Қазақстан Президентінің Арнайы Өкілі – Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Камалдинов Араб Мемлекеттері Лигасының Бас хатшысы Ахмед Әбүлгейтпен кездесті

2017 жылғы 9 тамызда Мысырға жұмыс сапары барысында ҚР Президентінің Арнайы өкілі – Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов Араб Мемлекеттері Лигасының Бас хатшысы Ахмед Әбүлгейтпен кездесті.

Кездесу барысында А. Камалдинов Лиганың араб үмбетінің басын қосудағы және қазіргі уақытта араб елдері арасындағы өзара қатынастарға қатысты өмірлік мәселелерді шешудегі маңызды рөлін атап өтті. Сонымен қатар, ол Қазақстанның аталған Ұйымда бақылаушы ретінде өзекті халықаралық мәселелер бойынша әрекеттерді үйлестіру және форумдар мен іс-шараларға қатысу мақсатында делегациялар алмасу бойынша өзара ықпалдастықты жандандыру ниетін білдірді.

Арнайы өкіл Бас хатшыға Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ислам әлемін жаңғырту мәселелерін шешуге арналған, 2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Астана қаласында ИЫҰ Ғылым және технологиялар жөніндегі Бірінші Саммитін өткізу жөніндегі бастамасының маңыздылығы туралы баяндап берді.

Осы орайда, ол мұсылман елдері арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтың мәселелерін алға жылжыту және біздің әріптестігімізді жаңа сапалы деңгейге көтеру мақсатында Араб Мемлекеттері Лигасының аталған іс-шараға қатысуы маңызды екенін ерекше атап өтті.

Президентіміздің тағы бір бастамасы – Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құруға қатысты, Лига бұл ізгі және маңызды Ұйымды құру бойынша қазақстандық бастамаға қолдау көрсетеді деген тілек білдірілді.

Сондай-ақ, кездесу барысында Палестина, Сирия, Йемен аймақтық мәселелер бойынша пікір алмасылды.

А. Әбүлгейт Қазақстан мен Лига арасындағы ынтымақтастықты жандандыру қажеттілігін тілге тиек етті. Осы орайда, ИЫҰ Ғылым және технологиялар жөніндегі Бірінші Саммитіне Араб Мемлекеттері Лигасының жоғары деңгейде қатысатынына сендірді. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құру бастамасын Лига шеңберінде алға жылжытатынын растады.

Бас хатшы Қазақстанның аймақтық мәселелер бойынша ұстанымына ризашылығын білдірді. Атап айтқанда, Сирия бойынша Астана процесі Араб Мемлекеттері Лигасының толық қолдайтынын жеткізіп, Елбасының қан төгуді тоқтатуға бағытталған бастамасына үлкен баға берді.

Қосылған : 10.08.2017, 15:00, Өзгертілген : 10.08.2017, 15:00