Суды пайдалану мәселесі Қазақстан мен Швейцарияның басты назарында

19 маусымда Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Швейцария Сыртқы істер федеральді департаментінің (министр) басшысы Дидье Буркхальтермен кездесті.

Қ. Әбдірахманов Швейцария Қазақстанның ең ірі сауда және инвесициялық әріптестерінің бірі болып табылатынын назарға ала отырып, екі ел арасындағы саяси және экономикалық әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтті, 2016 жылы екіжақты сауда айналымы 2,8 млрд. долларды құраған.

БҰҰ аясындағы өзара ынтымақтастыққа байланысты Қ.Әбдірахманов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-інші сессия барысында жариялаған, халықаралық құқық қағидаттарын қайта растау жөніндегі конференциясын шақыру, БҰҰ мүше мемлекеттердің қорғаныс бюджеттерінің 1 пайызын БҰҰ даму қорына аудару және Жаһандық антитеррористік желіні (коалиция) қалыптастыру бастамаларының өзектілігін атап өтті.

Д. Буркхальтер Қазақстанның халықаралық алаңдағы, соның ішінде Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі астаналық процесс шеңберіндегі рөлін жоғары бағалады. Оның айтуынша, Швейцария өңірдің кең ауқымды мәселелері, сондай-ақ Орталық Азияда су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесі бойынша Қазақстанмен белсенді ынтымақтасуға дайын.

Сол күні Астанада Қазақстан мен Швейцарияның сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Орталық Азия елдері мен Швейцария сарапшылары қатысатын, «Орталық Азиядағы су әлемі: 2030 жылға арналған күн тәртібі – су қауіпсіздігі және өзара тиімді өсім» атты 3-інші халықаралық конференциясында сөз сөйледі.

Қ. Әбдірахманов атап өткендей, Орталық Азия қазіргі таңда өңірдегі және жалпы әлемдегі көптеген проблемаларды бірыңғай майданмен шешуге тырысуда. «Біз су ресурстарының проблемалары бойынша өңірдегі диалогтың оң серпінін байқаудамыз және бұл мәселеде айтарлықтай тәжірибесі бар Швейцарияның осы үдеріске қосылуын қолдаймыз», – деп айтты ол.

Судың жетіспеушілігі ең ірі он жаһандық сын-қатерлердің бірі болып есептеледі. Осыған орай, Қазақстанның басты мақсаттары: суды үнемдейтін технологияларды пайдалану есебінен халықты және өнеркәсіпті су ресурстарымен қамтамасыз ету, су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыру және судың экологиялық жүйелерінің қауіпсіздігіне кепілдік беру.

Д. Буркхальтер өз сөзінде Еуропаның көптеген өзендерінің суағары Швейцариядан бастау алатыны туралы айтып, Орталық Азия мемлекеттерімен су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыру мәселесі бойынша өз тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін білдірді.

«Біз үдеріске талдау жасауға, саяси диалогты жандандыруға және өңірдегі су мәселелерін шешуде жәрдем етуге ниетімізді білдіреміз», – деп атап өтті Швейцария сыртқы саясат ведомствосының басшысы.

Швейцария мен Орталық Азия елдерінің қатысуымен болған су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі конференциялар 2014 жылы қарашада Базелде және 2016 жылы қыркүйекте Алматыда өткен.

Д. Буркхальтер «ЭКСПО-2017» көрмесінде Швейцария павильонын аралап көрді.

Қосылған : 19.06.2017, 19:55, Өзгертілген : 19.06.2017, 19:55