​ҚР СІМ-де ірі америкалық корпорациялар басшыларының қатысуымен бизнес форум өтті

14 маусымда Сыртқы істер министрлігінің алаңында General Electric, Coca-Cola, Pfizer, MasterCard, Citi, Dell EMC, EBRD, IBM, Autodesk және басқа да ірі америкалық корпорациялар басшыларының қатысуымен Қазақстандық-америкалық бизнес форум өтті.

Форумға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қайрат Әбдірахманов Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестіктің ілгері дамуын атап өтті. Ол Қазақстанның шет елдермен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын ілгерілету бойынша Сыртқы істер министрлігі жүргізіп жатқан жұмыс туралы әңгімеледі. «Қазақстанға шетелдік инвестицияларды тарту экономикалық дипломатияны іске асыру тұрғысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев алдымызға қойған маңызды міндеттердің бірі болып табылады және біз ірі америка бизнесіне инвестициялық қызметті Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ тұтастай өңірде кеңейту үшін қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді министр.

Түрлі салаларда қазақстандық-америкалық сауда-экономикалық өзара іс-қимыл жасау перспективалары, инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі реформалар, жекешелендіру бағдарламалары, «ЭКСПО-2017» инфрақұрылымын пайдаланудың одан кейінгі жоспарлары туралы, сондай-ақ Қазақстандағы нақты экономикалық жобалар туралы америкалық бизнес капитандарына Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Денсаулық сақтау министрі Ержан Біртанов, Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев, «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқарушы Қайрат Келімбетов, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мақсат Қабашев және басқалары айтып берді.

Форумды ұйымдастырушылар АҚШ-тың жетекші бизнес-құрылымдарының бірі – Халықаралық өзара түсіністіктің іскерлік кеңесі (Business Council for International Understanding), сондай-ақ Қазақстанның Вашингтондағы Елшілігі және АҚШ-тың Астанадағы Елшілігі болды. Іс-шараның негізгі мақсаты – машина жасау, денсаулық сақтау, құрылыс және ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және басқалары сияқты экономиканың басым секторларындағы жобаларға қатысу үшін америкалық компанияларды тарту.

Америкалық бизнесмендердің Қазақстанда болу бағдарламасына «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін аралау, қазақстандық бизнес өкілдерімен келіссөздерге және 15-16 маусымда Астана экономикалық форумына қатысу да кіреді.

Қосылған : 14.06.2017, 17:35, Өзгертілген : 14.06.2017, 17:35