Владимир Воронков. Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібінің кодексі

Владимир ВОРОНКОВ,

Біріккен Ұлттар Ұйымы

Терроризмге қарсы күрес басқармасы

Бас хатшысының орынбасары

Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібінің кодексі

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының

70-сессиясының жалпы дебатында сөз сөйлеуі.

Нью-Йорк қ., 2015 жылғы 28 қыркүйек (Akorda.kz)

Терроризм бүкіл әлемдегі адамзатқа әсер ететін күрделі ғаламдық проблема болып қалуда. Террористік топтардың заманауи технологияларды теріс пайдалану сияқты жаңа үрдістер қоғам үшін тұрақты қауіп төндіруде. Біз өз тарапымыздан бірдей дәрежеде бейімделген болуға тиіспіз және үкіметті, халықаралық ұйымдарды, азаматтық қоғамды және жеке секторды қамтитын көп жақты тәсілдемені пайдаланатын коалиция құру аса маңызды.

Маусымда Бас Ассамблея 2006 жылдан бері алтыншы рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Жаһандық терроризмге қарсы стратегиясына шолу жасады. Нәтижесінде Біріккен Ұлттар Ұйымының және оның мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы бағытталған күш-жігерлерін келесі екі жылға белгілейтін қарарды (A/RES/72/284) қабылдады.

Стратегия терроризмге қарсы төрт бағыт бойынша тиімді күресу үшін мүше мемлекеттерге қажетті шаралар кешенінен тұрады, атап айтқанда:

1)Терроризмнің таралуына ықпал ететін жағдайларды жою шаралары.

2)Терроризмді алдын алу және оған қарсы күрес шаралары.

3)Мемлекеттердің терроризмді алдын алу және оған қарсы күрес бойынша әлеуетін нығайту, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің осы мәселедегі рөлін күшейту шаралары.

4)Терроризмге қарсы күрестің іргелі негізі ретінде адам құқықтарын және заң үстемдігін жалпыға ортақ құрметтеуді қамтамасыз ету шаралары.

2018 жылғы 28 және 29 маусымдағы шолудың нәтижесінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Нью-Йорк қаласында тарихта алғаш рет мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы күрес жөніндегі ведомстволары басшыларының жоғары деңгейдегі бірінші конференциясын өткізді. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты терроризмге қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту болды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылдың қыркүйек айында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-інші мерейтойлық сессиясында ұсынған «Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібінің кодексін» қабылдау туралы бастамасы халықаралық қоғамдастықтың терроризмге жол бермеу және терроризмге ықпал ететін зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу ісіндегі ынтымақтастығын одан әрі күшейтеді.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-інші сессиясының аясында 2018 жылы 28 қыркүйекте БҰҰ-ның штаб-пәтерінде жоғары деңгейдегі арнайы іс-шара форматында терроризмнен азат әлемге қол жеткізуге бағытталған Тәртіп кодексіне қол қою рәсімі өтті. 70-тен аса елдің сыртқы істер министрлері мен жоғары өкілдері Кодекске қол қойды.

Қауіпсіздік Кеңесіне 2017 жылдың қаңтар айында кірген уақыттан бері Қазақстан терроризмге қарсы күресті қоса алғанда, қазіргі заманның бейбітшілік пен қауіпсіздіктің ең өзекті жаһандық мәселелерін шешуде маңызды рөл атқарды. Тәртіп кодексінде Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен терроризмге қарсы жаһандық коалицияны құруға шақыру қамтылған. Ол Қауіпсіздік Кеңесінің көптеген қарарларының негізгі элементтерін көрсетеді және Конвенцияға қол қойған елдерді өңірлік және ұлттық жоспарларды әзірлеу және іске асыру арқылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Жаһандық терроризмге қарсы стратегиясының барлық төрт негізін кешенді және үйлестірілген түрде жүзеге асыруға міндеттейді.

Бұл бастама көп жақты әріптестікті ілгерілетудегі, синергияны қалыптастырудағы, терроризмге қарсы шараларды жүзеге асырудағы және халықаралық, өңірлік және субөңірлік деңгейлерде озық тәжірибемен алмасудағы пайдалы қадам болып табылады.

Бүгінгі таңда 70-тен аса мемлекет Тәртіп кодексіне қол қойды. Бұл халықаралық қоғамдастықтың ынтымақтастықты нығайтуға және осы бастаманы жүзеге асырудағы Қазақстанның миссиясын қолдауға деген ұмтылысын көрсетеді. Басқа да халықаралық және өңірлік бастамалармен қатар бұл болашақта терроризмге қарсы тиімді күресуге мүмкіндік береді.




Қосылған : 21.12.2018, 11:25, Өзгертілген : 21.12.2018, 11:25