​Дүниежүзілік жастар форумында Қазақстанның сыртқы саяси бастамалары туралы баяндалды

Бұл күндері Египет Араб Республикасының президенті Абдель Фаттах Ас-Сисидің қамқорлығымен Мысырдың Шарм эль-Шейх қаласында жыл сайынғы Дүниежүзілік жастар форумы өтуде.

Аталған іс-шараға әлемнің 146 елінен 5000-нан астам адам қатысуда. Форумның құрметті қонақтарының арасында Палестина Президенті, Бахрейннің мұрагер ханзадасы, белгілі саяси және қоғам қайраткері Н. Манделаның немересі және түрлі елдердің үкіметтері және министрліктерінің басшылары бар. Қазақстандық делегацияны Қоғамдық даму Вице-министрі Берік Арын басқаруда.

Форумның ашылуында Египет президенті Абдель Фаттах Ас-Сиси құттықтау сөз сөйледі. Ол Дүниежүзілік жастар форумы әлемнің түкпір-түкпірінен келген жастарға заманауи әлемнің өзекті мәселелерін, білім беру, ғылым және технология саласындағы жастар бағдарламаларын іске асыру перспективаларын талқылауға, әлемнің түрлі мемлекеттерінің жастар саясатының табысты тәжірибесін таныстыруға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

Өз кезегінде, Б. Арын "Бейбітшілікті құрудағы және қолдаудағы әлемдік көшбасшылардың рөлі" тақырыбындағы бірінші панельдік сессияда сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың әлемдік бейбітшілік пен келісімді құрудағы ерекше үлесін атап өтті. Атап айтқанда, Вице-министр қатысушыларды Ұлт көшбасшысының Семей ядролық сынақ полигонын ерікті түрде жабуының жаһандық ядролық тарихқа тигізген оң әсері, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесін құру мен Терроризмнен бос бейбітшілікке қол жеткізу үшін мінез-құлық кодексіне қол қою, “Әлем. XXI ғасыр " манифесті мен өзге де тың жобалары Форум қатысушыларының назарына салынды.

Сонымен қатар, Вице-министр өркениетаралық және дінаралық келісімнің әлемдік үнқатысу трибунасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін шақыру туралы Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасын саралап, Еуразия жүрегі Астанада 2003 жылы өткен бірінші Съезден бергі тарихи қысқа мерзім ішінде аталған шараның әлемдік деңгейдегі бейбіт халықаралық қатынастарды қалыптастырушы механизмге айналғанын атап өтті. Атқарылған жұмыста Египет басшылығының тұрақты қолдағаны үшін аса ризашылық білдіріліп, ү. ж. 10-11 қазанда өткен "Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін" атты VI Съезд жұмысына белсенді және жемісті қатысқаны үшін әл-Азхардың жоғарғы имамы Шейх Ахмад ат-Тайебке алғыс айтылды.

Шара аясында Қазақстан делегациясының басшысы Египет Президентімен, ЕАР-ның Жастар және спорт, Сыртқы істер, Инвестициялар және халықаралық ынтымақтастық министрлерімен, Кения Республикасының Мемлекеттік қызмет істері, Жастар және гендерлік мәселелер жөніндегі министрі Маргарет Кобиямен, сондай-ақ форумға қатысушы елдердің мемлекеттік қызмет басшыларымен кездесулер өткізіп, екіжақты байланыстарды дамыту жолдарын талқылап, мемлекеттік жастар саясатын құру тәжірибесімен алмасты. Іс-шара жұмысына қазақстандық жастар да белсене қатысып, өз жобаларын әлемнің түкпір-түкпірінен келген форум қатысушыларына таныстырды.

Қосылған : 5.11.2018, 18:55, Өзгертілген : 5.11.2018, 18:55