Владимир Норов. «ШЫҰ кеңістігі бұрынғыдан да тартымды бола түсті»

Владимир НОРОВ

«ШЫҰ кеңістігі бұрынғыдан да тартымды бола түсті»

- Құрметті Владимир Имамович, Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі даму деңгейін қалай бағалайсыз? Ұйымның өңірлік қауіпсіздік саласындағы рөлі қаншалықты өсті?

- ШЫҰ қысқа уақыт аралығы ішінде көп жақты ынтымақтастықтың тиімді механизмін көрсете алғаны және оның сенімгерлік диалог пен тең құқықты әріптестіктің берік платформасы ретінде орныққаны дау туғызбаса керек.

Бүгінде ШЫҰ 3,2 миллиардан асатын халқымен Еуразия аумағының 60 % астамын алып жатыр, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер жиынтығында бүкіл әлемдік ЖІӨ-нің төрттен бір жуығын өндіреді.

Өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп алмай, тұрақты дамуға қол жеткізу мүмкін емес. ШЫҰ бұл бағытта кешенді жұмыс жүргізуде және ол өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдаудағы маңызды факторға айналып отыр.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығының негізіне бірлескен қызметті жоспарлы және жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік беретін нормативтік-құқықтық құжаттар кешені жатады. Практикалық жұмыс ШЫҰ-ның Өңірлік антитеррористік құрылымының базасында жүргізіледі, ол терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимылда айтарлықтай нәтижелерді көрсетіп келеді, атап айтқанда, ШЫҰ мүше мемлекеттердің аумақтарында осы «үш жауыздық күштер» көріністерін анықтау, олардың алдын алу мен жолын кесу, олардың туындауы мен таралуының себептері мен шарттарын жою, сондай-ақ идеологияларының таралуына және насихатталуына қарсы іс-қимыл жасау бағытындағы шаралар іске асырылуда.

ШЫҰ жастарды террористік, сепаратистік және экстремистік топтардың қызметіне тарту ұмтылыстарына қарсы іс-қимыл жасау мәселелерінде күш біріктірудің ерекше маңыздылығын мойындайды. Террористік идеологияны тарату мен насихаттауға, сондай-ақ Интернет желісі арқылы адамдар тартуғақарсы күреске ерекше назар аударады.

ШЫҰ есірткілерге қарсы жаһандық күреске де айтарлықтай үлес қосуда. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 2018-2023 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясы, оны іске асыру жөніндегі Іс-қимыл бағдарламасы, сондай-ақ 2018 жылғы маусымда Циндаодағы ШЫҰ Саммитінде қабылданған есірткі құралдары мен психотроптық заттарды теріс пайдаланудың алдын алу жөніндегі ШЫҰ тұжырымдамасы Ұйымға мүше мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіруге арналған шешуші құралдар болып табылады.

Соңғы бес жыл ішінде ШЫҰ мүше мемлекеттердің құзыретті органдары бүкіл Еуразия аумағында тәркіленген барлық героин мен марихуананың 40% жуығын алғанын атап өткіміз келеді, бұл ШЫҰ-ның есірткілердің заңсыз айналымына қарсы күрестегі үлкен мүмкіндіктері мен әлеуетінің бар екендігін куәландырады. ШЫҰ сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдармен, бірінші кезекте БҰҰ-ның мекемелерімен және институттарымен, атап айтқанда, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен есірткіге қарсы тректегі өзара іс-қимылды дамытуға айрықша маңыз береді.

ШЫҰ сонымен бірге ауғанаралық диалогты ілгерілетуге жәрдемдесуге бағытталған жұмысты да жүргізіп келеді. Бұл тұрғыдан алғанда «ШЫҰ – Ауғанстан» байланыс тобының қызметі жандана түсті. Соңғы жыл ішінде топтың Мәскеу, Бейжін және Бішкек қалаларында отырыстары өткізілді. Қазіргі уақытта Байланыс тобының одан арғы іс-қимылының Жол картасы әзірленуде.

ШЫҰ шеңберінде қауіпсіздік саласындағы тиімді ынтымақтастықтың барынша маңызды көріністерінің бірі 2003 жылдан бастап ШЫҰ елдерінде тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан «Бейбіт миссия» антитеррористік оқу-жаттығулары болып табылатындығын атап өткім келеді.

Тұтастай алғанда, қауіпсіздік саласындағы тиімді өзара іс-қимылдың арқасында ШЫҰ өңірібаянды тұрақтылыққа ие болып отыр деп сеніммен айтуға болады.

- Ұзақ жылдар бойы сарапшылар қоғамдастығында ШЫҰ-ның экономикалық құрауышы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың деңгейінен әлдеқайда төмен дамуда деген пікір қалыптасқан еді. Бүгінде ШЫҰ барған сайын экономикалық бағдарға көбірек мән беруде деп айтуға бола ма?

- Әлбетте, ШЫҰ-ға барлық мүше мемлекеттер Ұйымның үйлесімді дамуына мүдделі. Бастапқы кезеңде ынтымақтастықтың саясат және қауіпсіздік саласының басым болғанын тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдау қажеттігімен түсіндіруге болады, «үш жауыздық күштерге», есірткі трафигі мен басқа да сын-тегеуріндерге және қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі тиімді ынтымақтастық өңірдегі тұрақты дамуға елеулі түрде кепілдік берген еді.

Бүгінгі таңда ШЫҰ кеңістігі ауқымды тұтынушылық нарығымен, бай табиғи ресурстарымен, сондай-ақ алдыңғы қатарлы өндірістік қуаттарымен сипатталады және ірі трансшекаралық жобаларды және жаңа идеяларды іске асыру тұрғысынан барынша перспективалы болып табылады, өйткені ол тұрақтылығымен, серпінді дамуымен және ұдайы пайда болып отыратын жаңа мүмкіндіктерімен ерекшеленеді.

ШЫҰ мүшелерінің ұлттық экономикаларының жалпы мөлшері әлемдік ЖІӨ-ның 20%-ынан астамын құрайды. Халықаралық валюта қоры 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 35% жетеді деп болжап отыр. Осындай серпінмен ШЫҰ мүше елдердің экономикасы 2025 жылға қарай 38-40% дейін артуы мүмкін. Қазіргі кездегі әлемдік экономикадағы өзгермелі тенденцияны ескеретін болсақ, мұндай өсу қарқыны зор үміттерге жетелейді. Осы фактілер біздің Ұйымымызда қаншалықты зор мүмкіндіктердің бар екенін көрсетеді. Әлемдік нарықтағы құбылмалы жағдайды және жаһандық ауқымдағы өсіп отырған протекционизмді пайымдағанда, ШЫҰ шеңберінде бірлесіп жұмыс істеудің қаншалықты қажет екенін түсінуге болады.

Циндаодағы ШЫҰ Саммитінде мүше мемлекеттердің басшылары ШЫҰ шеңберінде тауарлардың, капиталдардың, көрсетілетін қызметтер мен технологиялардың еркін қозғалысын біртіндеп жүзеге асыру мақсатында сауда және инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасау қажеттігін бірауыздан қолдады.

Осыған байланысты, Сауда рәсімдерін оңайлату бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданды. ШЫҰ Циндао Саммитінің құжаттары пакетіне шағын және орта кәсіпкерлікті ынталандыру, кедендік өзара іс-қимыл, туристік саланы дамыту, азық-түлік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі шешімдер де кірді.

Сондай-ақ қазіргі кезде Көп жақты сауда-экономикалық ынтымақтастық кешенді бағдарламасының жаңа редакциясын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Сауда, инвестициялар, инфрақұрылым объектілерін салу, көлік, ауыл шаруашылығы, байланыс және коммуникациялар салаларында қолайлы жағдайлар жасау процестерін одан әрі қарқындату оның маңызды міндеттеріне айналады.

ШЫҰ мұше мемлекеттердің өңірлері арасындағы өзара іс-қимылды ынталандыру бұл тұрғыдағы жаңа бағыт болады. Осы мақсаттарда ШЫҰ мүше мемлекеттердің өңіраралық ынтымақтастығын дамыту бағдарламасы әзірленуде, сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өңірлері басшыларының форумы құрылатын болады.

- ШЫҰ экономикалық құрауышы Қытайдың «Бір Белдеу – бір Жол»бастамасымен қаншалықты байланысты?

- «Ұлы Жібек жолы» тарихын қазіргі Еуразия өңірінің халықтары ғасырлар бойы қалыптастырды. Оған трансқұрлықтық сауда маршрутын қалыптастыруға және оның бойында тұрып жатқан барлық халықтарды бірлесіп дамытуға ықпал еткен көп ұлтты мәдениеттер дәстүрі мен мықты сауда байланыстары өзек болды.

Бүгін де Жібек жолының әлемдік өркениетті дамытудағы рөлі мен маңызын бағаламаудың мүмкін болмайтыны даусыз. Ол біздің заманымызда да аса өзекті және қажет болып отырған адамдардың өзара қарым-қатынасы мен өзара тиімді ынтымақтастығының аса бай тәжірибесі. Нақ сондықтан да Қытай төрағасы Си Цзиньпин мырзаның «Бір Белдеу – бір Жол» бастамасы бүкіл әлем бойынша зор қызығушылық пен қолдауға ие болып отыр.

ШЫҰ елдері өңірде қарқын алып отырған ауқымды экономикалық бастамадан тыс қала алмайды. Тиісінше, көптеген мүше мемлекеттер өздерінің ұлттық даму стратегияларын «Бір Белдеу – бір Жол» бастамасымен үйлестіру бойынша шаралар қабылдады және олар өңір елдерінің әлеуетін пайдалану, сөйтіп ШЫҰ кеңістігінде кең, ашық, өзара тиімді және тең құқықты әріптестік қалыптастыру идеясын қолдайды. ШЫҰ мүше мемлекеттердің арасында «Бір Белдеу – бір Жол» шеңберінде іске асырылатын жобалардың саны бойынша бірінші орынды Қазақстан иеленді.

Тұтастай алғанда, «Бір Белдеу – бір Жол» бастамасын экономикалық дамудың ұлттық стратегияларымен үйлестіру жөніндегі ынтымақтастық теңіз порттарына тікелей шығу және өңірді Шығыстан Батысқа және Солтүстіктен Оңтүстікке транқұрлықтық магистральдарының аса ірі торабына біріктіру жөніндегі стратегиялық міндетті шешу үшін кең перспективалар ашады.

- Астанадағы, Циндаодағы және Бішкектегі ШЫҰ саммиттері әсіресе халықаралық БАҚ-та белсенді түрде жарияланды. Халықаралық БАҚ тарапынан да, халықаралық қоғамдастық тарапынан да Ұйымға деген белсенді түрде өсіп отырған назардың сыры неде деп ойлайсыз?

- Қысқа да, нұсқа да жауап берейін! Ол Ұйымның беделі мен тартымдылығының артқаны.

ШЫҰ қызметінің негізгі қағидаттары – түсінікті әрі ашық және олар өзара сенімге, теңдікке, өзара тиімділікке, тең құқықтылыққа, өзара консультацияларға, мәдениеттердің көп түрлілігіне деген құрметке және бірлесіп дамуға деген ұмтылысқа негізделген «шаңхай рухын» білдіреді.

Осының бәрі өңірдегі және әлемдегі ШЫҰ тартымдылығынан, Ұйымға қосылғысы немесе ондағы өз мәртебесін арттырғысыкелген елдер санының артуынан, оның басқа халықаралық бірлестіктермен өзара іс-қимылының кеңеюінен көрініс табады.

ШЫҰ-ның халықаралық аренадағы рөлінің арта түсетіні анық, өйткені әлем халқының, аумақтың, табиғи және экономикалық ресурстардың елеулі бөлігі ШЫҰ мүше мемлекеттеріне тиесілі.

- Ұйымға Үндістан мен Пәкстан қосылғаннан кейін ШЫҰ белгілі бір шамада күшейе түсті. Сіз осы кеңеюді қалай бағалайсыз?

- ШЫҰ ашықтық қағидатын дәйектілікпен іске асырды, сондықтан өз қатарына Үндістан мен Пәкстанды қабылдады. Ұйым барлық параметрлері бойынша әлемдегі ең ірі трансөңірлік бірлестікке айналды, ШЫҰ кеңістігі нақты экономикалық жобаларды іске асыру және жаңа идеяларды ілгерілетутұрғысынан бұрынғыдан да тартымды бола түсті.

Үндістан мен Пәкстанның ШЫҰ-да ортақ түйісу нүктелері мен ұқсас басымдықтары бар, ол ШЫҰ елдерінің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының қамтамасыз етілуінен, өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдаудан, сондай-ақ кешендік сын-тегеуріндер мен қауіптерге қарсы бірлескен іс-қимылдан көрінеді.

Үндістан мен Пәкстанның 12 жыл бойы Ұйым қызметіне бақылаушылар ретінде белсенді түрде қатысқанын ұмытуға болмайды, бұлоларда ШЫҰ-ға кіруінің алдында жеткілікті ұзақ дайындық кезеңі болғанын көрсетеді.

2018 жылғы маусымда Циндаодағы тарихи саммитте қабылданған құжаттар мен шешімдердің қомақты пакеті ШЫҰ-ның жаңа форматтағы бірлескен және тиімді жұмысының нақты нәтижесі болып табылады.

- Ұйымның перспективада АСЕАН, АМЛ, ЕҚЫҰ және басқа да өңірлік бірлестіктермен диалогының дамуы мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

- АСЕАН-мен және ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастық туралы қолданыстағы құжаттардың негізінде тығыз әріптестік қатынастарды қолдаймыз. Қауіпсіздік, терроризмге және экстремизмге, қару-жарақ және есірткілердің заңсыз айналымына қарсы күрес мәселелері бойынша нәтижелі диалог жүргізудеміз.

Тұрақты жұмыс істейтін органдардың қызметіне өзара қызығушылық білдіреміз, тәжірибе алмасамыз, әріптестеріміздіңжұмыс істеу әдістерін зерделейміз.

Ағымдағы жылғы ақпанда Джакартадағы АСЕАН-ның штаб-пәтеріне сапармен бардым. ШЫҰ және АСЕАН географиялық жағынан бір-бірімен көршілес аса ірі өңірлік ұйымдар болып табылады. Сапар жаңа сын-тегеуріндер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жасау, өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сауда-экономикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге жәрдемдесу мәселелері бойынша ұстанымдар мен көзқарастардың ұқсастығын көрсетті.

ШЫҰ мен ЕҚЫҰ-ның ұқсас міндеттері мен мақсаттары бар, екі ұйым да терроризмге, есірткі трафигіне, ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл жасайды, президенттік және парламенттік сайлауларға бақылауды жүзеге асырады.

Наурызда мен Вена қаласында ЕҚЫҰ Бас хатшысы Томас Гремингермен кездесу өткіздім, ол еуразиялық кеңістіктегі ортақ сын-тегеуріндер мен қатерлерді ескере отырып, ЕҚЫҰ-ның ШЫҰ-мен ынтымақтастығын нығайтуға деген мүдделілігін растады.

23 сәуірде Мәскеуде ШЫҰ, ТМД және ҰҚШҰ жоғары әкімшілік-лауазымды тұлғаларының дәстүрлі формат шеңберіндегі кездесуі болып өтті. Үш жақты кездесудің барысында: қауіпсіздік пен дәстүрлі және жаңа сын-тегеуріндер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл; сауда-экономикалық өзара қызмет; гуманитарлық сала мен мәдениет саласындағы ынтымақтастық бағыттары бойынша байыпты пікір алмасу болды.

Өзара мүдделілік пен өзара іс-қимыл перспективаларының негізінде АМЛ-мен әріптестік қатынастар орнату туралы мәселе қарастырылуда.

- ШЫҰ Ұйымның 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясын қабылдады. Осы Стратегияның мазмұндық бөлігі туралы егжей-тегжейлі айтып берсеңіз және ол қазіргі сәтте қаншалықты тиімді іске асырылуда?

- ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясы Ұйымды одан әрі дамытудың бағдарлары мен параметрлерін айқындайды. Құжатта халықаралық және өңірлік жағдайдың дамуының перспективалары, сондай-ақ ШЫҰ-ның өзінің қызметін, оның өңірдегі және әлемдегі рөлін бағалау, оның халықаралық қатынастардың басқа субъектілерімен қарым-қатынасы қамтылады.

Стратегияда мынадай мақсаттар айқындалған:

- мүше мемлекеттердің арасындағы өзара сенім мен тату көршілікті нығайту;

- ШЫҰ-ны толық форматты тиімді өңірлік ұйым ретінде нығайту;

- өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою мәселелерін қоса алғанда, қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздігіне төнетін сын-тегеуріндер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жасау;

- сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды, сондай-ақ мүше мемлекеттерді ұдайы дамыту, олардың халықтарының әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында ынтымақтастықтың басым бағыттарындағы бірлескен жобалау қызметін тереңдету;

- ғылым мен техника, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, білім беру салаларын қоса алғанда, мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ адамдар арасындағы байланыстарды дамыту;

- Хартияға және Ұйымның басқа да нормативтік-құқықтық құжаттарына сәйкес ШЫҰ-ның ашықтығы қағидатын дәйектілікпен іске асыру;

- БҰҰ-мен және оның мамандандырылған органдарымен, сондай-ақ ТМД, ҰҚШҰ, АСЕАН, ЭЫҰ, АӨІСШ және басқа да халықаралық ұйымдармен және бірлестіктермен ынтымақтастықты арттыру.

Қазіргі кезде ШЫҰ-ның бүкіл қызметі көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу қажеттігіне арналады және Ұйым жұмыс істеп тұрған 29 механизм шеңберінде тиісті жұмыс жүргізуде.

- Құрметті Владимир Имамович, мазмұнды және қызықты сұқбатыңыз үшін алғысымызды білдіреміз және Сізге өңірлік интеграцияның осындай «үлкен кемесінің» рулінде сәтті де жемісті нәтижелер тілейміз!

Гүлсана Төлепбергенова

_______________________________________________________

АВТОР ТУРАЛЫ. Владимир Норов – Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы. Заң ғылымдарының кандидаты.

Әр жылдары Өзбекстанның мемлекеттік басқару жүйесінде жоғары саяси лауазымдарда болды.

Өзбекстан Республикасы Президентінің Мемлекеттік кеңесшісі (1997-1998 жылдар).

Өзбекстанның Германиядағы Елшісі (1998-2003 жылдар), Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары (2003-2005 жылдар, 2011-2012 жылдар), Бельгиядағы Елші (2004-2006 жылдар, 2013-2017 жылдар).

Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі (2006-2010 жылдар).

Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының директоры (2017-2018 жылдар).

Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесі бар.

Өзбекстан Республикасының «Мехнат Шухрати» орденімен марапатталған (2003 жылы).

Қосылған : 13.06.2019, 11:25, Өзгертілген : 13.06.2019, 11:25