескен және үйлестірілген күш жігері ғана әсерлі болатынына сенімдіміз. Осыған байланысты БҰҰ бастамасымен Жаһандық терроризмге қарсы коалицияның құрылуы аса маңызды шара болып табылады.

Осыдан басқа ДАИШ/Аль-Каида және Талибан жөніндегі комитеттеріндегі төрағалығымыз Мемлекет басшысының терроризмге қарсы бастамаларын ілгерілету және терроризммен күреске практикалық үлес қосу үшін БҰҰ ҚК алаңын кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.

Сіздің назарыңызды терроризмге қарсы БҰҰ-ның 19 конвенцияның қалған төртеуін ратификациялаудың қажеттілігіне аударғым келеді. Өз кезегінде бұл Мемлекет басшысының террорға қарсы бастамаларын іске асыру жұмысын кеңінен жүргізуге саяси құқық береді.

Инвестициялар және даму министрлігі ҚР-ның төрт халықаралық құралына қосылу үшін мемлекетішілік келісу рәсімдерін жүргізіп жатыр:

халықаралық азаматтық авиацияға қарсы заңсыз актілерге қарсы күрес; әуе кемелерін заңсыз басып алу; теңіз кеме қатынасының қауіпсіздігі; әуе кемелерінің бортындағы құжаттар бар.

Осы құжаттарды ратификациялау бойынша барлық заң жобаларын ҚР Үкіметі Парламентке енгізгеннен кейін шұғыл түрде қабылдауға сіздің қолдауыңызды сұраймын.

5.Африка континентінде ұлттық татуласу әрі бейбітшілікті қалпына келтіру бойынша халықаралық күш-жігер жұмсау

Африкаға байланысты бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері БҰҰ ҚК күн тәртібінің 70 пайызға дерлік бөлігін құрайды.

Осы ретте, Қазақстаның Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы кезіндегі жетістік факторларының бірі Африка континеті тарапынан алған қолдау болып табылады.

Африкалық әріптестеріміз қазақстандық дипломатияның Африка мүйізі, сондай-ақ бүкіл құрлықта ұлттық татуласу және бейбітшілікті қалпына келтіру бойынша халықаралық жігерге үлес қосатынына сенім білдіре отырып, Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің Сомали/Эритрея жөніндегі комитетіндегі төрағалығының нәтижесі болуын күтеді.

6.Бейбітшілік, қауіпсіздік пен дамудың бір-біріне байланыстылығы: соғыс пен жанжалдардың алдын алу, адам құқықтарын қорғау, Орнықты даму мақсаттарын іске асыру, климаттың өзгеруіне қарсы күрес бойынша бірлескен шаралар

Қауіп-қатерлер мен дағдарыстардан сақтауға бағытталған «Алдын алу дипломатиясы» ұранын басшылыққа алып, көбіне қақтығыстардағы әскери шешімнің жоқтығы мен оларды шешу мәселелерінің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда назарға ала бейбітшілік, қауіпсіздік және дамудың ажырағысыз байланысы («Security-Development Nexus») қағидасын жан-жақты дамыту қажет деп есептейміз. Осы тұрғыда тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) сәтті жүзеге асыру маңызды мәселеге айналып келеді.

Қазақстанның стратегиялық бағдарламалық құжаттары, ең алдымен «2050 Стратегиясы», БҰҰ мақсаттарын болжайды және жаһандық басымдылықтарға сәйкес келеді.

ТДМ тақырыбы бейбітшілік пен қауіпсіздіктің маңызды элементі болып табылады.

Қазақстан ТДМ-нің 2015 жылы қабылдануының қарқынды жақтаушыларының бірі болды, оның жүзеге асырылуы біздің азаматтарымыздың өмір сапасының жақсаруына және Орталық Азия өңіріндегі әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалын тигізеді. ЭКСПО-ны өткізу және оның базасында БҰҰ жасыл технологияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталықты орнату Мақсаттардың жаһандық және өңірлік деңгейде жүзеге асырылуына Қазақстаның нақты үлесі болар еді.

Жаһандық және ұлттық мақсаттардың синергиясы ТДМ нақты көрсеткіштерінің ұлттық және мемлекеттік бағдарламаларға дәйекті түрде интеграциялау жолымен қамтамасыз етіледі.

СІМ БҰҰ Даму бағдарламалары ұйымымен бірлесіп Парламент Мәжіліс депутаттары және аппарат қызметкерлері үшін Қазақстанда ТДМ-ді жүзеге асыру бойынша семинарды ұйымдастыруға дайын.

7.Кеңес пен бүкіл БҰҰ жүйесін XXI ғасырда адамзатқа төнген қауіп-қатерлерге бейімдеу

БҰҰ мүше мемлекеттердің басым көпшілігі бүгінгі күнгі қатерлерге жауап бермейді. Көпшілік мәселелерде қайшылықтардың болуына қарамастан, Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа конфигурациясы қандай болса да, ол нәтижелі, оның алдында тұрған қауіп-қатерлерге жұмыс жасау керектігі бойынша жалпы түсіністік бар.

Осы ретте өңірлік ұйымдардың, әсіресе ұжымдық қауіпсіздік ұйымдарының рөлі өсуде.

Қазақстан, ШЫҰ және ҰҚШҰ мүшесі ретінде және Батыс пен Шығыс арасында барлық тараптар және өңірлік ұйымдар арасында тең диалог негізінде көпірді орнатуға қол сермеп жатып, ҚК-дегі мүшелігін осы құрылымдардың арасында сенімді күшейту үшін қолданбақ.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына өзіміздің ой-пікір мен тәжірибемізді қосуға ниеттіміз. Сондай-ақ ашық, адал және саяси жағдаятынсыз, жауапты, ақылмен және конструктивті жұмыс істейміз.

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2018 жылғы қаңтар айындағы ротациялық төрағалығы ҚР-дың БҰҰ ҚК-гі тұрақты емес мүшелігінің шарықтау шегі болады. Төрағалықтың түйінді мәселесі Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша БҰҰ-ның құжатын қабылдау болады (қарар, Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының мәлімдемесі). Төрағалық басталғанға дейін Кеңес мүшелері мен ҚР үшін қызығушылық тудыратын мәселелерді келісу және пысықтау жөнінде жұмыс жүргізілетін болады. Төрағалықтан кейін қол жеткен уағдаластықтарды жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізілетін болады.

Құрметті депутаттар,

2017-2018 жылдары БҰҰ ҚК-дегі мүшелігіміздің кезінде СІМ орталық аппарат пен шетелдегі аппарат басшылары мен қызметкерлерінің қатарынан мақсатты топ құрылған (Task Force). Қауіпсіздік Кеңесі күн тәртібінің елдік және тақырыптық мәселелері бойынша шешім қабылдау алгоритмі дайындалды. Күн тәртібінің барлық тармақтары бойынша толық құжаттамалар мен ұстанымдар әзірленген.

Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысқа шектеулі арнайы мәселелерді пысықтау үшін мүдделі министрліктер мен ведомстволардың сарапшылары тартылды.

Сонымен бірге, басымдықтағы мәселелер бойынша ҚР тиісті құзырлы органдары, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі, кейбір министрліктер басшыларының және сөзсіз ҚР Парламенті мүшелерінің қатысуы мүмкін.

Бүгінгі таңда Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарына өздерінің тақырыптары бойынша ҚР Қауіпсіздік Кеңесі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері қатысты. Отырыстарға депутаттардың қатысуы қажет болған жағдайда СІМ Парламтентті алдын ала ақпараттандырады және тиісті іс-шараға қатысу бойынша ұсыныстар береді.

Маңызды мақсат – ХХI ғасырда әлемді қауіпсіз, әділ және өркениетті етуге жету бойынша біздің ортақ жұмысымызда Сіздің қолдауларыңызға сүйенеміз.

Назарларыңызға рақмет!

Сұрақтарыңызға жауап беруге дайынмын.

Қосылған : 13.03.2017, 09:45, Өзгертілген : 13.03.2017, 13:45