​Гамбургте Қазақстан экономикасы күні өтті

ГАМБУРГ, 2019 жылғы 4 ақпан – Германияның ең ірі портты қаласында Жібек жолы неміс бастамасы Федералды кеңесінің (BVDSI) ұйымдастырушылық қолдауымен Гамбург Сауда палатасы және Германиядағы Қазақстан Елшілігі бірлесіп, «Қазақстан экономикасының күні» және «Жаңа Жібек жолы: Қазақстан басты экономикалық кеңістік ретінде» атты бизнес форум өткізді.

Қазақстанның Германиядағы Елшісі Болат Нүсіпов, BVDSI Президенті Ганс ван Хельдорф, ҚР-дың Гамбургтегі Құрметті консулы Йоханн Киллингер, сондай-ақ Германияның орта және шағын бизнес өкілдері қатысқан іс-шарада подиумдық талқылау мен Қазақстанның Еуразия құрлығындағы интеграциялық процестер аясындағы экономикалық және логистикалық хаб ретіндегі маңыздылығы туралы қызу пікір алмасу орын алды.

Одан басқа, форум барысында «Азияның қазіргі заманғы саяси-экономикалық рөлі», «Қазақстан Ресей, Еуроодақ және Азия арасындағы экономикалық көпір ретінде», сондай-ақ «қазақстандық және қытайлық құрылыс мегажобалары» тақырыбында Цюрих қолданбалы ғылым университетінің профессоры Карл Пильный, SOLVECON INVEST консалтингтік компаниясының бас сарапшысы Фолькер Хельмайер және атақты неміс сәулетшісі Вольквин Марг баяндама жасады. «КТЖ Экспресс» ұлттық компаниясының өкілі Ален Джангозин жиналғандарды мысал ретінде «Белдеу және жол» бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан әйнек зауытының құрылысы жобасымен таныстырды.

Қазақстан мен Жібек жолы бойында орналасқан барлық мемлекеттер арасындағы экономикалық, инвестициялық, көлік-транзиттік және логистикалық ынтымақтастықты арттыру келешегі, сондай-ақ еліміздің Еуроодақпен өзара қарым-қатынасын одан ары нығайту талқылаудың арқауы болды.

Гамбургтегі форум аясында Б.Нүсіповтің Еуропадағы аса ірі мыс өндіруші «Aurubis AG» компаниясының Басқарма төрағасы Юрген Шахлермен және вице-президенті Кристоф Конигпен, «BUSS Group» логистикалық компания басшылығы, «Deutsche Bahn» ірі теміржол операторы, сондай-ақ Германияның шағын және орта бизнес өкілдерімен екіжақты кездесулері өтті. Кездесулер қорытындысы бойынша тараптардың нақты жобаларға оңтайлы түрде жетелейтін инвестициялық және көліктік-логистикалық ынтымақтастықты жандандыруға қатысты өзара ұмтылысы расталды.

Қосылған : 5.02.2019, 12:05, Өзгертілген : 5.02.2019, 12:05